Мал шаруашылығында селекцияның жаңа әдістерін қолдану керек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды AstanaTV.
Сенаторлар осылайша, импортталған ірі қараның ортаға бейімделуін жақсартамыз деп отыр. Депутат асылтұқымды малдың тұқымын сақтап қалудың маңыздылығына да тоқталды.
Соңғы бірнеше жылда елге 153 мың асылтұқымды ірі қара әкелінген. Оған қазынадан 500 миллион доллардан астам қаражат жұмсалды. Жақсы көрсеткіш. Алайда олармен қоса аурудың түр-түрі елді жайлаған. Сондықтан депутаттар малды күтіп-бағудан бұрын, оларды дұрыс будандастыру керек деп санайды. Ветеринариялық ахуалды да жақсарту қажет.
Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев: «Бұл тұрғыда асылтұқымды мал шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны енгізу мақсатында селекциялық-асылтұқымдық жұмысты үйлестіру ерекше маңызды», – деді.
Қазақстанда былтыр құс тұмауы жайлап, жаппай үй құстары қырылып, биыл жұмыртқа бағасы қымбаттап кеткенін жазған болатынбыз.