МӘМС: Атырауда медицина ақсап тұр
МӘМС: Атырауда медицина ақсап тұр
478
оқылды

Атырауда медицина саласында кемшілік көп. Міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру мен кепілдендірілген тегін ме­ди­циналық көмек жүйесі енгізілді. Бірақ мұның қызығын қарапайым адамдар көріп отыр ма?  Мәселе – осында!

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі енгізілгелі бұл жүйенің мақсатын түсінбей отырғандар өте көп. Әлі де сол жағдай сақталып отыр. Оның негізгі себебі міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру және тегін медицина­лық көмектің кепілдендірілген көлемі шең­берінде көрсетілетін қызмет туралы барлық ақпарат­ты халыққа түсіндіруге міндетті жауап­ты адамдардың өздері жетік білмеуі. Бұл тегін медициналық көмектің кепілден­дірілген көлеміне шұғыл көрсетілетін қызмет­тердің бәрі осы жүйе арқылы шешілетінін білмеген халықтың көбі емхана мен ауру­ханаларда сабылып жүр. Айталық, өткен жылы «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының мамандары медициналық қызметтің сапасы мен көлемі бойынша 9 001 кемшілікті анықтаған. Мониторинг көрсеткендей, Атырау облысы бойынша қателіктің 51 пайызы  есеп құжаттарын қате толтырудан кетіп отыр.  Ал емдеу және диагностика шараларын орындау барысында стандарттар мен клиникалық протоколдардан негізсіз ауытқу  46,6 пайызды көрсетті. Сондай-ақ науқастардың диагнозын «жа­сан­ды» қиындату, ауруханаға жатқызбау немесе медициналық көмек көрсетпеу, қызмет пен дәрі-дәрмектерді «берілді» деп жалған толтыру жағдайлары кездеседі. Медициналық ұйымдар айыппұлының жалпы сомасы 478 253 557 мың теңгеден асады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша фи­лиалының директоры Сәбит Құралбектің айтуынша, өткен жылы ӘМСҚ мамандары 21 мыңнан астам қызметтің шын мәнінде орындалмағанын анықтағанын айтты. Олардың жалпы құны 290,9 млн теңгеге (эко­номикалық шараларды ескергенде) жетеді. Оның ішінде амбулатория­лық-емханалық көмек, кеңес беру және диагностика қызметтері деңгейінде Атырау облысы бойынша – 145 881 111 мың теңге көлемінде 55 592 кемшілік анық­талып отыр. Ең көп шағым «Медикер Жайык» Qamqor QP21, «№1 қалалық емхананың», «Атырау облыстық ауруханасының» қызметіне қатысты болған. Медициналық ұйымдарға қатысты шағым­дар­дың дені бастапқы медициналық санитар­лық көмек көрсетуден бас тарту, стационарда көрсетілген медициналық қызметтің сапасы туралы, диагностикалық көмек көрсетпеу, ауруханаға жатқызудан бас тарту жағдайына қатысты. Таратып айтсақ, «Медикер Жайык» хирур­гиялық көмек алуға зәру науқасты тұр­ғылықты мекенжайы бойынша емханаға жіберген. Бірақ науқас кар­диологтің қабылдауына кіре алмай, невро­патологтен ем ала алмаған. Ал терапев эндокринологке жолдама бермеген. Одан бөлек, шұғыл компьютерлік томографияға жолдама алғысы келген тағы бір тұрғынға жол­даманы күту кере­гін айтып, тығырыққа тіреген. Ең сора­қысы, аяғы ауыр келіншектің анализді ақылы тапсыруға мәжбүр болғаны, қатты ауырып тұрса да ауру­ханаға жатқы­зыл­маған тұр­ғынның жан­ай­қайы  кепілдендірілген тегін ме­дициналық көмек жүйесіне деген қоғамда сыни көз­қарастың үдеуіне әкеліп отыр. Сайып келгенде, бұл кемшіліктерге меди­цина мамандарының әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесіне қатысты мағ­лұматтарды жіті білмеуі себеп болды. Нәтижесінде, алғашқыда 100 балдық көрсет­­кіштің 63,3 пайызын жинады. Екінші кезеңде 53,3 балды ғана жинады. Ал үшінші кезеңде тек 36,0 балл жиналды. Төртінші, ең соңғы кезеңде 70,0 балл жиналған. 2021 жылы бұл бағдарлама қайта жалғасып отыр. 1 кезеңі 1-4 ақпан аралығында қоңырау шалып, сұрақ қойылып, 70,0 балл жиналды. Екінші кезеңі 26 ақпан-4 наурыз аралығында өтіп, 60 балл ғана жиналды. Төмен балл жинаудың себебі – медициналық қызмет­кер­лердің толық ақпараттанбауы. Тіркеу бөлімінің және байланыс орта­лығының қызметкерлері МӘМС және ТМККК пакеттеріне толық жауап бере алмауда. «Меди­циналық сақтандыру қо­рына жарнаны қалай төлеу керек, қайда төлеу керек?» деген сұраққа мобильді ақпарат­тық жүйелерден аза­маттың ЖСН арқылы тексеріп айтудың орнына 1406 байланыс орта­лығына хабарласуға кеңес береді. Осы келең­сіздіктің бар­лығы ха­лықты сарсаңға салып, ақыр аяғы ақы­лы ме­дициналық ұйымдарға баруына мәж­бүрлеп отыр. Мұның барлығы бүгінде облыс бо­йынша  азаматтардың түгел сақтан­дырыл­мағанын көрсетеді. Медицина қызметкерлерінің өздерінің әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі туралы толық білмеуі облыс халқының медицина саласына деген сенімсіздігін ұлғай­туда. Биыл «Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КеАҚ  сапаны бақылау жүйесіне өзгерістер енгізу жоспарланған. Медициналық қызметтерді көрсету тәртібі мен науқастардың  құқығын бұзуға әкеп соғатын жағдайлар мен себептерді анықтау және алдын алуға бағыт­талған проактивті мониторинг енгізіледі. Халықтың  денсаулығын сақтау, қорғау мақ­сатында материалдық жағынан қамсыздандыру елімізде орнықпайынша, аАтыраулықтар тап­қан-таянған қаржысымен Астраханға, Орын­бор­ға,  одан асып Мәскеуге ем іздеп бара бе­ре­ді.  Өзге  елдің бюджетін қазақстандықтардың  то­лықтыруы қай-қай басшыны да ойландыруы тиіс.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы