Әлеуметтік желіде 8 наурыз күні жол ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісінің видеосы жарияланған еді. Қызығы сол ол өзін полиция қызметкеріне «Жұмабектің бажасымын» деп айтып, заңға бағынбай кетіп қалған.
Түркістан облыстық Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік қызметі «Жұмабектің бажасына» қатысты тексерістің алдын ала нәтижесін жариялады. Дегенмен полиция қызметкері көлік жүргізушісінің соңынан қуып жетіп, оны тоқтатқан. Жол ережесін өрескел бұзған «Лада Приора» автокөлігінің жүргізушісіне екі бірдей әкімшілік хаттама толтырған. Кейіннен жүргізушіні медициналық куәландырудан өткізген. Нәтижесінде, көлік жүргізушісінің ішімдік ішпегені анықталды. Қазір оқиға туралы мәліметтер жинақталып, Отырар аудандық сотына жолданды. Әрі облыстық Полиция департаменті Жұмабектің кім екенін де анықтаған. «Отырар аудандық полиция бөлімінде Жұмабек Төлеген есімді полиция майоры жұмыс істейді. Ол әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы лауазымында, оның қарамағына екі қызметкер кіреді. Бүгінде полиция қызметкеріне қатысты Түркістан облысы Полиция департаменті ӨҚБ тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – дейді құқық қорғаушылар. Аталған видео жайын баяндасақ, көлік жүргізушінің түнгі уақытта жолдың қарсы бетіне шыққанын анық байқайсыз. Ал видеоға түсіріп жатқан адам «Шәуілдір, встречка» деп айтады. Кейіннен ол айналма жолға бұрылғанда алдынан патрульдік полиция шығады. Бірақ көлік жүргізушісі саспай, полиция қызметкері құжат сұрағанда «Не болды? Мен – Жұмабектің бажасымын. Қазір Жұмабек келеді артымнан. Жұмабекке звондасай», – дейді. Көлік жүргізушісінің сөзіне мән бермеген полицей бейнебақылаудың барын және ешкімге қоңырау шалмайтынын айтады. Көлік жүргізуші де қайтпай, «Әне, «083» келіп тұр, соған барсай, құжат жоқ!» – дейді. Осы сәтте полиция қызметкеріне бір адам жақындап, «Ей, Жұмеке!» деген дауыс естіледі. Ал көлікте отырғандар «Шәуілдір біздікі!» деп кетіп қалады. Көп өтпей Полиция департаменті кешірім сұраған «Лада Приора» иесінің видеосын жариялады.Айбике ЖАНАСЫЛ