Қарағандылықтар Октябрь ауданы атауын Әлихан Бөкейхан деп атауды қолдады
Қарағандылықтар Октябрь ауданы атауын Әлихан Бөкейхан деп атауды қолдады
201
оқылды
Қарағанды қаласында екі аудан бар. Бірі Қазыбек бидің атында болса, екіншісі - Октябрь ауданы. Осы ауданды Алаш арысы Әлихан Бөкейханның атына ауыстыру жайлы ақпарат бір ай бұрын пайда болды. Ал қоғамдық талқылау бүгін өтті. Жергілікті әкімдік халықтық тыңдалымды эпидемиялық жағдайға байланысты бір жерде көп шоғырланбауын ескере отырып, қаланың 15 нысанында өткізді. Октябрь ауданы Қарағандының құрамындағы әкімшілік-аумақтық бөлік деп саналады. Халық саны 250 мыңға жуықтайды (2018 жылғы есеп бойынша). Аудан 1938 жылы құрылған. 1961 жылға дейін Сталин ауданы деп аталып келген. Оған Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы сөз айтылып келе жатқанына да он жылға жуықтады. Ол уақытта бұл ұсынысты ғалым Нұрлан Дулатбеков айтқан болатын. Жергілікті халық, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері бұл мәселені жыл сайын облыстық және республикалық деңгейде көтеріп келе жатыр. Оны өзгертуге бастамашыл топтар мен оларды қолдаған жергілікті халықтың ғана ниеті болмаса, биліктілер тарапынан кейде құрғақ уәде, кейде қызыл сөз, кейді тіпті, мардымды жауап та болмай келген еді. «Ақжолтайлап» сүйіншілеткен хабарды естіген халықтың қарасы қалың. Жиынға 685 адам қатысты. «Ұлт үшін жанын қиған Алаш көсеміне бір ауданның атын беру туралы мәселе көптен бері талқыланып келеді. Менің ойымша, талқыға салмай-ақ, Әлихан есімін беруге болар еді. Себебі, елі үшін, жері үшін арпалысқан тұлғаға лайықты құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың міндеті. Бірақ, қандай мәселе болмасын заң аясында шешілгені дұрыс. Өз басым аудан атын өзгерту бастамасын қолдаймын» деді қала тұрғыны Аманжол Еркебаев. Қоғамдық тыңдауға келген өзге ұлт өкілдері де аудан атауының қайта жаңғыруын бірауыздан қолдады. «Мен бұрынғы Киров ауданында тудым. Қазір Октябрь ауданында тұрамын. Өз басым ауданымызға саяси қайраткердің есімі берілуін қолдаймын. Мемлекетке еңбегі сіңген тұлғаларға лайықты құрмет көрсетілу керек», - дейді Пришахтинск қаласының тұрғыны Любовь Шевченко. Өз ойларын ортаға салғандар «Әлихандай Ұлы тұлғаны ұлықтасақ ұтылмаймыз» деп тарасты. Қарағанды қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов: «Қоғамдық талқылауға келген халық Октябрь ауданының Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атына өзгертуді 100 пайыз қолдады»,- деді. Жиналған жұрт «Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру» жөніндегі шешімді «тарихи оқиға» деп бағалады. Айта кету керек, Қазақстанда 1 мамырдан бастап 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі ауыл, аудан, көше аттарын ауыстыруға тыйым салатын мораторий күшіне енеді. Сондықтан аудан атауы ауысса, онда әкімдік құжаттарды 1 мамырға дейін реттеп үлгеруі керек...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды қаласы