Әрдайым жадырап, көңілі көктемдей құлпырып жүретін Жанар Дәулеттің өмірге деген құштарлығы бөлек. Ол денсаулығына байланысты арбаға таңылған.
Жанар бұл тағдырына мойынсынып, өмірінің әр күнін бағалай білуді түсінген. Содан болар өзі секілді жандарға барынша көмектесуді мақсат тұтқан. Тіпті, әлеуметтік желіде жергілікті атқарушы билікке мүгедектер мәселесін ашық айтып жүретіні баршаға аян. «Адам боп келдің дүниеге, адам боп қалу міндетің» деген ұстаныммен өмір сүретін Жанар Adam деген атаумен 16 мен 25 жас аралығындағы қыздарға арналған әлеуметтік білім жобасын ашты. – Ана құрсағында жатқан сәбидің жарық дүниеге қаңдай болып келуі – Жаратушының ғана құзырында. Адам ең алдымен жарық дүниеге келгеніне риза болуы қажет. Және өмірден адам болып өтуге мақсат қоя білгені жөн. Сондықтан бұл жобамды өзім секілді мүгедек жандарға көмектесу мақсатында аштым. Өйткені мүгедектік өмірден тежелу емес, адам болуға мүмкіндік. Дүниеге келген әр адам, мейлі ол мүгедек болсын алдымен адами тұлғалық қасиетін дамытуы тиіс. Әйтпесе, біздей жандарға мемлекет тарапынан қолдау барынша көрсетіліп жатыр. Соған қарамастан әлі де болса төрт қабырғаға қарап, қамалып отырғандар аз емес. Олар тірілуі керек. Мүмкіндігі шектеулі жан да адам. Онда да сезім бар. Сол үшін де ештеңеден қысылмай, ата-анамен сырласып, адамдармен араласып, он екі мүшесі сау адам секілді өмір сүруге құқылы екенін түсінсе екен, – дейді Жанар Дәулет. Бүгінде жобаның жетекшісі әрі республикалық мүмкіндігі шектеулі жандардың Kedergisiz KZ қоғамының мүшесі болған Жанар волонтер ретінде жұмыс істейді. Елімізде өткен халықаралық деңгейдегі пара-пауэрлифтинг чемпионатында волонтер болып, зілтеміршілердің күш-қайратына тәнті болған. Ал Жанардың Атыраудан елордада өтетін чемпионатқа волонтер ретінде келуін көп азаматтар ерлікке бағалады. Осы күнде Жанардан ақыл-кеңес сұрап, көмегіне жүгінетіндер жетерлік. Арасында бірі әлеуметтік бағдарламаларды сұраса, бірі шағын кәсіпкерлікті қалай бастауға болатынын сұрап жатады. «Осындай жандарға қол ұшын созып, барынша көмегім тиіп жатқаны маған үлкен қуаныш» деген ол, өмірдің мәні жақсылық жасаудан тұратынын жеткізді.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы