«Неменеге жетiстiң, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,
Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр...»,– деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай қариялардың да қариясы, дариялардың да дариясы бола білген Төлеутай Несіпбайұлының фәниден бақиға аттанғанына жыл болды. Ол менің рухани ұстазым еді!
Оқытушыдан ақыл айтар ұлағатты ұстаз-ғалымға айналу, оны өзінің іс-әрекетіңмен көрсете білу, ұрпаққа үлгі бола білу, әрбір ұстаздың маңдайына жазыла бермесі де хақ.
Төлеутай Несіпбайұлындай «Туған елім – тұғырым, туған жерім – ғұмырым» дейтін біртуар азаматтарымыз көп болса, еліміздің ертеңі ашық, болашағы жарқын болатынына күмән болмас. Міне, Төлеутай Несіпбайұлы біздің есімізде осылай қалды.
Мен профессор Төлеутай Несіпбайұлымен 2002 жылдың күзінде таныстым. Сол жылы академик Н.Базанова атындағы «Физиология, морфология және биохимия» кафедрасына ассистент болып жұмысқа орналастым. Ал ол кезде кафедра меңгерушісі профессор Төлеутай Несіпбайұлы болатын. Нағыз ғалым, ұлы ұстаз бейнесін алғаш көргенде екіұдай сезімде болдым. «Бұл кісінің көңілінен шығатын оқытушы бола алам ба, жоқ па?» деген күдік тұла бойымды биледі. Міне, содан бері профессормен бір кафедрада әріптес-шәкірті болғаныма 19 жыл өтіпті.
Профессор Төлеутай Несіпбайұлы ұстаздық қызмет қандай болатынын бүге-шігесіне дейін үйретті десем артық айтқандық емес. Бұл кісі ұстаз ғана емес, үлкен ғалым, қазақ тілінің шын жанашыры, жануарлар физологиясына арнап мемлекет тілінде алғаш рет екі томдық кітап жазған автор, өте талапшыл, көркіне мінезі сай мәдениетті тұлға еді.
Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруге, ғылымды дамытуға байланысты Төлеутай Несіпбайұлының «Шалқар» радиосының тілшісі Мейрамгүл Исатайға берген сұхбатындағы ой-толғамы да аса құнды дүние. Сол сұхбатында: «Қазір ғылымның деңгейін төмендетіп алғанымыз ащы шындық. Ғылымның қара шаңырағы – академия таратылды. Шындығын айтса, ғылымның қазіргі деңгейіне ғалымдар да, халық та риза емес. Елінің болашағына жаны ашитын азаматтың шындықты айтатын кезі – осы. Тоқмейілсудің керегі жоқ. Тоқмейілсу – тоқыраудың басы. Шындықты айту – шырық бұзу, шатақ шығару емес. Ол егемендікті, бостандықты қорғаудың бір жолы. Егемендікті, бостандықты ешнәрсеге айырбастауға болмайды. Бұл бізге Алланың сыйы, тартуы.
Тағы бір әттеген-ай – ғылымның қазақ тілінде сөйлемеуі. Бұл – үлкен мәселе, ұлт намысына тиетін мәселе. Қазақ тілінде жарияланатын ғылыми мақалалардың саны аз, сапасы төмен, монографиялар жоқтың қасы. Қазақ тілінде жазылып, қорғалған диссертациялар санаулы, сапасын айтпаса да болар. Ал қазір бүкіл жоғары оқу орындары оқытудың жаңа тәсіліне – кредиттік технологиясына көшіп жатыр. Оқытудың бұл тәсілінде студенттер білімді өздері ізденіп, қосымша әдебиеттерді пайдаланып, жинақтайды. Сонда қосымша әдеби деректер болмаса, ғылым қазақша сөйлемесе, білім деңгейі қалай өседі, қалай ғана әлемдік стандартқа сай маман дайындаймыз?!», – деп тереңнен қозғап, кеңірек қаузап, мағыналы ой-пікір айтқан еді.
Жас мемлекеттің іргетасын қалау әрбір елжанды азаматтың пешенесіне бұйырған қастерлі парызы десек, саясатта ғана емес, ғылымда да түбегейлі бетбұрыс, басқа бетбұрыс қажет болады. Ғалым көп болғанмен, оқулық жаза алатын, шәкірт танымын бағамдай алатын кәсіби деңгейі кемел азаматтар аз. Солардың бірі Төлеутай Несіпбайұлы болатын. Өте тиянақты, еңбекқор, қажырлы да адал, ісіне тастай мығым, талапшыл ғалым-ұстаздың бітіргені мол. Өзінің тікелей мамандығы мал дәрігері бола тұра, тілді жетік меңгеруі шебер филологтен кем түспейтінін оның жазған сөздіктерінен тану қиын емес. Кеңестік ғылым мектебінің озық үлгісін тәуелсіз елдің бағына шебер пайдалана білген профессор Төлеутай Несіпбайұлының еңбектерінің маңызы айрықша!
Төлеутай Несіпбайұлы тағы бірде: «Қазақтың салалық бiлiмi мен ғылымының қара шаңырағы – Алматы зоотехникалық-малдәрiгерлiк институты талай жастың тағдырына өшпес өрнек салып, ұлттық интеллигенцияны қалыптастыруда елiне елеулi еңбек сiңiрген ұжымның бiрi. Ол – талай ғылым тарландары iз қалдырған бiлiмнiң қасиеттi қара шаңырағы. Онда оқу үлкен мәртебе, ал қызмет атқару зор бақыт болатын. Осы шаңырақтың астында заман талабына сай бiлiм жинақтап, өмiрге жолдама алған, маман ретiнде қалыптасқан түлектiң бiрi болдым. Осы ұжымда марқайдым, қартайдым, дос таптым, жолдас таптым, бақытқа кенелдiм, байыдым. Байлығым – осы жылдар арасында тапқан әрiптес достарым, құрдастарым, сырластарым» деген еді. Сонымен қоса ол кісі өзінің ұстаздары академиктер Н.Базанова, Ф.Мұхамедғалиев, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесi, профессор П.А.Буланов, профессорлар П.А.Карасев, Я.И.Клейнбок, Н.П.Орлов, Б.П.Всеволодов, доценттер Ғ.Қонақбаев, Ш.Жақашев, М.Ф.Архангельская, В.С.Волженин және басқа есiмдердi зор құрметпен еске алатын.
«Бiз оқыған кезеңде оқытушылардың басым көпшiлiгi мiндетiне адал, кәсiбiне берiлген, шын мәнiсiнде шебер ұстаздар болатын. Олар ол кезде түнгi онға дейiн анатомиялық мұражай есiгi жабылмайтын, студенттер өлiп-тiрiлiп сабаққа дайындалатын. Уақыттың кештiгiне қарамай ұстаздарымыз да қасымызда болып, кеңестерiн берiп жүретiн. Мiне, бiлiмге құштарлық деген осы, парызға адалдық деген – осы. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, бiз сол ұстаздарға елiктеп өстік» дейтін.
Қайрат Жәлелұлы ИСХАН, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚазҰАУ-дың профессоры