Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, былтыр қазақстандық судьяларға қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған, алтауы сотқа жолданған. Күдікке ілінген судьялар Қостанай, Түркістан, Маңғыстау облысы мен Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеген. Кейбірінің аты-жөні көрсетілген, кейбірін тергеу орындары жасырып қалған. Бірақ мәселе онда емес.
Биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – адам құқығы мен бостандығының, тұрақтылық пен дамудың бірден-бір кепілі. Ата заңымызда осылай жазылған. Шарасы таусылып, шарқ ұрған қарапайым азамат әділдікті қайдан іздейді? Әрине, соттан іздейді. Алайда қазір бай мен кедей сотта беттессе, көбінесе кедейдің ұтылатыны белгілі. Баяғыда бірен-саран судья пара алыпты дегенді естісек, төбе шашымыз тік тұрушы еді. Кейінгі кезде көзіміз де, құлағымыз да үйренгендей. Әрине, сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстық тек сот жүйесіне ғана тән деуден аулақпыз. Ол – бүкіл қоғамның өзегіне түскен жегі құрт. Әйтсе де, бармақ басты, көз қыстылықтың сот саласындағы зардабы ауыр. Өйткені мұнда адамның тағдыр-талайы шешіледі.
Судьялардың IV съезінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз: «Қоғамда Фемидаға деген жұртшылықтың сенімі әлі де төмен. Сот саласындағы келеңсіздік, былық-шылық тыйылмай отыр. Судьяның жұмысының сапасына, оның моральдық бет-бейнесіне деген көңіл толмаушылық жетіп артылады» деп еді. Әлі де алға озғанымыз шамалы.
Ел арасында кейбір судьялар белгілі бір мөлшерде ақша төлеп, дәлірек айтқанда, пара беріп қызметке орналасады деген гу-гу әңгіме айтылады. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, егер рас болса, ондай судьяның қара қылды қақ жаратынына сену қиындау. Парақор судьялар тиын-тебен үшін адам тағдырын тәлкекке салып, қаншама заңсыз үкімдер шығарады. Ұсталғаны ұсталып, ұсталмағаны кәсібін жалғастыра береді.
Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Әлемнің өркениетті елдері құқық қорғау қызметкерлерінің материалдық жағдайына ерекше көңіл бөледі. Саяси тұрақтылығымен, ғаламат экономикалық табыстарымен дүниежүзін тамсандырған, «Азияның жолбарыстары» атанған Сингапур, Малайзия, Тайван, Гонконг пен Оңтүстік Кореяда судьялардың мәртебесі айқындалып, жоғары деңгейге қойылған. Мысалы, Сингапур билігі судьялардың жылдық еңбекақысын 1 млн долларға дейін өсірген. Сондықтан шығар оларда судьяның парақорлығы деген түсінік атымен жоқ. Жаңағыдай жалақы алып, барлық жағдайы жасалған қызметкер мұндай артықшылықтардан айырылып, абыройы айрандай төгілмес үшін барын салып, адал жұмыс істеуге ұмтылады. «Арзан сот қымбатқа түседі» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та кезінде судьялардың материалдық мәселесін меңзеген секілді.
Әлбетте, судьялардың әл-ауқатын арттырған соң заң алдындағы, халық алдындағы жауапкершілігін де күшейту керек. Заңсыздыққа жол берген, парақорлыққа салынған, ауыр қылмыс жасаған судьялар өзгелерден гөрі қатаң жазалануға тиіс.
Кейінгі жылдары судьялардың жұмысы екі есе көбейген деседі. Яғни, сотқа шағымданатын азаматтардың қарасы молайған. Бүгінде бір судья күніне орташа есеппен 10 шешім шығарады екен. Сонда дейміз-ау, былтыр парамен ұсталған 11 судьяның бұған дейін шығарған үкімдері қаншалықты әділ? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, егер сотталған судьялардың бұра тартқаны анықталса, кейбір істерді қайта қарауға болады екен. Ендеше жедел анықтау керек. Парақорлық кесірінен қандықол қылмыскердің көшеде тайраңдап жүрмесіне кім кепіл? Немесе, керісінше жазықсыз біреу қапаста қамалып отыруы да мүмкін ғой.
Судьялар жаппай тұтқындалғанда желідегі желауыздар Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа шабуыл басталды деп сан-саққа жүгіртті. Бірақ сот жүйесіндегі былық-шылық Асановтан әлдеқайда бұрын басталғанын ескерсек, бас жаққа барысып, бал ашып, бас қатырудың қажеті шамалы.
Иә, халықтың судьяларға деген сеніміне селкеу түскелі қай заман. Нәтижесі көз алдымызда: біреулер өз-өзін өртеп жатыр, біреулер шетелге қашып жатыр, біреулер пара беріп, тамыр-таныс іздеп, өзі сол жемқор жүйенің тұтқынына айналып жатыр.
Түйткілдің түйіні қалай тарқайды? Әйтеуір, болашақтан күдер үзбейміз. Жаңадан қызметке орналасқан жас судьялар өзіне дейінгілердің қателігін қайталамаса дейміз.
Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының атқарушы директоры Бақытжамал Бектұрғанованың астыртын статистикасына сүйенсек, қай судьяның қанша параға көнетіні де мәлім екен. Мысалы, облыстық судьялар орташа есеппен 15 мың доллар алса, аудандық судьялар одан екі есе аз параны місе тұтатын көрінеді. Бірінші орында – Жоғарғы сот судьялары. Олардың «ставкасы» – орташа есепен 34 338 доллар. Зерттеушілер мұны арнайы сауалнама арқылы анықтаған. Сауалнамаға республика бойынша мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде бір кезде сотқа ісі түскендер, заңгерлер, кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері болған. Респонденттердің 77 пайыздан астамы сот жүйесіндегі жемқорлық әрекеттер жөнінде білетінін айтыпты. Бұл – 2011 жылғы зерттеудің нәтижесі. Бірақ одан бері ештеңе өзгерген жоқ. Өзгергені – ақшаның құны ғана.
Transparency International ұйымының 2020 жылы жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 113-орында тұр. Заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті ту ететін турашыл, тәуелсіз судьялар көбейсе, бұл рейтингтегі ахуалымыз да түзелер еді.
Қай мемлекетте заң жұмыс істесе, сол мемлекетте сотқа деген сенім бар. Сотқа сенімсіздік тұтас мемлекетке деген сенімсіздікке әкеп соғуы ықтимал. Кезінде Елбасы «Адамды әкім, министр, тіпті президент емес, сот қорғайды» деп еді. Ал жемқор, парақор судьядан бізді кім қорғайды?
Ерсайын БАҒДАТ