Әлеуметтік желіде 8 наурыз күні Шымкент қаласының аумағына кіретін Бадам өзенінде балық қырылып жатыр деген ақпарат шықты. Тиісті сала мамандары бірер күнде ондаған келі өлі балық жинады. Алайда балықтың неден қырылғаны әлі анықтала қойған жоқ.
Біз тиісті сала мамандарынан мәселенің мән-жайын сұрағанбыз. Шымкент қаласы Экология департаментінің бөлім басшысы Серік Сарбасов бүгінде ол мәселе бойынша зерттеу жасалып жатқанын жеткізді. «Бадам өзеніне Сайрамсу өзенінің құятын тұсы бар. Өлген балықтар осы аумақтан табылып жатыр. Осы жерден бастап қырылған. Зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Кеше сонда болғанбыз. Бүгін таңертең мамандар тағы сонда кетті», – дейді бөлім басшысы. Бадам өзені Түркістан облысының Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарының және Шымкент қаласының аумағы арқылы ағып өтеді. Өзеннің ұзындығы – 141 шақырым. Балық инспекциясының қызметкерлері су мен жағалауды өлі балықтардан әлі тазартып жатыр. Арал–Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Мейіржан Өмірәлиев осы ақпарат 8 наурыз күні таңертең Instagram әлеуметтік желісіне шыға салысымен шұғыл жұмысқа кіріскенін айтады. Оқиға орнына Шымкент қаласының Экология департаменті, табиғатты қорғау полициясы және ветеринарлық қызмет өкілдері барған. «Мұнда Экология, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, ветеринарлық қызмет мамандары балықтардың неден қырылғанын анықтау үшін өзеннен сынама алып кетті. Бадам өзені балық шаруашылығына кіретін су айдыны емес. Алайда қала аумағына кіретін өзен болған соң бұл жұмыстармен де айналысуға тура келеді. Өзеннің суы таудікі болғандықтан, мұнда шармай (маринка) балықтары жүреді. 8 наурыз күні түс ауғаннан бастап инспекторлар өлі балықтарды жинаумен айналысты. Кешке дейін 20 келідей өлі балық жиналды. Бүгін таңнан бері 10 келіге жуық балық жиналып алынды. Барлығын да залалсыздандыратын боламыз», – дейді Мейіржан Ибрагимұлы. Ұзындығы 141 шақырымды құрайтын Бадам өзені әлі де өлі балықтан тазартылып жатыр. Мамандар мұндай жағдайдың бұрын-соңды болмағанын жеткізді. Болжам бойынша балықтың қырылуына жаңбыр және тасқын судан судың сапасы мен ондағы температураның өзгеруі де себеп болуы мүмкін. Айтса айтқандай-ақ, соңғы апталарда Шымкент қаласында жиі жаңбыр жауып, ауа температурасы да өзгеріп тұр. Тағы біреулер өзенге химиялық заттар төгілуі мүмкін деген болжам айтады. Алайда Мейіржан Өмірәлиев СЭС судың сынама қорытындысын екі тәулікте анықтаса, экологиялық және ветеринариялық қорытындылар жұма күні дайын болатынын айтады. Сонымен, әзірге Бадам өзеніндегі балықтың қырылу себебі беймәлім болып тұр. Зертханалық зерттеулер нәтижесін күтетін боламыз.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы