Шетелде құжатын жоғалтып алған отандасымыз 29 жылдан соң елге оралды
Шетелде құжатын жоғалтып алған отандасымыз 29 жылдан соң елге оралды
174
оқылды

Түркістан облысының полицейлері 29 жылдан соң Қазақстанға қайта оралған азаматтың құжаттарын жасап берді. Бұл жайында облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғынның айтуынша, оның інісі Ислам Шимшилов Әзірбайжан Республикасына 1991 жылы жұмыс бабымен кеткен. Алайда, сол жақта жеке басын анықтайтын құжатын жоғалтып алған ол, осы күнге дейін елге қайта алмай жүріпті.

«Аталған жайтты түлкібастық көші-қон полицейлері бірден тіркеуге алады. Көші-қондық тәртіп сақшылары Әзірбайжан еліндегі ҚР-ның елшілігімен хат алмасып, азаматтың құжаттарын мұрағаттан алып, мәліметтер жинақтады. Түлкібастық көші-қон полицейлерінің тыңғылықты жұмыстарының арқасында өзге елде қалып қойған бауырымыз елге оралды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары азаматқа ҚР-ның азаматы екенін анықтайтын жаңа төлқұжат алып берді», – делінген хабарламада.

Інісімен қайта қауышқан әпкесі көзіне жас алып, Түлкібас ауданы көші-қон басшылары мен қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.