Өмірінің жүз екінші көктемін қарсы алып отырған тыл және еңбек ардагері Бәти Аманбаева анамыз биыл да ақ кимешегін киіп, аналар мерекесін елмен бірге қарсы алуға әзірленіп жатыр.
Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Еңбек ауылында тұратын Бәти әжеміз әлі күнге тың, қимылы ширақ. Бүгінде екі ғасыр белесін бағындырып отырғаны да сол – өзіне тән өмір сүру дағдысын қалыптастырғанынан болса керек. Бұл жерде «өзіне тән өмір сүру дағдысы» деп отырғанымыз, асты талғап ішіп, арнайы бір ереже ұстану емес, күні-түні тынымсыз еңбек, одан кейін табиғат берген табанды мінезімен талай қиындықты белден басып өткен батылдығы. Иә, расында, ол кісінің тағдыр жолы тауқыметке толы. Сонау 1919 жылы Жаңадария ауылында дүниеге келген ол алты жасында ата-анасынан айырылып, бауыры екеуі Аламесек аудандық жетімдер үйінде өсті. Бұл оның алғашқы көрген қиындығы еді. Жетіжылдық мектепті бітірген соң «Қызыл октябрь» колхозындағы апасының қолына барып, колхоз жұмысына араласады. Таңның атысы, күннің батысы, дала жұмысында жүріп, шаруашылықтың жайын біліп, ширығып, шыңдала түсті. 19 жасында осы ауылдың Болтай есімді жігітіне тұрмысқа шығады. Шаңырақ көтергендеріне төрт жыл өткенде, яғни 1942 жылы жолдасы Болтай Аманбаев соғысқа аттанып кете барды. Қолында кәрі енесі, құндақтаулы баласымен қала берді. Қайткенмен күнкөріс керек. Белін бекем буып, колхоз жұмысына қызу кірісіп кетті. Бас көтерер ер-азаматтар түгел майданда, амал жоқ елдегі шаруаның тізгінін әйелдер ұстап қалды. Күнделікті қарбаласып жатқан тірлік, ауыр, жеңіл деп таңдайтыны жоқ. Басқарма қандай жұмыс тапсырады, соны атқаруың керек. Сол уақытта ауылдағы жас келіншектер ер-азаматтардың орнында небір ауыр жұмыстарда жүрсе де, олардан кем түспейтін күш-қайрат көрсетті. Жігерлі жас келіншек Бәти де техника тілін үйреніп, тракторға отырды. Жер жыртып, егін екті. Осы күнгі «Шіркейлі» каналын қазуға атсалысты. Күн батқанша дала жұмысында, ал түнімен соғыстағы азаматтарға шұлық, қолғап тоқып жібереді. Ұйқысыз, күлкісіз өмір өтіп жатты... Көптен күткен жеңіс те келді. 1945 жылы ауылдан аттанған азаматтардың аман оралғаны некен-саяқ, жаралы, мүгедек күйінде келіп, отбасымен қауышып жатты. Ал мұның жары Болтайдан еш хабар-ошар жоқ, аман екені, иә мерт болғаны белгісіз. Көңіл күпті, әйтсе де бір жақсылықтан үмітін үзбейді. Осылайша, арада жыл өткенде құдай қосқан жары соғыстан аман-есен оралды. Кеш оралған себебі, соғыстан кейін көмілген миналарды аршу жұмысында болған екен. Бұл – асқан ептілік пен сақтықты талап ететін шаруа, дегенмен Болтай атамыз өзіне артылған міндетті мүлтіксіз орындап, елге оралады. Ауылға келген соң әдеттегі шаруашылық жұмыстарына араласып, еңсесі түскен елдің тұрмысын түзеуге еңбек етті. – Әкесі соғысқа аттанғанда екі жасар қалған тұңғыш перзентіміз Қуанышбай ол оралғанда алты жасқа толған еді. Екеуміз бірдей колхоз жұмысында жүрдік. Бұйырған асты іштік, табылған киімді кидік. Ел қатарлы қиын-қыстау күндерді бастан кешіп, қуанышымызды бірге бөлістік. Өмірге жеті бала әкелдік. Солардың тілеуін тілеп, Алланың берген жасын жасап отырмыз. Балаларым мен келіндеріме ризамын. Кешегі көрген бейнетімнің бүгінде зейнетін көрдім, осыған шүкір, – дейді әжей. Ежелде қариялар «Неше балаңыз бар?» деген сұраққа «Құдайға шүкір, бар ғой, менікі емес, Алланікі» деп санын атамай жауап берген екен. Бәти әжеміз де әдет-ғұрпымызға, ырым-тыйымымызға сай бала санын айтқанды аса құптай қоймайды. Бүгінде шүкір, абыз анамыз балаларынан немере, шөбере сүйіп, шөпшек қолынан су ішіп отыр. Тұңғыш перзенті Қуанышбай ағамыздың жары Айымторы апамыз да бүгінде жасы 70-тен асты. Десек те, әлі күнге енесінің қас-қабағына қарап, жағдайын жасап отырады. Осы күні өзі де келін жұмсап, немере сүйіп отыр. Сонда да енесінің алдындағы келіндік міндетінен танбайды. – Кейуана соғыс жылдарында ауыл шаруашылығы саласында тынбай тер төкті. Бүгінде ұлттық салт-дәстүрді кейінгі толқынға насихаттап келеді. Бәти әжей көп жыл иірген ұршығын аманат етіп маған берді. Жалағаш ауданындағы ең алғашқы әйел механизатор-тракторшы болған қарт қазір немере қызығын көріп, шөбере қолынан су ішіп отыр. Өзінен өрбіген ұл-қызы мен келіндері де тағылымды жолды жалғастырып келеді, – дейді көршісі Рахия Жұбатқанова. Ауыл арасындағы тойдың төрінде отырып, тебірене батасын беретін Бәти әжеміздің бітім-болмысы адам баласына тән ерекше бір қажыр-қайраттың үлгісіндей көрінеді.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы