Бәс тігу – бақ па, сор ма?
Бәс тігу – бақ па, сор ма?
294
оқылды

Бейресми деректер бо­йын­ша, Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен тота­лизаторлардың жылдық табысы шамамен 600 миллиард теңгеге дейін жетеді. Ал Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің мәліметінше, 2019 жылы бұл нарық бюджетке 16,5 миллиард теңге са­лық түсірген. Одан кейін де бұл сандар көбеймесе, азай­ған жоқ.

Бұл Қазақстанда бәс тігуші­лер­дің қатары жыл сайын артып келе жатқанын айғақтайды. Өйт­кені жер-жерде букмекерлік ор­та­лықтардың жарнамасы мен­мұн­далап тұрады. Бәс тігемін десең де букмекер көп. Жарнама­сы жер жаратын – 1XBET,  тұ­рақты тұтынушылары бойынша көш басында тұрған – OLIMPBET, бонусы көп – Фонбет. Бұдан өзге де букмекерлік «беттер» бір­­шама. Олардың қарқын ал­ғанын, дамып кеткенін тұты­ну­шыларын сайттарына тел­міртіп қойғаны­нан білуге болады. Яғни, мұндай орталықтар үйден шық­пай-ақ интернет арқылы бәс ті­гу­ге мүм­кіндік жасап қойған. Құмарлыққа салынған кей студенттердің ұялы телефонын, ноутбугін, одан өзге де бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, соның ақшасына бәс тігетіндерін талай мәрте естідік. Үйін, көлігін, өзге де дүние-мүл­кін сатып, бәс тігіп, барынан айырылғандарды да көзкөргендер бар. Оның бәрі үлкен ақшаға құ­мар­лықтан болған дүниелер десе болады. Спорт сарапшыларының сөзінше, әлемдегі ірі букмекерлік орталықтар ойынның нәтижесіне әсер етіп, миллиондаған жан­күйерді сазға отырғызып кете­тін көрінеді. Яғни, спортшылар­дың, спорттық командалардың бір ойынын сатып алады. Мұндай жағдай ресми түрде анықталмаса да ел арасында көп айтылады. Мәселен, жеңісіне күмән келтір­мейтін ең мықты теннисші белгі­сіз біреуден ұтылып қалуы мүм­кін. Ал оның жеңісі үшін сан мыңдаған жанкүйердің тіккен ақшасы букмекерлік орталықтар­дың қамбасына құйылады. Мұн­дай жағдай спортта бір емес, бір­неше рет кездеседі. Алайда осы бәс тігу арқылы пайда көріп отырған адамдар да жоқ емес.  Тіпті, жағдайын жақсартып, етек-жеңін бүтіндеп алғандары бар екен. Бұл туралы блогер Ар­шат Ораздың пікірін білдік. Ол бәс тігуден кәнігі спорт аналитик­тері, сапаршылары пайда көріп отырғанын айтты. – Бәс тігу – басқа құмар ойын­дарына қарағанда сәл өзге­ше нәрсе. Басқаларында ұтыс сәттілікке ғана негізделген болса, бәс тігуде сараптамалық инте­ллек­туал жұмыс бар. Яғни, спорт­тық оқиғаларды сараптай оты­рып, болжамды нәтижеге инвес­тиция жасауға ұқсайды. Белгілі бір стратегия ұстанып, қаржыны дұрыс қолдана білсе, бәс тігу ұзақмерзімді дистанцияда жақсы нәтиже әкеледі. Кәсіпқой түрде ойнайтындар бар. Әлбетте, оларда да минус болады, болжа­ған нәрсе әрқашан келе бермейді.  Бірақ 70% плюс болған кезде, тұрақты табыс көзі бола алады. Бәс тігуден пайда табу үшін адам нақты бір спорт түрінен хабардар болуы, ережелерін жақсы түсінуі, соңғы жаңалықтарын бақылауда ұстауы керек. Бұл  интеллектуал еңбек. Лудомания – құмар ойын­дарына тәуелділік. Мұндай адам­дар жиі қарыз сұрайды, несие алады, бағалы заттарды сатады және түрлі қылмысқа барады. Өкінішке қарай, қазір кәсіпқой ойын­шыларға қарағанда лудо­ман­­дар саны көбірек. Букмекер­лер де осындай ойыншылардың арқасында табыс табады. Сон­дықтан бұл салада кәсіпқой бола­мын, ұзақ мерзімде табыс таба­мын дей алмайтын адам бәс тігуге жоламағаны дұрыс, – дейді Ар­шат Ораз. Тағы бір пікір иесі спорт ком­мен­таторы Уәлихан Қосанбай бәс тігуге заңмен шектеу қойып, қоғамдық орындарда, телеарна­ларда жарнамалануына тыйым салынса деген ұсынысын жет­кізді. Өйткені ол Қазақстанда бәс тігушілердің қатары кейінгі кездері тым көбейіп кеткенін айтады. – Бәс тігіп пайда табатындар бар. Бұл ТМД елдерінде, әсіресе Ресей, Украина, Өзбекстанда қат­ты дамыған. Өзім спорт сала­сында жүргеннен кейін таныс­тарым­ның көбі бәс тігеді. Олар­дың арасында кереметтей та­бысқа кенеліп жүргенін көр­генім жоқ. Ұтқандарына қара­ғанда ұтылғандары көп. Бәс тігіп, қомақты ақшасынан, не дүние-мүлкінен айырылған таныстарым жоқ. Бірақ мұндай жағдайға тап болған адамдарды ара-тұра естіп қаламын. Жалпы, бәстен пайда табатындарды «капперлер» деп айтады. Олардың саны Қазақ­станда арту үстінде. Бұл дүниені бизнеске айналдырып жіберген. Капперлер болжамдарын сатып біраз пайда табады. Жалпы, елімізде бәс тігетін адамдар көп. Көпшілікке байқалмайтын шы­ғар, бірақ шамамен ер адамдар­дың 60-70 пайызы, әйелдердің 30 пайызға жуығы бәс тігеді. Олар­дың бәрі бірдей спортты жақсы білмейді. Сараптай алмайды. Сондықтан құр босқа букмекер­лік орталықтарға ақшасын беріп отыр, – дейді Уәлихан Қосанбай. Бейресми ақпараттарға сен­сек, букмекерлік орталықтарға бәс  тігушілердің саны елімізде 500 мыңнан асады екен. Шын­дығында, олардың саны бұдан екі-үш есе көп болуы мүмкін. Осыдан үш жыл бұрын, яғни  2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене­шынықтыру комитетінің Ойын бизнесін үйлестіру және лотерея қыз­меті басқармасының бас­шысы Ермек Жусанов Қазақстан­да лицензиясы бар бәс тігетін букмекерлік кеңселердің саны 47-ге жеткенін айтқан болатын. Ол ойынханалардың 19-ы бел­сен­ді жұмыс істеп жатқанын әңгімесіне арқау еткен. Осы аралықта бірқатар өзгерістер болды. Өткен жылдың басында OLIMP жабылып, көп өтпей OLIMPBET болып қайта ашыл­ды. Онымен қоймай, OLIMPBET бук­мекер компаниясының фут­болдан ел біріншілігінің басты серіктесіне айналып, 2023 жылға дейін Қазақстан чемпионаты «OLIMPBET – футболдан Қа­зақстан чемпионаты» деп ата­латын болды. Әр ойынында сол букмекердің жарнамасын фут­болшылар жейдесіне киіп шыға­ды. Алаң жиегіндегі жарнама бағаналары да көрерменді әлсін-әлсін «ақша тігуге» ша­қырады. Ол ол ма, бүгінде еліміздегі теле­арналардың бірқатары бәс тігетін букмекерлік орталықтарды жиі жарнамалайды. Әсіресе, спорттық шараларды көрсетер алдында бәс тігетін компанияның аты экранға жарқ ете қалады. Комментаторлар да матч кезінде олардың атын айтып, көрермен­дерді бәс тігіп, табысқа кенелуге шақырады. Жүргізушілерден сұрасақ басшылықтың талабы сон­дай дегенді алға тартады. Өйт­кені ірі букмекерлік орталықтар телеарналармен немесе рейтингі жоғары порталдармен серіктес атанып алған. Түптеп келгенде бәрі ақшаға келіп тіреледі. Неге екені белгісіз, әлі күнге дейін Үкімет тарапынан осыған тосқауыл қойылмай келеді. Он­сыз да интернеттегі сайттарды жаулап алған букмекерлік орта­лықтар ақырындап телеарналарға көшуде. Қайткен күннің өзінде жарнама нарығында букмекерлік кеңселердің дәурені жүріп тұр. Бұған әзір тосқауыл қойыл­май­тын сыңайлы.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ