Баспана бағасы қымбат болғандықтан, Қазақстан азаматтары шетелге көшуге мәжбүр
Баспана бағасы қымбат болғандықтан, Қазақстан азаматтары шетелге көшуге мәжбүр
5,211
оқылды

Үй алуға арналған бағдарлама көп. Бірақ пайдасы жоқ. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Парламент депутаттары тұрғын үй бағасын талқылады. Қиындығы сол баспана ала алмағандар шетел асып кетіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда үй бағасы 20 пайызға қымбаттады. Жаңадан салынған пәтер құны 8 пайызға өскен. Экономистер бұған халықтың жаппай зейнетақы жинағының бір бөлігін алып жатқаны себеп дейді. Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков әлеуметтік бағдарламалардың осалдығын сынға алды. Тіпті бағадағы серпіліске құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етіп отырғанын жеткізді.

Жамбыл Ахметбеков: «Құрылыс материалдары құнының өсуі тұрғын үйдің бағасының қымбаттауына әкеп соқты, мемлекеттік бюджет есебінен салынатын мектептер, ауруханалар мен басқа да объектілер құрылысына шығындардың өсуіне әкеледі. Бағаның шектен тыс көтерілуін тежейтін нақты механизмдер қажет», – дейді.

Бағаның тоқтаусыз өсіп жатқанын риэлторлар да растайды. Олар қазір шарасыздықтан шақшадай басы шарадай болғандар, шекара асып кетіп жатқанын айтты. Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті шетелден сатып алуға көшкен. Өйткені онда  жоғары санаттағы үйлердің бағасы қолжетімді дейді. Тіпті бізде лашыққа жетер қаражатқа зәулім пәтер алуға болатын мүмкіндік те бар екен.

Қазақстан риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко: «Мәселен 25 мың долларға бізде аса бір дұрыс үй алу қисынсыз. Сол бағаға лайықты үй жоқ. Ал осы сомаға Батумиден жағалау бойынан қалаған үйіңді алуға болады. Соңғы уақытта осындай сұраныстар артып келеді»,– деді.

Көбінесе Кипр мен Түркиядағы пәтерлерге сұраныс артқан.