«Тобыл» – Суперкубок иегері
«Тобыл» – Суперкубок иегері
126
оқылды

2021 жылы жаңа форматта өткен футболдан Қа­зақ­стан Cуперкубогы мәре­сіне жетті. Төрт команда ара­сында өткен бәсекеде  «Тобылдың» асығы алшысынан түсті.

Футбол додасының маусым­ашар матчы Түркістан қаласында өтті. Жылдағыдай жаңа маусым Суперкубок ойынымен бастал­ды. Қостанайлық команда тур­нирде негізгі уақытта бірде-бір кездесуде жеңіске жетпесе де, пенальтилер сериясында «Қай­рат» пен «Астананы» қапы қал­дырды. Олар бастысы нәтижеге қол жеткізу үшін ойнады және өздері қалаған межеге қол жет­кізді. Айта кетейік, Қазақстан Суперкубогы – 2008 жылдан бері өтіп келе жатқан және бүгінге дейін өзінің бастапқы түрінде сақталған отандық футболдағы жалғыз ауыспалы кубок. Биыл сол Суперкубок өзгеше форматта ұйымдастырылды. Яғни, өткен маусымның қорытындысы бо­йын­ша алғашқы төрттікке енген командалар жарыс жолына шық­ты. Жеребе бойынша жар­тылай финалда «Астана» мен «Шах­тер», «Қайрат» пен «Тобыл» жолықты. «Тобыл» турнирде тәп-тәуір өнер көрсетті. Өткен жылғы ел чемпиондары «Қайратқа» үш гол соғып, Шпилевский шәкірттерін біраз әбігерге салды. Асхат Тағы­бер­геннің 9 минутта соққан голы «Қайрат» ойыншыларын қайрап, шабуылда ойнауға, ашық футбол көрсетуге түрткі болды. Сондықтан да болар 90 минуттың ішінде жанкүйерлер алты бірдей тамаша голдың со­ғыл­ғанын көрді. 40-минутта Ко­совичтің шірене тепкен добы Мокин қорғаған қақпадан табы­лып, таразы басы теңесті. Осы­лайша, ойынның бірінші бө­лігінде 1:1 есебі тіркелді. Екінші таймда «Қайрат» ойын­шылары алға ұмтылып, «То­былдың» қорғанысын бұзып-жаруға оқталды. «Тобыл» да ара­гідік қарымта шабуылға шығып, қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда біразға дейін есеп ашыла қоймады. Тек кездесудің 67 ми­ну­тында ғана шабуылшы Шушу­начев алматылықтарды есепте алға шығарды. Содан кейін ойын қыза түсті. Қостанайлық коман­даның сапынан екі бірдей ойыншы көзге түсіп, екі минут­тың ішінде қос гол соғып, жеңіс­ке бір табан жақындай түсті. Тек соңғы минутта соғылған Гүлжігіт Алықұловтың голы алматылық ұжымды жеңілістен аман алып қалды. Шешуші пенальтилер се­риясында 39 жастағы тәжіри­белі қақпашы Александр Мо­ки­ннің шеберлігі анық байқал­ды. «Қайрат» ойыншыларының екі бірдей соққысын тойтарып, өзінің әлі бабында екенін дә­лелдеді. Тобыл Жалпы, Бабаян баптайтын команданың қарқыны мықты. Бір қызығы, қымбат футбол­шы­лардан, әсіресе легионерлерден жасақталған «Қайратқа» қарсы «Тобыл» сапында негізгі құрамда 9 бірдей қазақстандық футболшы алаңға шықты. Ал алматылық командада төрт қазақстандық ойыншы бірінші минуттан ойынға араласты. Соның өзінде турнир жеңімпаздары команда­лық ойынымен, жеңіске деген жігерімен қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Ал Андрей Тихонов жаттық­тыратын «Астана» қарағандылық «Шахтер» командасын 0:2 есе­бімен жеңіп, финалға жолдама алды. Қаржылық жағдайы на­шар­лаған елордалық коман­даның құрамы өткен жылғыға қарағанда біраз өзгерді. Жарты ойыншысы кетіп, орнына жаңа­дан футболшылар келді. Соның өзінде команда алғашқы кез­десуінде тәуір өнер көрсетті. Ал еуромаусымның іріктеу ойын­дарына қатысуға жолдама алып берген білікті бапкерімен қош­тасқан «Шахтер» Әли Әлиевтің баптауымен бірінші кездесуінде-ақ жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, финалға «Тобыл» мен «Астана» өтті. Ал үшінші орын үшін «Қай­рат» пен «Шахтер» күш сынасты. Шпилевский бұл жолы «Қай­раттың» жас ойыншыларына мүмкіндік беріп, соның өзінде жастар «кеншілерден» айласын оңай асырып кетті. Маусымның бастауы болған Қазақстан Суперкубогының фи­налында «Тобыл» мен «Астана» командаларының ойыншылары жарыстың көрігін қыздырды. Алғашқы 10 минуттың ішінде ұйымдастырылған алма-кезек шабуыл­дар мен қақпаға бағыт­талған соққылардың өзі матчтың тартысты өтіп жатқанын көр­сетті. 14-минутта Серікжан Му­жиковтың бұрыштамадан әуелете көтерген добына бірінші жеткен бойшаң қорғаушы Сер­гей Малый   қарсылас қақпасына дәл көздеп, командаластарына қуаныш сыйлады. Осыдан соң қос команда көп шабуыл­дағанымен таблодағы есеп өз­гермеді. Тек матчтың соңғы ми­нуттарында Марин Томасов айып добын сәтті орындап, таразы басын теңестірді. Осы­лайша, Суперкубоктың жеңім­пазы тек пенальти сериясында анықталды. «Астана» шабуыл­шысы Роман Мұртазаевтың соқ­қысын қайтарған Александр Мокин командасына жеңіс сыйлады. Сөйтіп, «Тобыл» өз тарихында алғаш рет Қазақстан Суперкубогына ие болды. Ал «Ас­тана» күміс жүлдегер атанды. Қола жүлде «Шахтерді» 2:1 есе­бімен жеңген «Қайратқа» бұ­йырды.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ