Мұнай-газ өндірісі шоғырланған Атырауда көліктерге арналған газ тапшы. Автокөлік жүргізушілері газ құю бекеттерінде ұзын сонар кезекте тұр. Сұйытылған газбен қамтамасыз етудегі кідірістерді пайдаланғандар газ бағасын көтеріп үлгерген.
Жүргізушілердің айтуынша, газ тапшылығы өткен аптада басталған. Сол себепті кейбір бекеттер 50-53 теңгеден сатылған сұйық отынның бағасын 65 теңгеге дейін көтеріп жіберіпті. Мәселе өңірді сұйытылған газбен қамтамасыз етіп отырған «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС-ның жұмысында іркілістер пайда болғандықтан туындаған көрінеді. Аталған зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаңтар айында зауытта электр желісінде ақаулар пайда болып, кернеу тұйықталуының 21 жағдайы тіркелген. Соның салдарынан CCR технологиялық қондырғысының 90 пайыз катализаторлары істен шыққан. Бұдан өзге де ақау салдарынан зауыт әлі қалыпты технологиялық режимге өте алмай тұр. Бұл жағдай сұйытылған газ өндірісіне әсер еткен. Кәсіпорынға келген шығын 25 млрд теңгеге бағаланып отыр. Ал қалыптасқан жағдайға байланысты Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетовтің төрағалығымен жедел отырыс өтті. Аймақ басшысы өңірде соңғы күндері автокөліктерге қажет сұйытылған газ тапшылығының туындауына қатысты жауапты тұлғалардың салғырттығын сынады. «Жауапты басқарма басшылары мәселені дер кезінде шешпей, ушығуына жол беріп отырсыздар. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен салалық Энергетика министрлігі тығыз байланыс жасап, мәселені созбақтамай реттегенде мұндай жағдай болмас еді. Осы олқылыққа қатысты тікелей жауапты тұлғаларға қызметтік шара қолданылады» деген облыс басшысы орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына Энергетика министрлігімен тығыз байланыста болып, мәселені жылдам шешуді тапсырды. Аталған проблеманы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Мұқышев: «Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, ақпан айында наурыз айы үшін облысқа қажетті 4 600 тонна сұйытылған мұнай газын беру туралы кесте жіберген болатын. Алайда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, тиісті сұйытылған газды бере алмай отыр», – деді. Мәселені реттеу үшін өңірде сұйытылған мұнай газын өндірудің уақытша төмендеуіне байланысты қажетті газды алу үшін Энергетика министрлігіне тиісті хат жолданған. Қазір өзге компаниялардан наурыз айына қажетті 4 500 тонна газды сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Облыста сұйытылған мұнай газымен жүретін автокөліктер тәулігіне шамамен 150 тонна газ тұтынады. Ал Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС каталитикалық крекинг қондырғысының істен шығуына байланысты сұйытылған мұнай газын өндіре алмайды. Зауыттың ақпараты бойынша жабдықтың жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру наурыз айының соңына дейін жалғасады.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы