2022 жылы елімізде әлеуметтік әмиян енгізіледі. Оның үстіне, ұлттық төлем жүйесі іске қосылмақ. Ұлттық банк төрағасы мұның қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қаржы секторын дамытуға үлес қосатынын айтады. Жүйенің артықшылығы қандай? Әлеуметтік әмиянның банк картасынан айырмасы бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Екінші деңгейлі банк шотына балама бар
Әмиянның «жаңа» түрін енгізуге Президент тапсырма берген-ді. Бастапқыда экс-Еңбек министрі мұндай әмиян қолданысқа енгенде нендей өзгеріс боларын атап өтті. Артынша Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі істі шындап қолға алды. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім аясында жүзеге асады. Е.Досаевтың мәлімдемесіне сүйенсек, мезеттік төлемдер жүйесін дамыту арқылы ұлттық төлем жүйесін құрып, төлем карталарының банкаралық жүйесі ұйымдастырылады. «Бұдан не пайда?» дерсіз. Осы арқылы транзакциялық шығынды төмендетуге, қаржылық қызметтің қолжетімділігін арттыруға әрі қаржы нарығындағы бәсекені күшейтуге болады. Сол үшін аталған үштік міндеттемелерді бөліп алған. Нәтижесінде, бұл ақша-кредит, салық-бюджет пен құрылымдық саясатты күшейтіп, қаржы секторын дамытпақ. «Әлеуметтік әмиян дегеніміз – банктік шоттарға балама. Артықшылығы – азаматтардың банкке жүгіну қажеттілігі жоқ. Ұлттық банк жүйесінде әрбір азаматқа жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы осындай шот ашылады. Артынша шоттарға біз 44 әлеуметтік төлемді проактивті түрде төлеуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдер – бұл банктердің, салық органдарының немесе коллекторлық ұйымдардың тарапынан өндіріп алуға жатпайды. Яғни, қорғалады» деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов. Министр мәлімдегендей, әлеуметтік әмиянды қолданушылар тауар сатып ала алады. Оған қоса, банк карточкасы сияқты қызмет алуға толық мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, әлеуметтік әмияннан төлем карточкасына да ақша аударып, қолма-қол ақша ретінде шешіп ала алады. Ешқандай шектеу жоқ. Қазір аталған заң жобасы бекіген. Ұлттық банк жобаның техникалық және ұйымдастырушылық жұмысын мойнына алған. 2022 жылы министрлік пилоттық жоба ретінде атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік әмиянға аударуды жоспарлап отыр.Әмиянның қызметі қандай?
Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік әмиян – банк шотына балама. Әлеуметтік төлемдер бірден әлеуметтік әмиянға аударылатындықтан, түскен ақшаға бақылау жүргізе аласыз. Төтенше жағдай тұсындағы екінші деңгейлі банктер алдындағы кезек есіңізде ме? Сол шақта халық есепшот ашып, шоттың 20 нөмірін жаттай алмай дал болғаны бар. Міне, әлеуметтік әмиян аталған қиындықты жеңілдетеді. Мұндай әмиян түрі қалай ашылатынын сұрасаңыз, процесс Ұлттық банк арқылы жүзеге асады. Яғни, Ұлттық банк жүйесінде әр адамға ЖСН нөмірі арқылы автоматты түрде әлеуметтік әмиян ашылады. Банк жағаламай, үйде отырып әлеуметтік төлемді қажетіңізге жұмсайсыз. Әмияндағы ақшаның қауіпсіздігін Ұлттық банк өз мойнына алады. Сол үшін олар аталған банктің электронды ақшасын пайдалануды көздейді. Осы арқылы банктер банкротқа ұшыраған кезде де халықтың қаражатын сақтау мүмкін болады. Кейіннен сіз бен біз иелік ететін цифрлы әмиянға 44 әлеуметтік төлем аударылады. Министрлік зейнетақыны да осы әмиянға аудару тетігін іске қосуы мүмкін. Әлеуметтік әмиян – цифрлы жүйе. Сондықтан мобильді қосымшасы бар. Әдеттегідей, қосымшадағы жеке кабинет арқылы төлемнің түскен-түспегенін қадағалайсыз. Ескере кетер жайт, QR код арқылы төлем жасауға, тауар мен қызмет түрлерін комиссиясыз сатып алуға болады. Қолма-қол ақша ұстауды жөн көрсеңіз, цифрлы әмиянда бұл қызмет түрі де табылады. Нақты не сатып алуға боларын сұрарсыз. Сауда және интеграция министрлігінің айтуынша, бұл әмиян сізге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға жәрдемдеседі. Бизнес саласындағы бірқатар қызмет ақысын төлей аласыз. Министрлік кейбір азық-түлік түрлерін 45%-ға дейін жеңілдікпен алуға жағдай жасамақ. Бұл тауар бағасына мониторинг жүргізіп, қымбатшылықтың алдын алуға сеп болмақ. Иә, аталған әмиян түрі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге жағдай жасайды. Пилоттық жоба ретінде іске қосылып жатса, құба-құп. Әсіресе, бұл бастама әлеуметтік орындардағы кезек мәселесіне нүкте қоятыны қуантады. Мәселен, бала санына байланысты төленетін жөргекпұлды алуға пошта алдына нөпір жиналатыны бар. Ұрыс-керіс пен жағымсыз энергияны былай қойғанда, баласы кішкентай әйелдер қиналып қалады. Осындайда әлеуметтік төлемді цифрлы қосымша арқылы алып, керегіңе жаратқан жөн-ақ. Бастысы, цифрлы әмиян уақытында іске қосылып, Ұлттық банк халықтың ақшасын уәде еткендей қорғаса болғаны. Артынша сауда министрлігі сөз еткендей қымбатшылықты да ауыздықтайтын күн келер.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ