100 мың теңгеге сатпақ болған
100 мың теңгеге сатпақ болған
280
оқылды
Батыс Қазақстан облы­сына қарасты Кругло­озер­ное кентінде екі апта бұрын белгісіз біреулер әлеумет­тік желіге 10-сынып оқушы­сын 100 мың теңгеге сата­ты­ны жайлы оғаш жарнама шығарған. Оқушының ана­сы Алтын Ахмедиярова кі­нәлілер жазаланғанын қа­лап отыр. Жасөспірім өзінің сыныптастарынан қысым көріп келген. Алайда поли­ция, мектеп әкімшілігі мен білім бөліміндегілер оқиға­ға қатысты ешқандай шара қолданбаған екен. – Баламды бір рет емес, бір­неше рет ұрып-соғып, ақшасын тартып алған. Ақыр аяғы бәрін білдім, содан кейін баламның сыныптастары келіп барлық ақ­шаны қайтарып берді. Сөйтіп, полицияға арыз жазбауымды сұрады. Жас болғаннан соң арыз жазбай қоя салғанбыз. Бірақ ке­йін баламның қабырғасын сын­дырыпты. Прокуратура, әкім­дік­ке, полицияға шыдамай арыз­дан­дым. Осыдан кейін баламның суреті интернетте пайда болды. Онда 100 мың теңгеге сатылады деп жарияланған. Астына түрлі пікірлер жазылыпты. Біреулер тіп­ті әр органын жекелеп сатайық деп ұсынған. Осылай істеуге бола ма? Бұлай қалдыруға болмайды ғой, қылмыскерлер табылғанша,  тыныштық таппаймын, – дейді оқушының анасы Алтын Ахме­диярова. Әйелдің айтуынша, факт бо­йынша ешқандай шара қолда­нылмай жатыр. Мектеп дирек­торы желіге жарнаманы жария­лаған адамды табуға тырысқа­нымен, еш нәтиже шықпапты. Тіпті, полиция қызметкерлері де қауқарсыз. – Баланың ата-анасы факт бойынша бізге арызбен жүгініп, онымен Зачаган полиция бөлімі айналысты. Істе қылмыс құрамы болмаған соң, ол жабылды. 25 қаңтар күні жәбірленушінің ата-анасы қайта шағым түсірді. Бұл жолы әлеуметтік желіде бала­сының сатылымға қойылғаны, суретімен тұрғаны жайлы жарна­маны көрсетті. Бұл істі тексердік, бірақ қылмыскер табылмады, сондықтан іс жабылды, – дейді Орал қаласы полиция бөлімінің баспасөз хатшысы Гуляман Исмағұлова. Полицияның осындай дәр­менсіздігінен кейін ішкі істер органдарының ардагерлері де бұл жағдайды анықтауға тырысқан. Олар мектепке келіп, директор­мен кездесіпті. Зачаган полиция бөлі­мі бастығының орынбаса­ры да келіп, тергеу ісі жалғаса­ты­нын айт­­қан. Бұл жағдайды білім бас­қармасының басшы­лығы да естіген. – Мектеп директорымен кез­десіп, жиналыс өткіздік. Нәтижесі 15 күннен соң белгілі болады. Одан кейін ата-аналар жиналысы да ұйымдастырылмақ. Қазіргі уақытта оқушы сабаққа келіп жүр, – дейді Орал қалалық білім басқармасының бас маманы Жазира Рысқазиева. Баланың анасы осынша қор­лық көрсетіп, шектен шыққан адам­ның өздерінен кешірім сұ­рағанын қалайды. Ал полиция тергеуді жалғастырып, жарнама авторын табамыз деп уәде беріп отыр.   Мадияр ТӨЛЕУ