Сұрақты осылай төтесінен қоюға тура келіп тұр. «Шаңырақ» – облыс орталығы Өскеменнен 130 шақырым жерде орналасқан Риддер қаласындағы жар дегенде жалғыз қазақ мектебі. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, бүгінде жалғыз мектептің жағдайы мәз емес. Түсінікті болу үшін рет-ретімен баяндайық.
85 жыл бұрынғы ғимаратта оқып жүр, талай қазақ баласы...
Бұл мектептің ең басты мәселесі – ескілігі және тарлығы. Білім ордасының оқушылары осыдан 85 және 63 жыл бұрын тұрғызылған екі бөлек ғимаратта, яғни екі бөлек мекенжайда білім алып жатыр. Мұндағы ең көне ғимарат 1936 жылы Пионерлер үйі ретінде салынған екен. Бұл ғимараттың пайдалану мерзімі 22 жылға асып кеткен көрінеді. Оқушылардың ата-аналары мектептің ескілігіне ғана емес, екі ғимараттың екі жерде орын тепкеніне наразы. Риддерлік көпбалалы ана Сәуле Бақытбекқызының үш баласы мектеп жасында. Алты және 11-сыныптағы балалары «Шаңырақта» оқыса, кіші ұлы басқа мектепте білім алады. «Кенже баламды амалсыздан №14 мектепке бердім. Себебі «Шаңырақтың» автобусы біздің алтыншы шағынауданға келмейді. Қатынау уақыты мен жолақысын қиынсындым. Мен тұратын үйде көпбалалы аналар аз емес. Олардың да мәселесі тура осындай. Үйіміздің жанынан мектеп салынып жатқанын көріп, үміттеніп отырмыз. Қазақ мектебі біздің жаққа келгенін қалаймыз», – дейді көптің көкейіндегі тілекті жеткізген көпбалалы ана. Тағы бір көпбалалы ана Алма Ахметова да Бақытгүл секілді балаларын әр мектепке апарып, әуреге түсіп жүргенін айтты. «Бір балам осында, екінші балам басқа мектепте оқиды. Екі жаққа қатынау жалғыз мен емес, барлық ата-анаға қиын. «Шаңырақтың» жол жиегінде орналасқаны өте қорқынышты. Көліктер көп жүреді», – дейді ол.«Екі мемлекет сияқтымыз..»
Мектеп директоры Сәуле Уезбаева да ата-аналардың айтқанын растап, Риддерге кең сарайдай қазақ мектебінің қажет екенін жеткізді. Екі ғимаратта орналасқан мектеп ата-аналар мен оқушыларды ғана емес, мұғалімдерді де шаршатқанын жасырмады. «Риддерде барлығы 15 мектеп бар. Жалғыз қазақ мектебі – осы. Екі жерде орын тепкен екі ғимарат та ескі. Мәселен, орыс мектептері бір ғимаратқа ғана жөндеу жүргізсе, біз екі ғимаратқа жөндеу жасап, екі есе шығындаламыз. Экономикалық жағынан да тиімсіз. Барлық дүние екі ғимаратқа бөлінеді. Ал мұғалімдерге екі ортада жүгіруге тура келеді. Әсіресе, ағылшын, орыс тілі, информатика, өзін-өзі тану, денешынықтыру және музыка пәні мұғалімдеріне ауыр. Бір ғимараттағы оқушыларын сабақ үстінде қалдырып, екіншісіне баруға мәжбүр болады. Күні бойы осылай сабылады. Дәл сол секілді материалдық жабдыққа жауапты шаруашылық меңгерушісі мен сабақ барысын қадағалайтын директор – менің өзім де екі ортада шапқылап жүреміз», – дейді мектеп директоры. Сәуле Уезбаеваның айтуынша, мектепте уақыт өткен сайын оқушылар саны көбейіп барады. Бұған себеп қалаға «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік облыстардан және Шығыстағы аудандардан қазақ отбасыларының көшіп келіп, қоныстанып жатқаны. «Шаңырақ» мектебі алыс әрі екі ғимаратта болғандықтан, олардың кейбірі балаларын амалсыздан өздеріне жақын аралас мектептерге беріп жатқан көрінеді. Бірақ аралас мектептердегі қазақ сыныптары 9-сыныпқа дейін ғана болғандықтан, 10-11-де «Шаңыраққа» келеді екен. «Біздің жағдайды барлығы біледі. Бірақ әзірге мәселеміз шешілген жоқ. Қазақ мектебі бір ғимаратта болса деп армандаймыз. Қазір екі ғимараттамыз, екі мемлекет сияқтымыз. Сондықтан осы білім ордасының директоры ретінде бүкіл ата-ана мен педогогтік құрам атынан қала мен облыс басшылығынан бізді талапқа сай ғимаратқа ауыстыруын сұраймыз. Қалада жаңа мектеп құрылысы басталғаны белгілі. Соны біздің мектепке берсе жақсы болар еді. Бұл – барлық қазақтілді ата-аналардың тілегі», – дейді мектеп директоры. Түйін:Ерекше атап өтерлігі, Риддердегі жалғыз қазақ мектебі Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Биыл желтоқсан айында ашылғанына 30 жыл толады. Ал қалада жаңадан салынып жатқан мектеп ғимараты осы білім ордасына беріле ме, берілмей ме? Мұны біз Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасынан сұрадық. Өйткені қазір барлық білім бөлімдері тікелей Білім басқармасына қарайтыны белгілі. «Ол мектеп 2022 жылы бітуі тиіс. Оған қай мектептің орналасатыны сол кезде шешіледі. Жалпы, бұл білім ордасы қалада жаңа мектепке сұраныс болған соң салынып жатыр», – дейді басқарма басшысы Сайрангүл Жұмәділова.
Азамат ӘБІЛҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы