Көкшетаудан таяқтастам жерде Алексеев деген ауыл бар. Кезінде дүркіреп тұрған ауыл қазір басқасын былай қойғанда, қалың қардан көз аша алар емес. Облыс орталығынан жиырма шақырым ғана қашықтықта орналасқанымен, ауыл іші күртік қарға толып, жүретін жол қалмаған. Ауылда тұратын үй саны мен халықтың тығыздығы шағын болғанымен, ауылдың аумағы атшаптырым.
Биылғы қарлы қыстың салдарынан тышқан ізіндей жолдардан малтығып жүрген ауыл тұрғындарының билікке өкпесі қара қазандай. Өйткені жолды қар алып қалуы ауылда үйлердің бірінен өрт шығып, екі адамның бірдей қаза болуына да себеп болған көрінеді. Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Алексеев селолық округіне осы маңдағы Алексеев-1, Алексеев-2, Доломитов кенті және Жаманащы,Нефтебаза стансалары кіреді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын қыс бойы боран болса да ауыл жолдары айнадай таза тұрады екен. Бірақ соңғы уақытта қарға адым аттау мұңға айналыпты. «Мен осы ауылда өмір бойы тұрып келемін. Жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшесімін. Осы ауылда бар бейнетті көріп, кен орындарында жұмыс істедім. Тау-тасты кен өнімдерін өндіретін рудник әрқашан ауылға қолқабысын тигізіп тұратын. Қар тазалайтын техника ауыл әкімдігінде де рудникте де болды. Қазір тек доломит кен орнында ғана бар. Бұрын кен орнын қазушылар ауылдағы жолдарды тегістеп, қиыршық тас төсеп отыратын. Қазір тіпті қардан аршып тазалауды да қойды. Олардың жұмысшыларды таситын автобусы тұтас ауылды бойлай өткенімен, қар тазаламайды. Қыстыгүні мүлде ешқайда шыға алмай қаламыз. Ал егер өрт шығып, не біреулер қатты ауырып қалса не болмақ? Ауылдан шыға алмайтын кездеріміз аз болмайды», – дейді Алексеев селосының тұрғыны Елена Федорина. Ауылға аздап болса да көмек беріп, трактормен жолдарды аршуға «Аривотранс» фирмасы жәрдем берген. Жергілікті тұрғындар кәсіпорын басшысы Вячеслав Мочкаринге алғысын білдірді. «Кәсіпорын басшысы ауылдағы жағдайды біліп, жұмыстан кейін кешкісін тракторын қарды тазалауға жіберіп тұрады. Тракторшы жігіт Виталий Иммель шаршап жүрсе де, ауылдың әбден құрсаулап қалған қарын анда-санда болсын тазартып тұрады. Ол болмаса, мүлде бітеу қалар ма едік», – дейді Елена Федорина. Жақында ауылда бір үйден өрт шығып, әкелі-балалы адамдар қаза болған. Бір баласын жанып жатқан үйінен алып шыққан ер адам екіншісін алып шықпақшы болып үйге кіріп, шыға алмай көз жұмған. Ауылдықтар бұл оқиғаға да қардың тазаланбауы басты себеп болғанын айтады. «Егер қар уақытында тазартылып, жол болған жағдайда өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, адамдар аман қалар еді. Сонда өздеріңіз ойлап көрсеңіздерші, бейкүнә бала мен атпал азаматтың өлімі кімнің мойнында», – дейді ауыл тұрғындары. Мәселе жөнінде Зеренді ауданы әкімдігінен пікірін білмек болдық. Олар төмендегідей жауап берді. «Биылғы жылдың ақпан айында Зеренді ауданы бойынша қар жылдағыдан аса көп жауды. Жауын-шашынның мөлшері орташа климаттық норма 221 пайыздан да асып жығылды. Аудан өте үлкен. Қар тазалайтын қолда бар техниканың саны шынында да шектеулі мөлшерде. Жолдар мүмкіндігіне қарай тазартылып жатыр. Әрине, бәріне бірдей үлгеру мүмкін болмай жатыр. Дегенмен өрт болған оқиға орнына «КамАЗ» маркалы жоғары өтімділігі бар 5 арнайы техника, Көкшетау қаласынан, сонымен қатар Зеренді ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінің жанындағы Краснояр бекетінен 5 арнайы техника дер кезінде жетті», – дейді Зеренді ауданы әкімдігінен. Аудан әкімдігі осылай деп мәселені қардың көптігіне тіреді. Ал ауыл халқының әлі қашанға дейін қалың қарды омбылап жүретіні бір құдайға аян...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы