«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жас мамандарды даярлауға арналған «Жас Өркен» бағдарламасы басталғанын жариялайды. 2018, 2019 және 2020 жылдары оқу бітірген бакалавриат және магистратура түлектері бағдарламаға қатысу үшін zhasorken.skcu.kz сайтында 31 наурызға дейін өтініш бере алады. Байқау нәтижелері бойынша 30-ға жуық қатысушы таңдалып, олармен «Самұрық-Қазына» қорының компанияларында мамандық пен кәсіптік бағытқа байланысты 5 айдан 20 ай ішінде ауыстыру туралы еңбек келісіміне қол қойылады.
5 айдан 20 айға дейін созылатын бағдарлама барысында қатысушыларға жалақы, жолақы, жамбасақы төленеді.
– Бұл – ой-өресі биік, таным көкжиегі кең жаңа буын басқарушыларды қалыптастыру құралы. Жас мамандар бірден оқып-тоқып, еліміздегі ірі индустриялық кәсіпорындарда жұмыс істейтін мүмкіндікке ие болады. Әрбір қатысушыға портфельдік компаниядағы мамандар арасынан жеке тәлімгер тағайындалады, – дейді «Самұрық-Қазына» қорының адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Анар Мұхамеджанова.
Бағдарлама комиссиясының құрамына «Самұрық-Қазынаның» топ-менеджменті және тәуелсіз бақылаушылар кіреді. Іріктеу кезінде қатысушылар тең жағдайда жарысып, меритократия мен ашықтық қағидаттары қатаң сақталады. Айта кетейік, «Жас Өркен» бағдарламасы 2017 жылы басталған. Бағдарламаны іске асыру кезінде жоғары оқу орындарының 70-тен астам түлегі «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобында қызмет атқарды.
2018 жылы байқауға қатысқан 737 жастың 20-сы таңдалды. Биыл қаңтар айында 14 түлек жұмысқа орналасты.
Былтыр 4 364 қатысушыдан 30 маман іріктелді.
Биыл қаңтар айында конкурстық іріктеу басталды, бірінші турға өтініш қабылдау 31 наурызға дейін жалғасады, бағдарлама өкілдері 2018, 2019 және 2020 жылдардағы бакалавриат пен магистратура түлектерін байқауда бақ сынауға шақырады.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ