Жұмыссыздық мәселесі қай мемлекетте болмасын өзекті. Біздің елде де «екі қолға бір күрек» таба алмай жүрген жандар артып жығылады. Десе де, Үкімет тарапынан жастарды жұмыспен қамту бағытында түрлі бағдарламалар жанданып, олқылықтың орнын толтыруға күш жұмылдырылуда. Сондай баянды бағдарламаның бірі – «Дипломмен ауылға» жобасы. Бұл бағдарлама «жастарды барынша жарылқайды» деп күтілген. Алайда ауылға аттанып, несиеге баспана алған мамандардың көпшілігі Жамбыл облысында қарызға белшесінен батып отыр.
Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, аталған бағдарлама қабылданған 2009 жылдан бері әлеуметтік жәрдемақыны айтпағанда, 5 миллиард 1 миллион теңге жастардың тек тұрғын үй алуына беріліпті. Соның есебінен Жамбыл облысындағы 1 586 жас маман баспанамен қамтылған. Жеңілдетілген несие 0,01 пайызбен 15 жылға 1 500 АЕК көлемінде белгіленгенімен, бұл соманы бүгінде Үкіметке кері қайтара алмай отырған жастар жетерлік. Олардың саны өткен жылы 627 адамды құраса, борышкерлік қаражаттың көлемі 106 385 600 теңге болған. Өсімпұл көлемі 44 017 700теңгеге жеткен. Жамбыл облысы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, құрылымдық мекеме қарызды қайтару үшін барын салып жатқан көрінеді. Ал одан қандай нәтиже шығуда?
– 2017 жылы 800 миллион теңгеден аса сома тұрғын үй алуға бөлінсе, былтыр бұл қаржы 1 миллиард теңгеге жуықтады. Ал аудандар бөлінісінде 2017-2019 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2 686,2 миллион теңгеге 767 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілді. Алайда бүгінде бұл соманы кері қайтара алмай жатқан жастар аз емес. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бойынша сенімгер агенті болып табылатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы болғандықтан, бүгінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы және аудандық әкімдіктер тарапынан осы берешек қарыздарды өндіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде былтыр 109 борышкерден 11,4 миллион теңге өндірілсе, биыл да қарызды қайтаруға күш жұмылдырмақпыз, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы.
Иә, басқарма берешекті жастардан өндіру үшін шындап кіріскені байқалады. Оған қазір 122 маманның ісі соттың қарауында жатқаны дәлел бола алады. Осы орайда, «қалаға емес, далаға аңсары ауып барған жастар не себепті қарызын қайтара алмай жатыр?» деген орынды сұрақ туатыны анық.
– 2012 жылы баспана алу үшін 3 миллион теңгеге жуық несиені төмендетілген пайызбен алдым. Ай сайын 13 мың теңгеден 2015 жылға дейін тұрақты төлеп келдім. Бірақ кейінгі 3-4 жылда тұрмыстық қиындықтар туып, ай сайынғы төлемді жасай алмай қалдық. Әдетте, екінші деңгейлі банктер мұндай жағдайда ұялы телефонға тыным бермей қоңырау шалып, несиені төлемесімізге жанды қоймайтын. Бірақ дәл «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен алған қаржыма қатысты бір пенде «несиеңізді төлеңіз» деп қоңырау шалмады. Содан аталған несиені тегін берілген теңгедей көріп, тіпті берешегіміз барын ұмытып кеттік. Алайда өткен жылы кредитімді тексермек болып, тиісті мекеме мамандарына жолықтым. Сөйтсем, менің қалған 500 мың теңге қарызымның үстіне 300 мың теңге көлеміндегі өсімпұл қосылып кеткен. Әрине, төлемді дер кезінде жасамаған өзімнен кінә барын түсінемін. Бірақ соңғы төрт жылдың бедерінде не себепті бірде-бір маман қоңырау шалып, өсімпұл өсіп жатқанын ескертпеді? Енді міне, қарыздың үстіне қарыз жамалып, не істерімді білмей отырмын, – дейді Талас ауданы Ақкөл ауылына «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған Гүлмира Ратова.
Жалпы, бұл жалғыз Гүлмираның басынан өтіп жатқан жағдай емес. Статистиканы сөйлетсек, Мойынқұм ауданындағы 206 жастың 112-інің мемлекет алдындағы берешегі өтелмеген. Дәл сондай Сарысу ауданындағы 216 маманның 102-і төлемін төлей алмай келе жатса, Шу ауданындағы 217 жастың 93-і, Талас ауданындағы 122 маманның 78-і қарыздан көз аша алмай отыр.
Жауаптылар жымқыруды ойласа, бағдарлама қалай бағдарын табады?
Негізі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша талай түйткілдің беті бұған дейін де ашылған. Мәселен, 2016 жылы Жуалы ауданына бағдарлама аясында келген 12 жас маман басқа өңірге көшіп кетіп, жергілікті билік жер сипап қалған болатын. Сол сәтте бюджетке қайтарылуы тиіс қаржы көлемі 1 миллион 515 мың теңгеге жеткен еді. Сол жылы Сарысу ауданында – 18,1 миллион теңгені, Шу ауданында – 14,4 миллион теңгені, Мойынқұм ауданында – 9,9 миллион теңгені, Талас ауданында – 9,1 миллион теңгені, Жуалы ауданында – 6,6 миллион теңгені, Қордай ауданында – 6,1 миллион теңгені, Т.Рысқұлов ауданында – 2,7 миллион теңгені, Жамбыл ауданында – 2,1 миллион теңгені, Байзақ ауданында – 1,1 миллион теңгені және Меркі ауданында 1 миллион теңгені жастар кері қайтара алмай жатқанын тексеріс анықтаған. Нәтижесінде, 71,1 миллион теңге борышкерлер берешегі ретінде тіркелген.
Бұл аз десеңіз, дәл осы жылы Жуалы ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінген қазына қаржысын жымқыру да көрініс тапқан. мұны Әдеп жөніндегі кеңес әшкере еткен. Сол кездегі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков аталған елді мекенде 40 маманға заңсыз көтерме жәрдемақы берілгенін мәлімдеген.
Ал ең сорақысы, заңсыздыққа жол бергендердің арасында аудан әкімінің орынбасарынан бастап, бөлім басшысына дейін тіркелген болатын. Олар ұйымдасқан түрде ауданда 4-5 жыл тұрақты тұрып жатқан немесе әкімдікке қарасты мекемелерде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мамандарға 138 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны үлестіріп бергені әшкереленген. Алайда осындай өрескел заңбұзушылықты көре тұрып, сол кездегі Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері жаза басқандарды қатаң жазалаудың орнына, бастарынан сипап шығарып салған еді.
Осыдан-ақ түйткілдің түйіні тереңнен тамыр тартып жатқанын түсінген боларсыз. Сол жылдың өзінде жастардың берешегі 70 миллионнан асып кеткенде, қалай ғана жауапты мамандар шұғыл шара қабылдамай, бейқам қарап отырды? Әлде, қызметінде қалқыған шенділер ақ парақтағы ақпаратта «сұлу» сандарды сөйлетіп, құжаттарға қонжитып қолды қоя берді ме екен?
ТҮЙІН:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының өрісін кеңейтіп, бөлінетін бюджет қаржысын 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта облыс тарапынан Ұлттық экономика министрлігіне 2020 жылға – 444 маманға 1,7 миллиард теңгеге, 2021 жылға – 472 маманға 1,9 миллиард теңгеге, 2022 жылға 512 маманға 2,2 милиард теңгеге бюджеттік өтінім жолданып қойған. Әрине, дипломмен ауылға ағылған жас мамандарға қандай қолдау көрсетсе де артықтық етпейді. Алайда жоғарыда аталған миллиардтаған соманы жас мамандар кері қайтара алмай жатса, қайтпекпіз? Бармақ тістеп, сан соғып қалмаймыз ба? Міне, мәселе – осында...