8 наурыз – қыз-келіншектер қауымына ерекше бір серпіліс пен қуаныш сыйлайтын көктем мерекелерінің бірі. Халықаралық әйелдер күні өтсе де, Қазақстанның басым қалаларында әлі де аяз ызғары кетпеген. Соған қарамастан, ел-жұрт мерекелік көңіл күйін жоғалтпады. Оны сол күнгі сауда-саттықтың қызу өтуінен байқауға болады. Тіпті, осы жолы қаладағы барлық сауда орталықтарындағы азық-түлік және дәріханаларда адам саябырсығандай көрінді. Сондықтан қыз-келіншектердің мейрамында қандай заттың көбірек өткенін анықтауға тырыстық.
Оларда 15 тал қызғалдақтан жасалған гүл шоғы – 15 739 теңге, 51 қызғалдақ 45165 теңгеге бағаланды. Ең үлкен тапсырыс – 301 раушаннан жасалған гүл шоғы. Оның бағасы – 205 286 мың теңге. Сондықтан осы мерекеде гүлдің саудасы жүрді. Дегенмен саудагерлер гүл саудасының өзгеріске ұшырағанын тілге тиек етті. Бұрынғыдай гүлдерін тізіп қойып, сатып үлгере алмай жатқан саудагерлер жоқ. Құшақ-құшақ гүл алып, оны оратуға кезекте тұрған жан да көп емес. Олар үйде-ақ тапсырыс беріп, картамен төлемін жасауда.
Сұраныстағы екінші дүние – жеміс-жидек пен тәттілерден тұратын гүл шоғы. Оның бағасы 12 мыңнан басталған. Арасында жұмсақ ойыншығы бар. Ондай себеттер 30 мың мен 100 мыңның айналасында болды. Ал мерекеден кейінгі күндерде 10-15 пайызға жеңілдік жасалуда.
– Наурыздың 2-3 күндері ер-азаматтардың мерекеге орай сертификат алуы – үш-төрт есеге өсті. Сертификатымыз 5 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін болды. Оған қоса, кейбір заттар 50 пайыздық жеңілдікпен сатылды. Сондықтан болар, келушілер мереке қарсаңында өте көп болды. Ине шаншар орын болмады. Содан күзетшілер бір адам шығысымен екіншісін кіргізіп отырды. Онда да шығарда олар сатып алынған заттар мен чектің сәйкестігін тексеріп тұрды. Айтуға да ұят, бірақ арасында кейбір заттар жоғалғаны да бар, – дейді Mon Amie менеджері Нұрбигүл.
Мереке күні тұрмыстық техника дүкендері де қызу жұмыс істеді. Олардың мәлімдеуінше, ұялы телефондар, құлаққап, таразы мен смарт-сағаттар өткен. Әсіресе, интернет дүкеннен сатып алу жағынан асүйлік комбайндар үлкен сұранысқа ие болған. «Карантин кезеңінде тұрмыстық заттар мен саяжайлар, спорт және туризм, құрылыс және жөндеу сияқты санаттарға сұраныс едәуір өсті. Мысалы, бұрын даму жоспары бір жылға жоспарланса, қазір онлайн сатылым арқылы бір-екі айда жүзеге асырылуда»,– дейді Mechta.kz дүкенінің өкілі Дмитрий.