Біреудің «керемет!» деп бас бармақ көрсетуі – біреуге табыс әкелетін заман. Адамдардың лайк жинауға құштарлығын, кейбірінің тіпті жалған жазылушылар есебінен пайда табуға ұмтылысын өз орайына пайдаланған алматылық студент Instagram-да төл бизнесін жолға қояды. Бірақ онысы клиенттеріне де, құқық қорғау қызметкерлеріне де ұнамады.
Студент үлкен көлемде жазылушы әкелуге уәде ететін болған, алайда тапсырыс ақысын алысымен, ізім-ғайым жоғалған, ал өзін іздеген мазасыз құрбандарды «қара тізімге» енгізіп, бұғаттап тастапты.
Алматы қаласы Әуезов ауданы полиция басқармасының мәліметінше, ол жалған емес, тіпті өмірде жоқ инстаграм-аккаунттар саудалаумен айналысты. Белгілі интернет сайттардың бірінде хабарландыру орналастырған жас жігіт әлеуметтік желіде аудиториясы көп, аса танымал парақша сататынын білдірген.
«Хабарландыруында А. есімді бұл күдікті үлкен көлемде жазылушыға ие инста-парақшаларды сатып алуды ұсынған. Оның құрбандарының арасында студенттер де, жеке кәсіпкерлер де бар, олар өз тауарын интернет көмегімен ілгерілеткісі келген. Мәмілелесу барысында күдікті жазылушылар санына қарай бір парақша үшін 10 мыңнан 100 мың теңгеге дейін алдын ала төлем жасап, оны банк картасына аударуды талап етті. Ақы келіп түсісімен, парақшаның логині мен құпия сөзін ұсынуға тиіс болған. Бірақ оны жасамады. Ақша қолға тиген соң клиентті бұғаттап тастап, жоқ аккаунттарды сатумен ары қарай айналыса берді», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлішер Тұрсынбетов.
Студенттің туабітті актерлік дарыны болса керек. Кейбір клиенттер сатушының бет-әлпетін көру үшін оған бейнеқоңырау шалыпты. Ол болса, еш шімірікпестен, өзін нағыз іскер жандай көрсетіп, «адал ниетіне» сендіре білген.
Әрине, мұндай ашықтан ашық, арсыз қылмыстың құйрығы бір-ақ тұтам. Әшкереленген факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы, яғни «екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған қылмыс үшін мүлкiн тәркiлеп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бүгінде студенттің 6 адамды тақырға отырғызғаны анықталды.
«Жәбірленуші саны бұдан көп болуы ықтимал. Себебі хабарландыру телекоммуникация желісінде ашық әрі қолжетімді болды. Осыған байланысты оның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардан 8-707-515-47-35, 8-701-852-60-94 телефондары бойынша бізге хабарласуын сұраймыз!» – деді Әлішер Тұрсынбетов.
Тәртіп сақшыларының нақтылауынша, бұл жігіт бұған дейін де осындай заң бұзушылығымен ұсталып, қылмыстық жазаға тартылған.
Ерік ЕРДЕН