Қазір еліміздің ауыл шаруашылығы саласында келесі бесжылдыққа агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ұлттық жобаны әзірлеу шарасы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы халыққа арнаған Жолдауында қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама келесі жылы аяқталатынын, Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырған болатын. Содан бері министрлік тарапынан жобаны әзірлеуге арнайы жұмыс тобы құрылып, елдегі ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесу өткізіп, ұсыныс тыңдалуда.
Әр облыстың жер жағдайы мен климаты сәйкес келмейді
Осынау жобаға ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған Түркістан облысының шаруалары да өз ұсыныстарын білдіріп, негізгі проблемаларды жеткізгісі келеді. Қазақстан фермерлер қауымдастығының Түркістан облысы филалының директоры Жүсіп Шәріпұлы өңірдің ауыл шаруашылығын бес саусақтай білетін жан. Әрдайым шаруаларда кездесетін қиындықтар мен проблемалар төңірегінде мәселе көтеріп, оң шешілуіне ықпал етіп жүр. Түркістан облысындағы 15 ауданда ауа райына, климат жағдайына қарай мақта, бидай, көкөніс, жемістің бірнеше түрі егіледі. Одан бөлек, мал шаруашылығы да дамыған өңір. «20 305 мүше бар. Биыл 40 мыңға жеткіземіз деп отырмыз. Республикада ең мүшесі көп біздің облыс. Өңірдегі 173 ауыл округінің барлығында филиал ашылған. Яғни, бар ауыл қамтылған. Мақсатымыз – 173 ауыл округіндегі фермердің басын қосып, әлеуметтік, қаржылық жағынан мүмкіндік жасап беру. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытудың бесжылдық бағдарламасы аяқталады. Министрлік тарапынан Zoom платформасы аясында өткен тыңдалымға қатыстық. Әлі де айтар ұсынысымыз көп», – дейді Жүсіп Шәріпұлы. Қабылданатын концепцияда жер телімі, оны қалай пайдалану керек, егін, мал шаруашылығы да жан-жақты талқыланып жатқанын сөз еткен фермер, алайда бүгінде осынау салада проблеманың шаш етектен екенін ашына жеткізді. «Қордаланған проблеманы бір жүйеге түсіру үшін нақты бағыт-бағдар керек. Бәрінің түйіні – ауыл шаруашылығының өндірістік кооперативін дамыту. Қазір фермердің барлығы майдаланып кеткен. Бірігу туралы заң 2015 жылы шықты. 2015 жылдан 2017 жылға дейін бұл науқан жақсы жүрді де, кейін сол күйінде қалып кетті. Осы мәселені жиі қозғаймын. 2019 жылы министр 14 облыстың төрағасын қабылдады. Сонда сөйлеген 18 адамның проблемасы кооперацияға біріккенде ғана шешілетінін жеткіздік. Кооперация жолға қойылса, мәселе болып жүрген техника да, қаржы да, минералды тыңайтқыш та өз-өзінен реттеле бермек. Фермерлердің сонда көзі ашылады. Ауыл да кооперацияға байланысты дамиды. Осынау ұлттық жобаға кооперацияның енетінін естіп қуанып отырмын. Бірақ оның механизмін жан-жақты қарап түзбесе, шаруалардың біріге қоюы қиын. Олар біріксек, иеленіп отырған жерінен айырылып қаламыз деп қорқады. Жоқ олай емес, сол жерімен бірге кіреді. Иелігіндегі жерді ешкім ала алмайды. Кеңес заманында ұйымдастыру шаруашылық кітабы деген болатын. Онда егіс танаптары, ауыспалы егіс, оны қалай тыңайту керек, микроэлементтер барлығы жердің картасында тұратын. Бізде солтүстік өңірлер сияқты 10-50 мың гектар деген жоқ. Міне, осыны Ауылшаруашылық министрлігі, депутаттар, Үкімет және жергілікті билік дұрыстап халыққа қарапайым тілмен түсіндіре алса, ешқандай қорқыныш болмайды. Кооператив болмаса, «баяғы жартас бір жартас» күйінде ешқандай өзгеріссіз қалады», – дейді фермерлер қауымдастығының төрағасы. Жүсіп Шәріпұлы ұлттық жобаға әзірлік барысында министрліктің әр облысты жеке-жеке тыңдаймыз деп уәде еткенімен, енді 4 облысты біріктіріп тыңдап жатқанына көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі әр облыстың менталитеті, жер жағдайын, климатын салыстыруға келмейді.Табыстың жартысынан көбі жағармайға жұмсалады
Шаруалар үшін тағы бір проблема – дизель отыны. Бір кездері құны болмашы тиын тұратын жағармайдың бағасы қазір жанармайдан әлдеқайда шарықтап кеткен. Тіпті, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек те жәрдемдесе алмапты. Бір қызығы, былтыр фермерлер қауымдастығы ауыл-аймақты аралап, шаруалармен кездескенде мемлекеттен жәрдем ретінде беріліп жатқан дизель отыны 165 теңгеден келіп жатса, нарықтағы, яғни жанар-жағармай құю бекетіндегі баға 150-155 теңгеден босатылған. Созақ аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Нұрлан Керімов тасымалдың барлық түрі дизель отынына тәуелді екенін, өкінішке қарай табыстың тең жартысы соған жұмсалатынын айтады. «Азық-түлік бағасы осыған тікелей байланысты. Жұмысшыларға берілетін жалақы шығынға қарай есептеледі. Үкімет тарапынан осы мәселенің шешілмей келе жатқанына ренжиміз», – дейді ол.Шаруалар мал басын көбейтуге жер таппай отыр
Фермерлер бас қосқан жиында Кентау қаласы фермерлер қауымдастығының төрағасы Өтепберген Атажанов мал шаруашылығының түйткілді мәселелеріне тоқталды. Негізі, ауылдық жердің күнкөрісі төрт түлік мал екенін айтқан ол бүгінде бұл саланың ілініп-ақ тұрғанын жасырмады. «Бұрын шаруалардың көбі алатын азық-түлігі мен керек заттарын малмен есептесе беретін. Салдарынан қазір мал басын азайтып алды. Енді шаруасын кеңейтіп, малын көбейтейін десе жайылымы, жемшөп дайындайтын суармалы жері жоқ. Қора салуға да жер таппай отырғандар көп. Мал азығын дайындар жері болмағандықтан, жемшөпті сатып алып, мал баға алмайды. Тиімсіз. Бордақы малдан ептеп пайда түсетін шығар, бірақ малдың қай түрі болсын, оның төлін көбейту үшін азық сатып алып бағу мүмкін емес. Өзіме қарасты 16 ауыл округінің мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің бүгінгі жанайқайы – осы. Осы мәселемен бірнеше рет облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына да бардым. Ауылда шаруа балалары қазір 300 уақ малды үйінің ауласында ұстап отыр. Одан ары көбейте алмайды. 300-дің өзіне ауласы тарлық етеді. Кейбір жылдары егін суаратын су да, жауын да болмай қиналдық. Таудың суын су сақтау орнынан жинап пайдаландық» деп ағынан жарылды фермер. Ал созақтық Нұрлан Есенбекұлы кезінде өңірдегі қаракөл қой мен түйе шаруашылығының ең ірі ауданы болған аймақта қазір қуаңшылық болып тұрғанына алаңдайды. Қуаңшылық салдарынан шөп тапшылығы болып, биыл қыста көп адам малын қырып алғанын, үлгергені сойып алғанын айтады. Шөптің бір дестесі – 1 300 теңге, жемнің келісі 120 теңгеден болған. Сондықтан болар мал шаруашылығы дүркіреген аудан шаруалары қазір мал бағумен айналысқысы келсе де, тәуекелге баруға қорқады. «Былтырғы қуаңшылықта жыртқан жеріміз шаң болып жатты. Сосын техникалар да жоқ, барының өзі ескі, жер жыртуға жарамайды. Жердің жартысын ғана жыртқызып үлгердім. Ауылда техника тапшылығынан маусым кезінде шөбін дер кезінде орғызып ала алмайтындар бар. Мемлекеттік бағдарламаның түрі көп. Бірақ ол ауылдағы шаруаларға жетпейді. 10 пайызбен несие береміз дегенге құжат өткізіп едік. Жер деді, кепілге зат деді, осындай талапты әупірімдеп орындап, күтіп жүргенде, соңында ақша жоқ деп бермей қойды. Жалпы, мәселе көп. Жаздыгүні малшылар Бетпақдалаға жайылымға көшетін. Қазір ондағы құдықтар жабылып қалғандықтан, ол жаққа бармайтын болды. Ауданда мал шаруашылығынан гөрі өндіріске басымдық беріліп кетті. Шаруашылықтан күй кетті», – дейді Н.Есенбекұлы. Осы тұста біраз жыл бұрын мемлекеттің құдық қазғандарға субсидия бергені еске түседі. Естеріңізде болса, жайылымдық жерлерге құдық қаздырып, суландырғанға мемлекет құдық құнының 80 пайызын төлейтін. Кейін оны қысқартып, субсидияны алып тастады.«Қолдау» қолдаған жоқ
Фермерлер еліміздегі карантин кезінде бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті биліктің наубайханалар мен азық-түлік дүкендеріне пайызсыз несие сияқты көмек көрсеткеніне қынжылады. Ондай көмекті алыпсатарларға емес, азық-түлік бағасын ұстайтын шаруаларға беру керек екенін айтады. Өнімнің өзіндік құнын түсірмей пайда жоқ. Жеңілдетілген несиенің өзін қолы жеткендер ғана иеленеді. Одан бөлек, шаруаларға Qoldau.kz электронды жүйесі қатты қолбайлау болып тұр. Электронды жүйе арқылы алынған әрбір зат үшін 31 мың теңге төлеу керек. Одан бөлек, тиімсіз тұстары көп. Иә, аграрлық мемлекет бола тұра етті, сүтті, тауық өнімдерін, жемісті сырттан алғанымыз ұят. Шаруалар айтқандай, ауыл шаруашылығын өркендетпей, өрісіміздің кеңеймесі анық. Ұлттық жобаны жазып жатқандар елдегі осынау проблемаларды ескерсе дейміз...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы