«Мен ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туыппын. Ол күні жер де сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған, есте қаларлық боран да болмаған, ең аяғы қалжа сүйегіне иттер де таласа алмаған. Менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қара үйде тағы бір бала туа салған да, басқа балаларының атына ұйқастыра ат берілген» деп жазады жазушы Ғабит Мүсірепов «Автобиографиялық әңгіме» шығармасында.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан», – дейді халқымыз. Бұрын көпбалалы болу, оны бағып-қағу қалыпты жағдай болса, қазіргі күні бір баланың өзін өсіру үлкен мәселе ретінде қабылданатыны жасырын емес. Бәрін былай қойғанда, бала туғаннан кейін бір жасқа толғанға дейінгі күтімі ер мен әйелдің мойнына салмақ болып түсіп отыр.
Бүгінде батыс елдеріндегі дәстүрге айналып келе жатқан бала күтіміне орай ер адамның демалыс алуы біздің елге де жетті. Еңбек кодексінің 99-бабы бойынша, бала күтіміне байланысты демалысты баланың анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алатыны жазылған. Яғни, әкелер де бала күтіміне орай демалысқа шыға алады. Әдетте, әйел заты өмірге сәби әкелген соң заң бойынша декреттік демалысқа шығады, денсаулығын қалпына келтіру керек әрі балаға күтім қажет. Әйтсе де, балаға қараймын деп еркектің үйде отыруы қаншалықты көңілге қонымды?
Дамыған елдер, әсіресе Еуропа мемлекеттері соңғы жылдары ерлерге жаңа туған сәбидің күтімі үшін берілетін демалысты – жан жарыңа қолғабыс ету, үй ішіндегі гендерлік теңдік ретінде қарастыра бастады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жасаған мәліметтерге сәйкес, әлемде 41 мемлекет бала күтімі себебімен жұмыстан босайтын ерлердің ақы төленетін демалысын қамтамасыз етіп отыр. ЭЫДҰ статистикасы ата-аналарға берілетін демалыстың көлемін үш санатқа жіктейді: 1) аналарға бала туған немесе асырап алған кезде берілетін бала күтімі бойынша демалыс; 2) әкелерге бала туған кезде берілетін демалыс; 3) әдеттегі декреттік демалыстан кейін берілетін қосымша демалыс.
Жоғарыдағы үш санат бойынша әр елде демалыстың түрі мен көлемі әрқалай. Бір сөзбен айтқанда, өзін әлеуметтік мемлекет санатына жатқызатындар өз азаматтарының әл-ауқатына қарай жомарттық танытуда. Мәселен, Швецияда ерлі-зайыптылар тұңғыш баласы өмірге келгенде 480 күнге дейін демалыс алады. Бірақ отағасына оның 90 күніне ғана ақша төленеді, қалған 390 күн сәбиінің қасында боламын десе өз еркі, тек ақы төленбейді. Ал Эстонияда әкесінің сәбиімен қарым-қатынасын қосымша ынталандыру мақсатында мемлекет екі апта ақысы төленетін демалыс береді. Сондай-ақ бала күтімі мерзімі аяқталғаннан кейін ерлі-зайыптының айлығы, яғни екі жалақының орташа көлеміне есептелген өтемақы төленеді. Бұл жүйе Исландия мемлекетінде сәл басқаша, бала туғаннан кейін берілетін тоғыз ай демалысты ата-ана қалай бөлісетінін өзара шешеді. Яғни, алғашқы 3 ай әкесі мен анасы қатар демалуға құқылы. Одан кейінгі 6 айды, екеуара келісіп бөлісіп алады да, әрқайсысына жалақысының 80% көлемі төленіп тұрады. Литвада тұңғыш рет әке болған жанды 4 апта жұмыстан босатады. Ал жалпы анасына 156 апта демалыс қарастырылған. Яғни, оның алғашқы 52 аптасында (бала 1 жасқа толғанға дейін) жалақының 100% көлемінде жәрдемақы алып тұрады. Қалған 104 аптада (1 жастан 2 жасқа дейін) ол көлемі 70%-ға түседі. Одан кейін де ақысы төленбейтін демалысын создыруға құқы бар. Финляндияда ерлерге сегіз апталық жәрдемақы төленетін демалыс, аналарға – 23 апта ұсынылады. Сондай-ақ бала 2-сыныпқа барғанға дейін ата-анасы кезек-кезек демалысқа шыға алады.
Жалпы, ер адамға бала күтімі үшін демалыс беріп, ақша төлеу жүйесі ата-ана жауапкершілігінен бөлек, кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысқа тұрақтылығына да әсер еткені байқалуда. Мысалы, Google компаниясы жүктілік бойыншаа ақысы төленетін демалысты 12 аптадан 18 аптаға ұзартқан кезде қызметкерлерді ұстап қалу 50 пайызға артқан.
Алайда бала күтімі ер мен әйелге ортақ іс деп қарамайтындар да бар екен. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылғы баяндамасында айтылғандай, арнайы сауалнамаға жауап берген Египетте ер адамдардың 98%-ы, Малиде 92%-ы бала күтімі әйелдердің шаруасы екенін айтқан.
Қазақстан да әлемдік үдерістен қалыспай, заңға арнайы норма енгізген. Еңбек кодексінің 100-бабына орай бала күтіміне байланысты демалысты анасының да, әкесінің де алуына құқы бар. Дегенмен баланы үйде кімнің қарайтынын және бала күтіміне байланысты демалысты кімге рәсімдейтінін экономикалық тұрғыда тиімді жағын ескере келе отбасы мүшелері өздері шеше алады. Соңғы жылдары елімізде декреттік демалыс алған ерлер қатары көбейген. Ресми дерекке сүйенсек, 2016 жылы – 5 326, ал 2017 жылы 23 054 әке бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдепті. Демек, «Әкенің балаға жақындығы жездедей-ақ» деген бұрынғы түсінік те өзгеріп келеді. Психологтер қазіргі күні ер адамды бала күтіміне жауапты ету, отбасы бірлігінің татулығына әсер ететінін байқаған. Себебі отбасындағы «кішкентай адам» заманға сай жаңаша жауапкершілік жүктеп отыр.
Дастан ДУМАНҰЛЫ