«Қазақалтын» шотынан 1,5 млрд теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды
«Қазақалтын» шотынан 1,5 млрд теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды
5,150
оқылды
«Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ шотынан 1,5 миллиард теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі. 23 ақпанда «Қазақалтын» ТКМК» АҚ өкілдері компанияның шотынан 1 миллиард 533 миллион теңге ұрлау фактісі бойынша полицияға жүгінді. Аталған қылмысты ашу үшін криминалдық полиция және тергеу бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі «аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында 26 ақпанда полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында екі күдіктіні ұстады. Оның бірі 37 жастағы қаржы бөлімінің қызметкері болса, екіншісі оның 38 жастағы азаматтық некедегі күйеуі. Күдіктілерге қатысты сот «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген хабарламада.
Тергеу органы тергеу шеңберінде залалды өтеуді қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.
«Тергеу мүддесіне орай басқа ақпарат жарияланбайды», - деп толықтырды ведомстводан.
Бұған дейін «Қазақалтынның» қызметкері өзіне 1,5 миллиард теңге аударып алып, із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған болатынбыз.