Былтырдан бері Жамбыл облысында есірткі бизнесімен күрес ерекше қарқын алды. Бұрнағы жылы бұқара бұл бағыттағы жұмыстарға күмәнмен қараса, қазір Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары естен тандырар шөбімен танылған Шу ауданының тұрғындарын үйме-үй тінтуде. Осындай жіті тексерістің нәтижесінде былтыр есірткіге қатысты 815 қылмыстың жолы кесіліп отыр.
Облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабековтің айтуынша, былтыр тіркелген 815 деректің 220-ы қылмыс болса, 595-і қылмыстық теріс қылықтар екен. – Өткен жылы мамандарымыз жұмысының нәтижесінде есірткі бизнесінің көптеген жолы кесілді. Атап айтсақ, 120 есірткі затын сату, 68 есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау, 26 құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру, 733 үй қабырғаларына граффити жазбаларды жазу арқылы есірткі затын насихаттау және 3 есірткіні жарнамалау фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 3 тонна 277 келі әртүрлі есірткі заты тәркіленді. 2019 жылмен салыстырғанда бұл 284 келіге жоғары. Тәркіленген есірткінің 3 тонна 199 келісі марихуана болса, 1 келіден астамы героин, 75 келісі гашиш және 2 келісі синтетикалық есірткі заты. Былтыр Білім беру, Денсаулық сақтау, Туризм және спорт басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, орта білім беру орындарының оқушылары арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 481 іс-шара өткіздік. Бұдан бөлек, есірткі саудасын насихаттайтын граффити жазуларын жою бағытында «Жасыл ел-Тараз» мекемесімен бірлесе 1 000-нан астам қабырға жазбасының көзін жойдық. Сондай-ақ 59 интернет-сайт бұғатталды, – дейді басқарма бастығы Асқар Абдуаханұлы. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Жыл басынан бергі 2 айының өзінде мамандар 155 құқықбұзушылықты анықтап отыр. Оның 34 дерегі есірткіні сату болса, 17-і есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау, 2-і есірткі құралдарының контрабандасы, 1-і есірткі құралдарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу және 101-і қылмыстық теріс қылық болып отыр. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында заңсыз айналымнан 97 келі есірткі заты шығарылса, оның ішінде 570 грамм героин, 60 келіден астам гашиш, 35 келі марихуана және 10 грамнан жоғары синтетикалық есірткі тәркіленген. Биыл да жоғары және орта білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу бойынша 36 шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар 85 орта мектепте «Есірткінің зияны және оларды қолданудың салдары», «Синтетикалық есірткінің жаңа түрлері» тақырыбында онлайн режимде интерактивті сабақтар өткізіліп, есірткіге қарсы бейнероликтер көрсетілген. Бұдан бөлек, ғаламтор кеңістігінде синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысатын 8 интернет-сайт бұғатталған. Биыл айрықша атап өтер жайт – есірткі бизнесімен күрес мамандары 14 дәріхана, 18 қойма, 4 емдеу мекемесі мен 1 кәсіпорынды тексеріп, 16 келіден астам әртүрлі есірткі затын тәркілеген. Оның 6 келісі гашиш болса, 8 келі 182 грамы марихуана, 1 960 данасы адам ағзасына зиян келтіретін дәрілер (трамадол, дигоксин, самнол, прозерин), 220 данасы морфин және 5 келі 770 грамы күкірт қышқылды прекурсорлар. Былтыр сала мамандары облыс аумағында есірткі шөбі өсетін 251 гектар жерді жыртып, шауып, өртеп, гербицидтеу арқылы 50 тоннадан астам жабайы қарасораны жойса, биыл да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру жоспарланып отыр. Естеріңізде болса, былтыр Шу ауданында қарасорадан дәрі шығаратын зауыт салу туралы бастама көтерілген болатын. Бұл жобаға Zhana Zhol Holding limited ЖШС қызығушылық танытқан. Серіктестік директоры Александр Ким тіпті Жамбыл облысының географиялық орналасуы мен климаты аталған жобаны жүзеге асыруға таптырмайтын орын екенін айтқан. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауаптыларға жобаны созбалаңға салмауды тапсырған еді. Алайда арада жарты жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге кәсіпорынның қазығы қағылған жоқ. Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен заңнамаға өзгеріс енгізу керек екен. Одан бөлек, өңірде жабайы қарасора өсетін 100 мың гектарға жуық жер болса, соның басым бөлігі Меркі ауданына тиесілі. Сондықтан аталған зауыт Меркі ауданынан бой көтеруі де бек мүмкін. Қалай дегенде де, есірткі қылмысымен күрес мамандарының кейінгі жылдары қарқынды жұмыс істеуі осы өндіріс орнының құрылысымен тікелей байланысты секілді. Себебі қарасораны өндіріске енгізу үшін ең алдымен оның заңсыз тасымалының жолын кесу керек. Бұл тұрғыда сала мамандары өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруда. Енді тек көтерілген бастама айтылған жерінде қалып кетпесе болғаны...Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы