Оқушылар арасында әлімжеттік өршіп тұр

Оқушылар арасында әлімжеттік өршіп тұр

Кейінгі кезде балалар арасында бір-біріне психологиялық қысым көрсету көбейіп кетті. Терминмен айтсақ, бұл – буллинг. Бұрындары әлімжеттік көрсету, ұрып-соғу оқиғаларымен бетпе-бет келетінбіз. Қазір жасөспірімдер бір-біріне әлеуметтік желі арқылы «шабуылдап», сыныпта шеттетумен шектеледі. Ал мұның өзі балаға таяқ жегеннен де ауыр соққы. Айналып келгенде, аталған соққыға шыдас бермегендер өз-өзіне қол жұмсайды. Мемлекеттік органдар «өткен жылы балалар ара­сындағы суицид төмендеді» дегенімен, бұл мәселенің шешім тапқанын білдірмейді.

Буллинг дегеніміз не?

ЮНИСЕФ келтірген де­рек­­­терге мән берсек, елімізде 11 жас­­­тан 15 жасқа дейінгі әрбір бе­­сінші жасөс­пірім буллинг құр­банына айналады. БҰҰ жүргізген зерттеуде респуб­­ликамыздағы балалардың дені сәби күнінен кемсітуге тап болатыны көрсетілген. Жалпы, буллинг «қор­­­қыту» деген мағына білдіреді. «Көзің сығыр, бойың аласа, р әрпіне тілің келмейді» деп мазақтаудың өзі – буллинг. Иә, мұндай сөздерді кез келген жас­өс­пірім естиді. Тіпті, бас­­­­­­тауыш сы­ныптан тағылған айдар жоғары сыныпта да соңыңнан қал­­мауы мүмкін. Алайда бұған мән бермей, психологтердің тілімен айт­­­қанда, өз-өзін қабылдаған бала артық әрекетке бармайды. Ал мазақ сөз­дерге, кемсітуге шыдамаған бала оқиғаның соңын қайғылы жағ­даймен аяқтайды. Жоғарыда бұрындары әлім­­жеттік көрсету, ұрып-соғу фактілері жиі кездесетінін жаздық. Қазір әскердегі жігіттердің арасында да күш көрсетуден гөрі ортадан шет­­тету барын естиміз. Яғни, азаматтар топтасып, өздерінше ақылдасып, бір адамды тұқыртады. Ол келе жатқанда айтқан әңгімесін тоқ­­­­татып, елемей, тілдеспей қояды. Мұндайдан шаршаған бала психо­­­логиялық күйзеліске түсіп, не іс­­­терін білмейді. Бұл – бір ғана мысал. Қоғамда мұндайдың та­­лайын кез­дестіресіз.

Кемсітуге неге құмармыз?

Мәселен, жақында Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев 12 жастағы оқушының сыныптастарынан қысым көріп, артынша өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді. Деректерге қарағанда, оқушылардың футбол командасы бірнеше ойында ұтылған. Сөйтіп, кінәні аталған баладан іздеп, оған футбол ойнай алмайтынын айтып, мазақ еткен. Ал 2019 жылы Ақтөбеде 8-сы­­­­нып оқитын бала өз-өзіне қол сал­­­­ды. Ол оқиға болған күні сабаққа толық қатысқан. Мектеп басшы­­­­лығының айтуынша, ақжар­қын бала болған. Алайда анасы оның ішкі сырын бүгіп қалатынын жет­­­кізген. Өйткені бала ауылдағы сы­ныптастарынан «жетімсің» де­генді жиі естігесін, анасымен бірге қалаға көшкен. Мүмкін қаладағы мек­­тептегі жағдай да жеткіншектің көңілінен шықпаған болар, кім білсін? Одан бөлек, былтыр Батыс Қазақстанда 11 жастағы бала өз-өзіне қол жұмсады. Әкесі жыл бұ­рын қайтыс болған. Анасы жұмыс істемейді, жәрдемақымен кү­нел­теді. Оқиға болған кезде По­­­лиция де­партаменті жан-жақты тергеу жүргізетінін хабарлаған. Бірақ БАҚ-та тергеу нәтижесінің қалай аяқ­талғаны туралы мәлімет жоқ. Осы орайда психологтер балаға көмек көрсете алатын ата-аналар екенін айтады. Буллингпен күрес жүргізген кезде алдымен ата-ана­ларды тарту керегін нұсқайды. «Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайы жиі кез­­­деседі. Олар қарсы тараптан жы­­лу, көңіл бөлінуін күтеді. Негізі, бала жағдайдан бәрінің хабардар болуын қалайды. Мысалы, «Менің атым Қожа» фильмін еске тү­­­­сі­­рейікші. Сонда Қожа жұрттың, әсі­­­­ресе ана­­­сының көңілін өзіне аудару үшін өлуге шешім қабыл­дайды әрі соны елестетеді. Бұл – қоғамның шын­­­дығын бейнелеген режиссер мен сценаристің ше­­бер­­­лігі. Иә, әлі күн­ге мәселе ак­­­­туалды. Ата-ана­ларға айтарым, баланың көңіл күйін ба­қылап, ой бөлісіп, ішкі дүние­­сімен та­­­­­­ны­сыңыздар», – дейді пси­хоана­литик Анна Құ­диярова. Ата-аналар нені аңғаруы керегін сұрарсыз. Буллингке тап болған баланың алдымен мінез-құлқы өз­­гереді. Екіншіден, осыған сай са­бақ үлгерімі нашарлап, көп нәрсеге зау­қы соқпайды. Яғни, қатар­­­лас­тарынан кемсіту көріп, мазаққа қал­ған бала өз-өзін баға­­­лауды қоя­ды. Асқа зауқы соқпай, көңіл кө­теруден қалады. Арты депрессияға ұласуы мүмкін. Осындайда ата-ананың инстингі белгі беріп, іске кірісуі қажет. Алайда «саған тиіскен кім ол? Директорға қоңырау ша­ламын, екі аяғын бір етікке тыға­мын» дейтін үйреншікті жекіру­ден аулақ болыңыз. Бірінші, ұл-қы­зыңызбен үлкен адаммен сөйлес­кендей тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтаңыз. Артынша сы­нып жетекшісі мен балаңыздың жақын достарын әңгімеге тартқан абзал. Егер шу шығарып, істі дабыра қылсаңыз, қатарластары жасөс­пірімді одан сайын «қудалауы» мүм­кін. Есіңізге түсіріңізші, сіз де мектепте таяқ жегенде арыз жаз­байтынсыз. Өйткені арыз жаза­тын­­­­дарға айдар тағып, мектептегілер онымен араласпайтын. Сондықтан психологпен бірге әрекетке көш­кен жөн. Айналып келгенде, басқа бір мәселенің төбесі көрінеді. Себебі мек­­­­­теп психологтерінің біразы жұ­мысын нәтижелі жүргізбейтіні белгілі. Мұны ел алдында жүрген психологтер жиі айтады. Пан­демия уақытында мектеп психо­логтерінің арқаны кеңге салма­ғанына кім ке­піл? Шынтуайтына келгенде, ка­рантин кезінде отба­сындағы ұрыс-керістің кө­бейгені тағы бар. Бұл – бір ғана факт. Ал мектепте бул­лингке қатысты сауал­­­наманың уа­қытылы жүр­гізілетіні күмән ту­­­­дырады. Өзіміз де мектепте ал­ған сауалнаманы тек көз қылу үшін пайдаланатынын білетінбіз. Көп­ке топырақ шаш­паймыз. Бі­рақ мә­­­­селеге тура қа­ра­ғанда, ауыл­ды жер­­­де психо­­логтердің жұмысы әлсіз. Мы­салы, Ақтөбеде болған оқиғада ауыл­дағы сы­ныптастары балаға «же­тімсің» деп айтқан. Егер мек­­тепте оқушыларға «Буллингке жол жоқ!» немесе «бәріміз тең қоғамда өмір сүреміз» деп тәрбие берілсе, мұндай оқиға болмайтын еді. Иә, ата-ана, психолог, мектеп әкімшілігі бірлесе жұмыс істесе ғана мектеп қабырғасында буллингке тосқауыл қойылады. Үйірмелер тұ­рақты түрде жұмыс істеп, топтық жаттығу орындау балаларға оң әсер етеді. Бірден күштің бірлікте екені білінеді. Осындайда сұлулық емес, мейірім әлемді құтқаратыны еске түседі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ