Мерекемен құттықтады
Мерекемен құттықтады
203
оқылды

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов мерекеге орай түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар әйелдерді қабылдады. Олардың арасында еңбек ардагерлері, көп­балалы аналар, қоғам қай­рат­керлері, кәсіпкерлер, волонтерлер және басқа да сала мамандары болды.

«Өткен жыл да, биылғы жылдың басы да оңай болған жоқ. Індет барлық салаға әсер етті, дегенмен мемлекет қолдауының арқасында біз даму тұрақтылығын сақтадық, барлық бағытта жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 1 трлн теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығында 900 млрд теңгеден асты. 680 млрд теңге ин­вес­тиция тартылды, 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұған сіздердің де үлестеріңіз зор. Себебі бүгінгі әйелдер тек аяулы ана, адал жар ғана емес, ол маңызды істерде сенімді серіктес, жауапты әріптес» деген Амандық Баталов әйелдер қауымының ұрпақ тәрбиесіндегі, қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтті. «Сіздер арқылы облыстағы барша әйел-аналарды құттық­тағым келіп отыр. Сіздердегі мейі­рім мен махаббат, жауапкершілік пен төзімділік бізді қайран қалдырады. Ұрпаққа өмір сыйлау, оларды тәрбиелеп, қамқор болу да – әйелге тән асыл қасиет. Сіздер нә­зік те әдемі болмыстарыңызды сақтай отырып, оқуда да, жұмыста да табысқа жетіп келесіздер. Бәріңізге мықты денсаулық, мол бақыт, отбасында бақ-береке, молшылық тілеймін», – деді А.Баталов. Кездесуге келген бірқатар қатысушылар облыс әкімінің Құрмет грамотасына және алғысхатына ие болды. Жиында Социа­листік Еңбек Ері, Панфилов ауда­нының құрметті азаматы Күләш Айтжанова сөз алып, көрсетілген құрметке риза­шы­­лығын білдіріп, барша қыз-келін­шектерді, аналарды мере­келері­мен құттықтады. Күләш Айтжанова өңірде жастарға барлық жағдай жасалып отырғанын, тек ерінбей оқып, еңбектену керегін айтты. Еңбек Ері облыс орталығының қазіргі көрікті кейпіне де тоқталып өтті. Сонымен қатар басқалар да мерекелік тілектерін білдіріп, сөз сөйледі. Оларға қызғалдақтар мен құттықтаухаты, кітап пен ақшалай сыйлық беріліп, құрмет көрсетілді.

Әбілмансұр ЖАСАН