Атырауда медицина саласында кемшілік көп. Міндетті әлеуметтік сақтандыру мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі енгізілді. Бірақ мұның қызығын қарапайым адамдар көріп отыр ма? Мәселе – осында!
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі енгізілгелі бұл жүйенің мақсатын түсінбей отырғандар өте көп. Әлі де сол жағдай сақталып отыр. Оның негізгі себебі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызмет туралы барлық ақпаратты халыққа түсіндіруге міндетті жауапты адамдардың өздері жетік білмеуі. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне шұғыл көрсетілетін қызметтердің бәрі осы жүйе арқылы шешілетінін білмеген халықтың көбі емхана мен ауруханаларда сабылып жүр. Айталық, өткен жылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының мамандары медициналық қызметтің сапасы мен көлемі бойынша 9 001 кемшілікті анықтаған. Мониторинг көрсеткендей, Атырау облысы бойынша қателіктің 51 пайызы есеп құжаттарын қате толтырудан кетіп отыр. Ал емдеу және диагностика шараларын орындау барысында стандарттар мен клиникалық протоколдардан негізсіз ауытқу 46,6 пайызды көрсетті. Сондай-ақ науқастардың диагнозын «жасанды» қиындату, ауруханаға жатқызбау немесе медициналық көмек көрсетпеу, қызмет пен дәрі-дәрмектерді «берілді» деп жалған толтыру жағдайлары кездеседі. Медициналық ұйымдар айыппұлының жалпы сомасы 478 253 557 мың теңгеден асады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбектің айтуынша, өткен жылы ӘМСҚ мамандары 21 мыңнан астам қызметтің шын мәнінде орындалмағанын анықтағанын айтты. Олардың жалпы құны 290,9 млн теңгеге (экономикалық шараларды ескергенде) жетеді. Оның ішінде амбулаториялық-емханалық көмек, кеңес беру және диагностика қызметтері деңгейінде Атырау облысы бойынша – 145 881 111 мың теңге көлемінде 55 592 кемшілік анықталып отыр. Ең көп шағым «Медикер Жайык» Qamqor QP21, «№1 қалалық емхананың», «Атырау облыстық ауруханасының» қызметіне қатысты болған. Медициналық ұйымдарға қатысты шағымдардың дені бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсетуден бас тарту, стационарда көрсетілген медициналық қызметтің сапасы туралы, диагностикалық көмек көрсетпеу, ауруханаға жатқызудан бас тарту жағдайына қатысты. Таратып айтсақ, «Медикер Жайык» хирургиялық көмек алуға зәру науқасты тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға жіберген. Бірақ науқас кардиологтің қабылдауына кіре алмай, невропатологтен ем ала алмаған. Ал терапев эндокринологке жолдама бермеген. Одан бөлек, шұғыл компьютерлік томографияға жолдама алғысы келген тағы бір тұрғынға жолдаманы күту керегін айтып, тығырыққа тіреген. Ең сорақысы, аяғы ауыр келіншектің анализді ақылы тапсыруға мәжбүр болғаны, қатты ауырып тұрса да ауруханаға жатқызылмаған тұрғынның жанайқайы кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесіне деген қоғамда сыни көзқарастың үдеуіне әкеліп отыр. Сайып келгенде, бұл кемшіліктерге медицина мамандарының әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесіне қатысты мағлұматтарды жіті білмеуі себеп болды. Нәтижесінде, алғашқыда 100 балдық көрсеткіштің 63,3 пайызын жинады. Екінші кезеңде 53,3 балды ғана жинады. Ал үшінші кезеңде тек 36,0 балл жиналды. Төртінші, ең соңғы кезеңде 70,0 балл жиналған. 2021 жылы бұл бағдарлама қайта жалғасып отыр. 1 кезеңі 1-4 ақпан аралығында қоңырау шалып, сұрақ қойылып, 70,0 балл жиналды. Екінші кезеңі 26 ақпан-4 наурыз аралығында өтіп, 60 балл ғана жиналды. Төмен балл жинаудың себебі – медициналық қызметкерлердің толық ақпараттанбауы. Тіркеу бөлімінің және байланыс орталығының қызметкерлері МӘМС және ТМККК пакеттеріне толық жауап бере алмауда. «Медициналық сақтандыру қорына жарнаны қалай төлеу керек, қайда төлеу керек?» деген сұраққа мобильді ақпараттық жүйелерден азаматтың ЖСН арқылы тексеріп айтудың орнына 1406 байланыс орталығына хабарласуға кеңес береді. Осы келеңсіздіктің барлығы халықты сарсаңға салып, ақыр аяғы ақылы медициналық ұйымдарға баруына мәжбүрлеп отыр. Мұның барлығы бүгінде облыс бойынша азаматтардың түгел сақтандырылмағанын көрсетеді. Медицина қызметкерлерінің өздерінің әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі туралы толық білмеуі облыс халқының медицина саласына деген сенімсіздігін ұлғайтуда. Биыл «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ сапаны бақылау жүйесіне өзгерістер енгізу жоспарланған. Медициналық қызметтерді көрсету тәртібі мен науқастардың құқығын бұзуға әкеп соғатын жағдайлар мен себептерді анықтау және алдын алуға бағытталған проактивті мониторинг енгізіледі. Халықтың денсаулығын сақтау, қорғау мақсатында материалдық жағынан қамсыздандыру елімізде орнықпайынша, аАтыраулықтар тапқан-таянған қаржысымен Астраханға, Орынборға, одан асып Мәскеуге ем іздеп бара береді. Өзге елдің бюджетін қазақстандықтардың толықтыруы қай-қай басшыны да ойландыруы тиіс.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы