Түркістан облысында 25 жастағы тұрғын полицияда істейтін бажасына сеніп, жолдың қарсы бағытымен жүрген. Тіпті, полицияға ұсталған кезде де бажасының атын айтқан ол: «Құжаттарым жоқ, ал не істейсің?» - деп полицейлерге доқ көрсеткен. Бұл туралы КТК хабарлады.
Оқиға Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында болған. Көлікпен жолдың қарсы бағытына шыққан жігіттер бұл әрекеттеріне масаттанып отырғаны байқалады. Өздерінің «ерлігін» әлеуметтік желіге саламыз деп бөсіп отыр.
Полиция майоры Жұмабек Төлеген осы аудандағы әкімшілік полицияның бастығы екен. Бірақ, лауазымды бажасының пайдасы тимеді. Көп ұзамай, ұсталған бажаға қатысты бірнеше баппен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды.
Ал көлігі айып тұрағына жеткізілген жігіттің өзі кешірім сұрады.
«Шәуілдір ауылына қонаққа келген едім. Білместікпен жолдың қарсы бетіне шыққанымды мойындаймын. Енді бұлай қайталанбайды. Істегеніме өкінемін. Полиция қызметкерлерінен кешірім өтінемін», – дейді жол ережесін бұзған көлік жүргізушісі.