Алматылық 50 жасар Хатира Сейдахметова үш жылдан бері такси жүргізеді. Қазір көлік тізгінінде отырған қыз-келіншек көп, сондықтан «Мұның несі жаңалық?» деп онша таңғала қоймаған боларсыздар. Біздің кейіпкеріміз – үшінші топтағы мүгедек, тағдырдың жазуымен бір аяғынан айырылған. Бірақ басқа салған қиындыққа мойымай, күнделікті ризық-несібесін көлік жүргізіп, жолаушы тасып тауып жүр. Ол бұрын тігіншілікпен айналысты. Бірақ тапқаны талғажау болмады, оның үстіне жалақыны үнемі уақытынан кешіктіріп қолға алатын. Осылайша, тәуекелге бел байлап, жаңа кәсіп игеруге шешім қабылдады.
«Таксист қажет деген жарнамамен сенбі-жексенбі күндері жұмысқа шығып көрдім. Ұнады. Дүйсенбіде бұрынғы жұмысымнан босадым. Сөйтіп, үш жылдан бері таксист қызметін атқарамын. Бұл – менің қазіргі негізгі кіріс көзім», – дейді Хатира Сейдахметова. Аса қатты күш пен жұмыс кестесін талап етпейтін жұмыс мүмкіндігі шектеулі жанға өте ыңғайлы болды. «Менің бір аяғым протез, сондықтан басқа жұмысқа қарағанда көлік тізгінінде отырып жұмыс істеу қолайлы. Сондай-ақ табысым да көңілімнен шығады. Ең қомақты табысым айына 400 мың теңге болды», – дейді ол қуанышын жасыра алмай. Жолаушылар шақыртумен таксист әйелдің келіп тұрғанына таңдана қарайды. Оның қызметінен осы күнге дейін ешкім бас тартып көрген емес, қайта ризашылығын білдіріп, шай-пұлға деп артық ақша қалдырып жатады. Ал жүксалғыштағы мүгедектерге арналған арбаны көргендер тіпті таңғалысын жасыра алмайды. Хатира 2006 жылы Өзбекстаннан көшіп келген. Ол жақта сауда-саттықпен айналысқан. Жеміс-жидек, көкөніс сататын. 1996 жылы жүк пойызына жеміс-жидек салынған қаптарды жинап жүріп байқаусызда пойыздың астына құлап кетеді. Пойыз бір аяғын басып өтіп, аяғынан айырылады. Қазір олар Алматы іргесіндегі Береке ауылында тұрады. Оның күйеуі Қырғызстан азаматы болған. Қазақстанға келерде ерлі-зайыптылардың жолы екіге айырылыпты. Қазір өзімен бірге 86 жастағы анасы мен 9-сыныпта оқитын қызы тұрады. Үлкен қызы тұрмыста. Такси жүргізумен айналыса бастағанда үлкен қызы қарсы болды, анасының денсаулығына алаңдағаны болар. Күйеубаласы Ақтау жаққа шақырған. Бірақ Хатира ешкімнің қолына қарамай, өз бетінше өмір сүргісі келеді. Қазір кіші қызы мектептен келгенше анасына қарап, түстен кейін жұмысқа кіріседі. Күн сайын қалаға келіп, 12 сағат бойы жолаушы тасып, үйге түнгі 2-3 шамасында оралады. Хатира Қазақстанға келгеннен кейін түрлі кәсіптің басын шалып жұмыс істегенін айтады. Алғашында Алматы базарларында сатушы болды. Сосын базардағы орындар жабылып, жұмыссыз қалды. Сол кездері тауық етін (гриль) сататындардың жұмысы жақсы жүретінін байқайтын. Осы іспен де айналысып көрді. Жұмысқа қажет болғандықтан, үнемі такси жалдауға тура келді. Ақырында арнайы курста оқып, жүргізуші куәлігін алды. Расында, тауық етін сатудан әжептәуір пайда көрді. Жер алып, үй салды. Дегенмен бұл кәсіп те онша жүрмей қалып, тігіншілік курсын оқып, осы салаға бет бұрды. Тігінші болып жүргенде қосымша табыс үшін кешке, демалыс күндері жеке көлігімен адамдарды қалаға жеткізіп тастайтын. Таксиден түскен табысына көңілі толған ол үш жыл бұрын біржолата осы салаға ауысты. Көлікті жалға алудың күндік ақысы – 11 мың теңге. Күнделікті өзіне қалатыны – 2,5-3 мың теңге. Мереке күндері тапсырыс көп болады. Ең бастысы, Хатира қазір осы кәсібі арқылы қиналмай отбасын асырап отыр. Ол банктен алған несиесін қайтарып, қызын қалаған мамандығы бойынша оқытуды ойлап жүр. Келешекте ауласында жылыжай салып, бау-бақша өнімдерін өсіріп, сатқысы келеді. Ол үшін біраз қаражат керек. Жылыжайды бір ретке келтіріп алса, ары қарайғы жұмыстар қолынан келетініне сенімді.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ