Риддер «Шаңыраққа» қашан қарайды?
Риддер «Шаңыраққа» қашан қарайды?
164
оқылды

Сұрақты осылай төтесінен қоюға тура келіп тұр. «Шаңырақ» – облыс орталығы Өскеменнен 130 шақырым жерде орналасқан Риддер қаласындағы жар дегенде жалғыз қазақ мектебі. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, бүгінде жалғыз мектептің жағдайы мәз емес. Түсінікті болу үшін рет-ретімен баяндайық.

85 жыл бұрынғы ғи­марат­та оқып жүр, талай қазақ баласы...

 Бұл мектептің ең басты мәселесі – ескілігі және тарлығы. Білім ордасының оқушылары осыдан 85 және 63 жыл бұрын тұрғызылған екі бөлек ғимаратта, яғни екі бөлек мекенжайда білім алып жатыр. Мұндағы ең көне ғимарат 1936 жылы Пионерлер үйі ретінде салынған екен. Бұл ғимараттың пайдалану мерзімі 22 жылға асып кеткен көрінеді. Оқу­шылардың ата-аналары мектептің ескі­лігіне ғана емес, екі ғимараттың екі жерде орын тепкеніне наразы. Риддерлік көпбалалы ана Сәуле Бақытбекқызының үш баласы  мектеп жасында. Алты және 11-сыныптағы бала­лары «Шаңырақта» оқыса, кіші ұлы басқа мектепте білім алады. «Кенже баламды амалсыздан №14 мектепке бердім. Себебі «Шаңырақтың» автобусы біздің алтыншы шағынауданға келмейді. Қатынау уақыты мен жолақысын қиын­сындым. Мен тұратын үйде көпбалалы аналар аз емес. Олардың да мәселесі тура осындай. Үйіміздің жанынан мектеп салынып жатқанын көріп, үміттеніп отырмыз. Қазақ мектебі біздің жаққа келгенін қалаймыз», – дейді көптің көкейіндегі тілекті жеткізген көпбалалы ана. Тағы бір көпбалалы ана Алма Ахме­това да Бақытгүл секілді балаларын әр мектепке апарып, әуреге түсіп жүргенін айтты. «Бір балам осында, екінші балам басқа мектепте оқиды. Екі жаққа қатынау жалғыз мен емес, барлық ата-анаға қиын. «Шаңырақтың» жол жиегінде орналас­қаны өте қорқынышты. Көліктер көп жүреді», – дейді ол.

«Екі мемлекет сияқтымыз..»

 Мектеп директоры Сәуле Уезбаева да ата-аналардың айтқанын растап, Риддерге кең сарайдай қазақ мектебінің қажет екенін жеткізді. Екі ғимаратта орналасқан мектеп ата-аналар мен оқушыларды ғана емес, мұғалімдерді де шаршатқанын жасырмады. «Риддерде барлығы 15 мектеп бар. Жалғыз қазақ мектебі – осы. Екі жерде орын тепкен екі ғимарат та ескі. Мәселен, орыс мек­тептері бір ғимаратқа ғана жөндеу жүргізсе, біз екі ғимаратқа жөндеу жасап, екі есе шығындаламыз. Экономикалық жағынан да тиімсіз. Барлық дүние екі ғимаратқа бөлінеді. Ал мұғалімдерге екі ортада жүгіруге тура келеді. Әсіресе, ағылшын, орыс тілі, информатика, өзін-өзі тану, денешынықтыру және музыка пәні мұғалімдеріне ауыр. Бір ғимараттағы оқушыларын сабақ үстінде қалдырып, екіншісіне баруға мәжбүр болады. Күні бойы осылай сабылады. Дәл сол секілді материалдық жабдыққа жауапты шаруа­шылық меңгерушісі мен сабақ барысын қадағалайтын директор – менің өзім де екі ортада шапқылап жүреміз», – дейді мек­теп директоры. Сәуле Уезбаеваның айтуынша, мек­тепте уақыт өткен сайын оқушылар саны көбейіп барады. Бұған себеп қалаға «Сер­пін» бағдарламасымен оңтүстік об­лыстардан және Шығыстағы аудан­дардан қазақ отбасыларының көшіп келіп, қоныстанып жатқаны. «Шаңырақ» мектебі алыс әрі екі ғимаратта болған­дықтан, олардың кейбірі балаларын амал­сыздан өздеріне жақын аралас мектептерге беріп жатқан көрінеді. Бірақ аралас мектептердегі қазақ сыныптары 9-сыныпқа дейін ғана болғандықтан, 10-11-де «Шаңыраққа» келеді екен. «Біздің жағдайды барлығы біледі. Бірақ әзірге мәселеміз шешілген жоқ. Қазақ мектебі бір ғимаратта болса деп арман­даймыз. Қазір екі ғимараттамыз, екі мемлекет сияқтымыз. Сондықтан осы білім ордасының директоры ретінде бүкіл ата-ана мен педогогтік құрам аты­нан қала мен облыс басшылығынан бізді талапқа сай ғимаратқа ауыстыруын сұраймыз. Қалада жаңа мектеп құрылысы басталғаны белгілі. Соны біздің мектепке берсе жақсы болар еді. Бұл – барлық қазақтілді ата-аналардың тілегі», – дейді мектеп директоры. Түйін:

Ерекше атап өтерлігі, Риддердегі жал­ғыз қазақ мектебі Тәуелсіздіктің төл құр­дасы. Биыл желтоқсан айында ашыл­ғанына 30 жыл толады. Ал қалада жаңадан салынып жатқан мектеп ғимараты осы білім ордасына беріле ме, берілмей ме? Мұны біз Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасынан сұрадық. Өйткені қазір барлық білім бөлімдері тікелей Білім басқармасына қарайтыны белгілі. «Ол мектеп 2022 жылы бітуі тиіс. Оған қай мек­тептің орналасатыны сол кезде ше­шіледі. Жалпы, бұл білім ордасы қалада жаңа мектепке сұраныс болған соң салы­нып жатыр», – дейді басқарма басшысы Сайрангүл Жұмәділова.

Азамат ӘБІЛҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы