Медсақтандыру: 460 мың ақау қайдан шықты?
Медсақтандыру: 460 мың ақау қайдан шықты?
Қазақстан 2020 жылдың 1 қаңта­рынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшті. Айтуға құпия емес, бұл бюджетке түскен ауыртпалықтың бір бөлігін аза­м­аттардың өзіне арту үшін жасал­ған болатын. Өйткені денсаулық сақ­тау – мемлекеттен ең көп шығынды талап ететін саланың бірі. Мысалы, еліміз 2019 жылы денсаулық сақтауға 1,3 триллион теңге бағыттапты. Биыл­ғы шығыны одан да алапат. Жал­пы алғанда, жыл сайын мемлекет са­лаға әрбір қазақстандыққа шаққан­да шамамен 70 мың теңгеден бөледі. Бұл ретте Қазақстан халқының ақылы емделуге өз қалтасынан жұмсайтын шы­ғы­нының үлесі де артып, табысы­ның 37%-ына жеткен. Тіпті, Ресей мен Беларусьте 20%-дан көп аспайды, дамыған елдерде одан да төмен. Мамандардың байламынша, ха­лықта өмірінің соңына дейін ұзайтын сырқаттардың дендеуі медицинаға салмақ салып отыр: созылмалы ин­фекциялық емес ауруларды емдеу шығынының үлесі стационарлық көмек бюджетінің елу пайызынан асып кеткен. Коронавирус пандемия­сы мұндай дерттерді одан сайын қоздырып жібереді деген болжам бар. Демек, бұл жүктемені мемлекет жал­ғыз көтере алмайды, бұл медициналық қызмет сапасының төмендеуіне, емханалардың жабылуына соқтыруы ықтимал. Сондықтан, өкінішке қарай Қазақстан МӘМС-тен бас тарта ал­майды.  

Медсақтандыру алаяқтарды тудырды

Бас тарта алмайды екен, ен­де­ше бұл жүйе кемеліне келтірілуі ке­рек. Сала жағдайының аң­сар­лы белестен тым алыс жат­қа­ны аң­ғарылуда. Оны МӘМС қо­ры да жоққа шығармайды. Ол мемлекеттік емханалар мен же­ке клиникалардың сақтан­­дырылғандарға көрсеткен меди­циналық қызметінің сапасы мен көлеміне қатысты 460 мыңнан астам жөнсіздікті әшкереледі. Бұл оқиғаларды қордың өзі «ақау-дефект» деп атады. Тиісінше, оны осы жүйенің ақауы деп қабылдауға болатындай. Қорқыныштысы сол, бұл небары жарты жылда болғаны ғана. Бұлай бара берсе, жыл қоры­тын­дысында миллиондық меже­ге жетуі ғажап емес. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) сарапшылары 2020 жылдың бірінші жартысында көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлемін талдай келе, олардан 460 мыңнан астам түрлі заңбұзушылық, ақау­ды анықтады. Олар бойынша, ме­дициналық ұйымдарға 4,6 мил­лиард теңгеден астам айыппұл са­лынды. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылдың 1 жартысында са­лын­ған айыппұл 2,7 миллиард тең­ге ғана болған. Тексерістер бары­сында көрсетілген меди­циналық көмектің бекітілген стан­дарттардан ауытқуының былтырғы бірінші жартыжылдыққа қарағанда 3 еседей көп дерегі әшкереленді», – деді қор. Басқаша айтқанда, медсақтан­дырудың енгізілуі елде алаяқтықты өрістеткен, бюджет қаржысын жым­­қырудың бұрын-соңды бол­ма­ған мүлдем жаңа схемаларын ту­дырған. Өз кезегінде қор мұндай қу­лық­­тың құйрығы бір-ақ тұтам еке­нін ескертеді: «Әлеуметтік ме­д­сақтандыру қоры тегін меди­­циналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі (ТМККК) ая­сында және МӘМС пакеті бо­йын­ша медициналық көмек көр­­сету сапасына тұрақты түр­де мони­торинг жасайды. Мед­ұйым­дарға көрсеткен қызметтері үшін төлемді қор осы сапа мо­ниторингін жүргізгеннен кейін ғана төлейді. Оның барысында қандай да бір емхана-клиниканың сақтандырылған сырқатқа жәрдемі бекітілген стандартқа қаншалықты сәйкес келетіні бағаланады». Бірақ сапа мониторингі қа­шықтан жүргізіледі. Яғни, ақ­­­параттық жүйелердегі дерек­тер өзара салыстырылады. «Осылайша, адами факторды барынша азайт­тық», – дейді ӘМСҚ. Қарапайым тілмен айтқанда, емдеудің сапасы емделген науқастың хал-жағдайын білу, клиниканың қызметі мен оның маманының білігіне қатысты пікірін сұрау жолымен емес, жай ғана жүйедегі деректерді талдау арқылы айқындалады. Яғни, бұл жерде дәрігер сырқаттың жеке мәліметтерін, диагнозын, хаттамаға сәйкес нендей дәрі тағайындағанын және басқа да деректерді Damu­med-ке, ақ­параттық жүйеге қанша­лықты дұрыс енгізгеніне көп нәрсе тәуелді. Міне, «басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздап», дәрігерге қаралуға барсаңыз, оның бұрын­ғыдай сіздің тәніңізге емес, өзі­нің компьютеріне көбірек шұқшия­тыны да содан. Бұған ашынған адамдар мед­ұйым меңгерушісінің табал­ды­ры­ғын тоздырады. «Сіз келесіз-ке­тесіз, ал ӘМСҚ қалады. Онымен қа­­ты­насымызды бұзғымыз кел­мей­ді», – деп түсіндіреді бұл тірлігін емханадағылар. «Медициналық сақтандыру қоры процестерді автоматтандыру ісін жалғастыруда. Соның ішінде амбулаториялық-емханалық дең­гей­ден бастап, стационарға дейінгі аралықта сырқаттардың ем­делуіне мониторинг жүргізеді», – дейді қор. Алайда ол да қашықтан жүреді.  

Алдау амалдары қандай?

Сонымен, емхана-клиника­лардан өндірілген 4,6 миллиард теңге қайда кетті? Қордың мәлім­етінше, салынған айыппұлдар алда қайтадан медициналық қызмет­терге төленетін ақы ретінде пайда­ланылады. Осы орайда, ӘМСҚ анық­таған заңбұзушылықтарды тал­дай кеткен жөн. Оның арасында, әсіресе «қо­сып жазу» көп кезде­седі. Осы жар­ты жыл ішін­де қор сарапшылары 11,6 мың­нан астам қызметтің шынын­да көрсетілмегенін, бірақ ақпараттық жүйелерге енгізіп қойы­л­ғанын анықтады. Осын­дай заңбұзушылықтары үшін меди­циналық ұйымдар 75,4 мил­лион тең­геден астам айыппұл арқа­лады. dari «Сұр» схемаларға құрылған бұдан басқа да жөнсіздіктері толып жатыр. Оның арасында көмек көлемін жасанды түрде өсіріп жазу, аурудың диагнозын қолдан ауырлатып көрсету, ауру­хана­ға жатқызудан бас тар­ту, меди­циналық жәрдем көрсетуден бас тарту, паци­енттер іс жүзінде алмаған медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмекті «алды» деп тіркеу, тіпті бір реттік пайдалануға арналған құралдарды қайта қолдану секілді жағдайлар кездес­кен. Осындай сорақы тірліктер кесірінен АИТВ/ЖИТС секілді аса ауыр кеселдерді жаппай жұқтыру оқиғасы Қазақ­станда талай кездесті. Соңғысы 2006 жылы Шымкентте болған. Тарих ештеңеге үйретпеген секілді. ӘМСҚ әсіресе өлім-жітімге соқ­тырған жайттардың мұқият тексерілетінін хабарлады. Осыған қатысты кейбір факті бойынша материалдарды қор ары қарай шара қабылдауы үшін прокуратураға жолдап жатыр. – Қордың жеткізушісі ретін­де келісімшартқа отырған мед­ұйым стандарттарға сәйкес меди­циналық көмек көрсету және пациентті өзіне тиесілі қызметтермен қам­ту жөнінде міндеттеме алады. Сондай-ақ қажет болса, бірлесіп орындаушыны, яғни өзге кли­никаны тарта алады. Егер көмек толық көлемде жасалмаса немесе сапасыз көрсетілсе, онда қор ол медұйымға айыппұл салады. 2019 жылғы өзгеріске сәйкес, ақ­­параттық жүйелерге жалған мәлім­еттер енгізгені және қо­сып жазғаны үшін салынатын айып­­пұл мөлшері көрсетілген қыз­мет құнының 3 еселенген көлеміне дейін ұлғайтылды, – деп түсіндірді қордың Медициналық көмек көрсету сапасын бақылау департаменті. Департамент сарапшылары қосып жазудан ӘМСҚ еш пайда таппайтынына сендіреді. Сол се­беп­ті қу клиникалардың сыбай­ластарын өз қатарынан іздемеді. – Жеткізушілер жасайтын заң­бұзушылықтарды түп-тамыры­мен жоюға біз мүдделіміз. Аза­маттардан қосып жазу не әділет­сіздік фактілері кездессе, дереу хабардар етуді сұрай­мыз. Қор сырқаттардан келіп түскен әрбір ресми өтініш бойынша шара қабылдайды. Шағым айту, өтініш беру үшін 1406 телефонына қоңырау шалу немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жүгіну қажет, – деді медсақтандыру қоры.  

Халық неге шағымданады?

Осы жүйені енгізуге Ден­саулық сақтау министрлігі ұзақ қамданғаны белгілі. Мед­сақтандыру бастапқыда 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылуға тиіс-тін. Дегенмен жарты жылға кейінге шегерілді: 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, қорға жарналар мен аударымдар тасқындап құйыла бастады. Алайда уәде етілгендей, 2018 жылдың 1 қаң­тарынан қазақстандықтар сақ­тандыру полисі бойынша емделуге көше алмады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,7 миллион адамның жүйеден тыс қалатынын байқаған билік екі жылға үзіліс алды. Осы кезеңде ӘМСҚ қолында қаражат одан әрі жинала берді. Сөйтіп, жүйе іске кіріспесе де, 2020 жылдың басында қордағы қаржы 250 миллиард теңгеден ас­қан. Енді ай сайын оған 34 мл­рд теңгедей жарна мен аударым түседі. ДСМ шенеуніктері осының алдында «міндетті медсақтандыру жүйесі ақаусыз жұмыс істейтініне» сендіріп баққан болатын. Тіпті, оны әзірлеуге Дүниежүзілік банк пен Oxford Policy Mаnаgement халықаралық сарапшылары ат­салысқаны алға тартылды. Бұ­рын­ғы жылдардағы барлық олқы­лықтар, кемшін тұстар мұқият ескерілгені, 50-ден астам елдің тәжірибесі пысықталғаны айтылды. Енді не болды? Нұр-Сұлтан тұрғыны Диана Сұлтанбекқызы биылғы көктемде eGov.kz порталы арқылы жеке кабинетін тексеруге көңілі ауады. Оны көргенде, ауырмай есінен жаңыла жаздапты. «Ондағы медициналық жаз­ба­ға жүгінсек, мен Премиум-Мед медициналық орталығына қаралыппын. Олар маған: «бас миының зақымдалуы» деген диа­г­ноз қойған! Ешқашан бұл орта­лыққа барған емеспін, ондай қауіп­ті кеселім жоқ, бұрын болған да емес. Дереу Денсаулық сақтау министрлігінің Call-орталығына телефон шалып, болған жайтты баян еттім. Артынан клиника қыз­меткері хабарласып, жаз­баны жоятынын жеткізді. Со­дан бері төрт ай өтті, жазба өз­геріссіз қалды. Онымен қоймай, қоңыраулатып, өзімнің жер-жебіріме жете бастады. «Немене, сол жазба өмір сүруіңе кедергі келтіріп тұр ма?» дейді. Бүгінде олар атауын өзгерте қойыпты», – дейді Д.Сұлтанбекқызы. Ал Өскемен тұрғыны Анна Лукьянец қордың жүйесі ақау­ға толы деген пікірде: «Дәрі­гердің тексеруінен өтіп, анализ тапсырайын десем «медициналық сақтандыруың жоқ» деп емхана бас тартты. Egov.kz порталындағы жеке кабинетімде маған «сақтан­дырылмаған» деген мәртебе бекітіп қойыпты. Шығыс Қазақстан облысындағы ӘМСҚ филиалына жүгінсем, оның мамандары: «еңбек демалысы кезеңінде қалыптасқан берешегің бар, ол жойылмаса мәртебең өзгермейді» дейді. Бухга­лтеріме бардым, ол барлық құжатты көрсетті, медсақтандыру аударымдарына қатысты анықтама берді. Бәрі дұрыс. Есепшіміз ешқандай берешек жоғына, ал ӘМСҚ оның барына табандайды. Екі ортада қарапайым халық сор­лайды», – дейді ол.  

Бұл қиындықты жұмыс берушілер де растайды

«ДСМ шұғыл түрде мәсе­ленің шешімін табуы керек. Компаниям медициналық сақ­тан­дыру бойынша жарналар мен аударымдарды дер кезінде, ай сайын жолдап тұрады. Әйт­кенмен, ӘМСҚ жүйесінде фирма қызметкерлерінің бір бөлі­гі «сақтандырылған», қалған бөлігі «сақтандырылмаған» де­ген мәртебеге ие. Қалайша? Ұй­ым «Азаматтарға арналған Үкі­мет» мемкорпорациясы ар­қылы барлығына бір мезгілде әрі бір тізіммен аударады ғой. Жүйе­дегі олқылық кесірінен біраз қыз­меткеріміз тегін медициналық көмек алу құқығынан айырылып отыр. Сонда біз не үшін ай сайын төлеп тұрмыз? Қорды байыту үшін бе?!» – дейді кәсіпкер Виктор Некрасов. Алматы тұрғыны Гүлжазира Ш. да жарналарын табысынан жырып, адал төлеп келген. Енді сырқаттанып жатыр. Бірақ ең керек кезде медсақтандырудың игілігін көре алмады. «20 күннен бері COVID-19 симп­томдары бар дертпен ауыр­удамын. Емханада ПТР-тест тұрмақ, қарапайым қан және зәр талдауын тапсыра алма­дым. Өйткені базасында «сақтан­дырылмаған» адам ретінде көр­сетіліппін. Жыл басынан бері өзім жарна аударып келдім. EGov порталынан анықтама да осыны растайды. Мәртебем сонда да өзгеретін емес. Қордың 1406 байланыс орталығындағылар не жөнді жауап бере алмады, не мәртебемді түземеді. Емхана­дағылар мені тыңдағылары да келмейді. Қор айыппұл салады деп артық қимыл жасаудан қорқып қал­ған. Осы мәселе бойынша би­лікте жауапты бір адам бар ма? Зар илеген халық кімге барады?» – дейді Гүлжазира. Сарапшылар батыстық үлгідегі медициналық сақтандырудың енгі­зілуі Қазақстанда бұрын мейір­ім­ге құрылған денсаулық сақтау жүйесін енді қатал еткенін, дәрігерлерге де, қарапайым сыр­қаттарға да көптеген проблема әкелгенін айтады. Бұқара «қабыл­дамайды» деп емханаларды айып­тайды, олар «жазалайды» деп ӘМСҚ-қа қорқа қарайды. Ал қордың ісін кім жөндейді? Қор жүйесіндегі қаптаған ақау кесірінен сақтандырылған азамат­тардың өзі тиесілі қызметті ала алмай жатыр. Ұлт денсаулығы құлтемірге – компьютерлік база мен серверлерге тәуелді болып қалды. Бұдан былай компьютер және қор «құп» көрмесе, азаматқа төрден көрі жақындай түспек.  

Елдос СЕНБАЙ