Алтын қазып жатқанда топырақ басып қалған екі кеншінің жағдайы нашар
Алтын қазып жатқанда топырақ басып қалған екі кеншінің жағдайы нашар
220
оқылды

Топырақ басып қалған 29 және 30 жастағы кеншілерді 100 метр тереңдіктен өзге жұмысшылар шығарып алды. Қазір екеуінің де жағдайы ауыр. Бұл туралы КТК хабарлады.

Ақбейіт ауылы маңындағы кеніште апат сағат түнгі үштер шамасында болған. Жер опырылғанда кеніште екі жұмысшы болған. Олар шахтаны тазартып жатқан. Сол жердегі кеншілер үйінді астында қалғандарды жер астынан шығарып алған. Түрлі дене жарақатын алған екеуінің де жағдайы ауыр. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, аудан орталығына жеткізу үшін құтқарушыларды шақыртыпты. Төтенше жағдай қызметінің арнайы көлігі аяқ-қолы сынған кеншілерді ауруханаға таңғы сағат алтыда жеткізген. Жамбас сүйегі сынған, аяғы және басқа да дене жарақаты бар науқастар қазір дәрігерлердің бақылауында.

Ақмола облысы ТЖД басқарма бастығы Олег Малюк: «Зардап шеккен азаматтардың екеуі де – «Айна-Ресурс» серіктестігінің кеншілері. Жолды қар басып қалғандықтан әрі жарақат алған кеншілердің жағдайына байланысты оларды жедел жәрдеммен орталық ауруханаға жеткізуі мүмкін емес еді. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Апаттың себебін анықтаймыз», – деді.