Ресейде Әлихан жайлы бірде-бір кітап жоқ – Виктор Козодой
Ресейде Әлихан  жайлы бірде-бір  кітап жоқ – Виктор Козодой
522
оқылды

Ол биыл  Әлихан Бөкейхан туралы кітабын басып шығармақ. Өйткені бұған дейін Алаш көсемі туралы бірде-бір кітап жазылмаған. Осы арқылы «Алашорда» қозғалысы туралы тың деректермен ресейлік оқырманды хабардар етпек. Тарих ғылымдарының докторы, тарих және әлеуметтік-сая­си зерттеулер институтының директоры (Новосібір қаласы) Виктор Козодой осылай дейді.

– Ресейлік ғалымдардың Алаш көсемі, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан тұлғасын зерттеумен айналысып жүргені біз үшін үлкен жаңалық. Дегенмен бұл тақырыпқа қалай келдіңіз? Мұны зерттеуге кім ой салды? – Жалпы, тарихшы ретінде маған тарихты, әсіресе тарихтағы өзгеріс кезеңіндегі бетбұрыстарды зерттеу бұрыннан қызық еді. Негізгі тематикам – революция кезеңі, жаңа реформалар, көтеріліс жылдары. Әсіресе, XVII-XX ғасыр аралығындағы Сібірдегі азаматтық соғыстың бұлтартпас айғақтары мен жаңалығын анықтап, тереңірек зерттеп, кітап жазбақ болғанмын. Бірақ сол тарихи кезеңдерді зерттей жүріп, «Алаш қозғалысы» туралы деректерге тап болдым.  Алаш қозғалысы туралы айтқанда Әлихан Бөкейхан жайында сөз қозғамау мүмкін емес еді. Түптеп келгенде, бәрі бір-біріне сабақтасып бай­ла­нысқан біртұтас дүние. Міне, содан бастап Әлихан тұлғасына қызы­ғушылығым оянып, осы жайында зерттеу жасамақ болдым. – Новосібірден басталған зерт­теуіңіз сізді Қазақстанға алып келді ме? – 2019 жылы халықаралық тә­жірибе алмасу бағдарламасы бо­йынша Павлодар университетіне жұмыс істеуге келдім.  Онда ұстаз­дық­пен ғана емес, қосымша кітап­ханада зерттеу жұмысымды жүр­гізуге үлкен мүмкіндік туды. Жер­гілікті кітапханадан шықпай жүріп, Әлиханның ұлы тұлға екенін таны­дым. Ол жайында кітаптың бір та­ра­уын арнау маған аздық етті. Жалпы, оның өмірбаяны жайында монография жазудан бастау керегін түсіндім. Өйткені бізде, яғни Ре­сейде Әлихан жайында бірде-бір кітап жоқ. Осының орнын толтыр­ғым келді. Сонымен қатар оның «Алаш­орда»  қозғалысындағы ат­қар­ған қызметін айшықтап көрсеткім келді. – Қазақстандық оқырмандар біле бермейтін тың  мағлұмат таба алдыңыз ба? – Әрине, таптым. Ондай мә­лім­еттер Орынбордан көбірек табыл­ды. Мысалы, 1920-1922 жылдар аралығында Әлихан амнистиядан кейін Қырғыз автономиялы рес­пуб­ликасының халық комиссариа­тында жер шаруашылығында жұ­мыс істеді. Ол кезде Кеңес үкі­метінің заманы еді. Орынборда табылған құжат бойынша оның банкте істегенін көрсетеді. Онда Әлиханның Самара облысында тұрған кезі. Сонымен қатар 1917 жылы қазан айында жалпысібір құрыл­тайына қатысқан делегат­тардың өз қолымен толтырған ан­кетасы бар. Соның ішінде Әлихан Бөкейханның өзі туған күні мен туған жылын көрсетіп толтырыпты. Міне, сол түпнұсқа сақтаулы тұр. Бұған сүйенсек, Әлиханның туған жылы 1866 дегенге күмән тудырады.  Сол құжаттарға дата бойынша анықтап қараса, оның қай жерде, қандай қызметте, не істегенін анықтауға болады. Бір сөзбен айтсақ, Әлиханды басқа қырынан танитын едік. – Әлихан Бөкейханды зерттей отырып, оның қайраткерлік қасиетін тани алдыңыз ба? – Әлихан Бөкейхан –  жалпы­мемлекеттік, жалпыимпериялық деңгейдегі саясаткер. Ол – аса көрнекті, ұлағатты тұлға. Оның монографиясын зерттей отырып, көз жеткізген бір дүние – ол  өз-өзін өсіріп, мықты деңгейге көтерілген адам. Ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласы ұлттың көшбасшысына айнала білді. Ол сол кездегі қазақ зиялыларын жұдырықтай жұмылдыра алды және автономияның идеялық, мәдени, ағартушылық негізін құрды. Алашорда үкіметінің ұс­танымы – Қазақстан тәуел­сіз­дігінің алғашқы баспалдағы. Бір сөзбен айтсақ, саясаткер, ағар­тушы, ғалым, публицист. Өзі бірнеше тілді меңгерген, әде­биеттен де хабары болған. Соған қарамастан ұйымдастырушылық пен басқарушылық қабілеті зор еді. Жалпы тарихтан қарасаңыз,  әр халықтың тұғырлы тұлғасы болады. Алайда Әлихан Бөкейхан сияқты кәсіби саясаткер, білімді жандар өте сирек кездеседі. – Бұл тақырып бойынша зерт­теуге қанша уақыт жұмсадыңыз?  Мо­но­графияңызбен қашан таны­сатын боламыз? – Зерттеу жұмысы – құр сүйкей сала­тын жеңіл дүние емес. Бірін­шіден, кез келген ғылыми-зерттеу жаңашылдықтан тұрады. Сізді өзгеден айшықтайтын да сол нәрсе. Тың мағлұмат тапқанның өзі үлкен жетістік. Уақытымның басым бө­лігі – архивті ақтарумен өтті. Жал­пы айтқанда, Ресей мен Қазақстан­ның 10-нан астам архивін қарадым. Оның ішінде Семей, Павлодар және Алматыдағы орталық архив­тер де бар. Одан бөлек, Омбы, Том­бы, Санкт-Петербор, Самара, Орынбор  – Әлиханның негізгі жұ­мыс істеген жерлері. Сол архивтер­ден әлі ешкім білмейтін, жарыққа шықпаған құжатты да таптым. Соның бәрін жинақтап біттім. Енді осының бәрін қорытып, жазу ғана қалды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР