Жуырда Ташкент бағытына жолға шыққанбыз. Жолсапар барысында шекарада болып жатқан біраз келеңсіз жайттарды көріп, тиісті ведомстволық органдарға наразы болған едік.
Әлемде болып жатқан пандемия өмір сүру салтымызға едәуір өзгеріс енгізгені белгілі. Шекара бекітіліп, шетелге шығу шектелді. Тіпті, кейбір мемлекетпен байланыс мүлдем үзілді. Қазір карантин шектеулері біртіндеп жеңілдеп жатыр. Соған қарамастан қазірдің өзінде маңызды бір шаруалар не аса қажеттілік болмаса, ешкім ел асып жүрмейді. Шетелдіктерге де толығымен есікті айқара аша қойған жоқпыз.Ақша төле де, өте бер
Сонымен, Түркістан облысына қарасты «Жібек жолы» кеден бекетінен Өзбекстанға еш кедергісіз, көп уақытты да алмастан жеңіл өттік. Қазақстан аумағынан бар-жоғы жарты сағатта Өзбекстан Республикасында болдық. Бұрынғыдай ығы-жығы халық жоқ. Шекара тып-тыныш. Арғы бетке жарты-ақ сағатта табан тіреуімізге жолаушының аздығы да үлкен себеп болып тұр. Өзбекстандық кеден бекетінде санитарлық талаптарды толық орындап тұмшаланған медицина қызметкерлері бірнеше арнайы терезелер арқылы жолаушыларға қызмет көрсетіп отыр. Олар COVID-19-ға экспресс тест қабылдайды. Арнайы касса жұмыс істеп тұр. 150 мың сум (6000 теңге) төлеп, тест тапсыруға өтесіз. Нәтиже 20 минуттың көлемінде дайын болып, ары қарай еркін өтіп кете бересіз. Әр елдің талабы бөлек, ондағылар сіздің мұндағы тапсырған тест нәтижеңізді қабылдамайды. Соған қарамастан ақша төлесек те, кедергісіз өткенімізге риза болып кете бардық. Қиындық өз елімізге кері оралғанда басталды. Шекара қызметінен еш кедергісіз өткенімізбен, кеден бекетіне келгенде тұтылып қалдық. Иә, Қазақстанға шетелден келетін жолаушыларда вирустың белгілері жоғын растайтын ПТР анықтамасы болуы шарт. Алайда біз мұндай анықтаманы өзбекстандықтар сияқты сол мезетте тапсырамыз деп ойлағандықтан шығар, ол жақтан анықтама алмадық. Кеден бекетінің қызметкерлері қолымызда ПТР анықтама болмағаны үшін Қапланбектегі карантин стационарына алып баратынын жеткізді. Арнайы көлікпен алып кетеді екен. Әп-сәтте біздің күйімізді кешкен 30 шақты адам жиналып қалды. Көпшілігі мұндай талаптан бейхабар.Жемқорлыққа жол ашар тәсіл емес пе?
Алайда мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, халыққа бетперде, бірреттік қолғап киіп, қызмет көрсетілуі тиіс. Онда қоғамдық көлік жүргізушілері, әуежай, вокзал, фитнес залы, сауда орындарының қызметкерлері және басқасы міндетті түрде бетперде мен медициналық қолғап киюі тиіс екені айтылған. Дегенмен кеден қызметкерлері медициналық бетперде таққанымен, бірреттік қолғапты кимеген. Одан бөлек, мұнда карантин талаптарына сай адамдарды шоғырландырып жинамау, арақашықтық сақтау сынды талаптың барлығы да орындалып жатқан жоқ. Осындай олқылықтар әрбір минуты қымбат болып тұрған жолаушылардың одан сайын ашуын туғызды. Шыдамы таусылған жүргіншілер арасында «Анық карантин талаптарына бағынар болса, неге өздері тиісті талаптарды орындамайды?» деген сарында айқай шыға бастады. 1 сағатқа жуық уақыттан соң көлік келіп, алғашқы 15 адамды жүк тиегендей топырлатып мінгізіп, 15 шақты шақырым аймақтағы Қапланбек карантин стационарына алып кетті. Байқағанымыз, осы тұрғыда кеден қызметкерлері арасында да жоғары жаққа деген реніші білінеді. Себебі тәулік бойы шекарадан өтетін әрбір азаматтан еститін балағат сөздер әбден мезі қылған көрінеді. Одан бөлек, әрбір жолаушының ауыр қол сөмкесін көтеріп, көлікке мінгізіп жіберуге дейінгі қызметті атқарады. Осы кезде ғана жолаушының паспортын қолдарына ұстатады екен. Жолаушылар көлік жүргізушінің де санитарлық талапты орындамай отырғанын, ешқандай қорғаныс құралының жоқтығын сынады. Ал тасымалдаушы көлік жолаушыларды Қапланбектегі стационарға тастайды екен де, әрі қарай тағы адам әкелуге кетеді. Сонда дейміз-ау, Құдай бетін ары қылсын, жолаушылардың бірінен коронавирус белгісі анықталса, әлгі жүргізушінің өзі тасымалдаушы болмай ма? Сонда санитарлық-эпидемиологиялық мекеме қаулы шығарумен ғана айналыса ма?Жүйе жолаушыларды қашып кетуге мәжбүрлейді
Сонымен не керек, Қапланбектегі стационар бізге жылышырай таныта қойған жоқ. Есікті бірнеше мәрте қаққан кезде барып ашқан жан біз кірер кірместен: «Келдіңіздер ме, енді біз сияқты жатасыздар. Кеше кешке келгенімізде «2 000 теңге берсеңіздер, тез шығарамыз» деген еді. Қырсығып бермегеніміздің зардабын тартып жатырмыз. Қорытындымыз әлі дайын емес» деп сөйлей жөнелді. Артынша жеткен медициналық қызметкер бізді қабылдап, ПТР-тест тапсыруға жолдады. Ондағылар қорытындының қашан дайын болатынын білмейтінін, оған дейін жайғасып жатып демала беруімізді ескертті. Арнайы төсек-орындары бар кереуеттер қойылыпты. Тест қорытындысы тез арада дайын болатын шығар деген үмітпен кірген көпшілік үшін бұл жауап төбеден біреу су құйып жібергендей әсер қалдырды. Дәлізде ерсілі-қарсылы жүрген жолаушылар тағы айқай шығара бастады. Біреулерінің ұшаққа, пойызға билеті бар, енді бірі жақынының жаназасына асығып келеді, тағы біреуінің айы-күні жақындап қалған, аяғы ауыр екен. Осындағы қызметкерлердің айтуынша, жуырда аяғы ауыр келіншек толғатып, жедел жәрдем көлігімен перзентханаға жөнелтілген. Әрине, босануына бірер уақыт болса да, мынадай ашу-ызаны тудыратын жағдай толғақты жақындататыны сөзсіз. Айтқандай, екінші рейспен келген жолаушылардың жартысы, яғни 8-і көз алдымызда қашып кетті. Қолдарында төлқұжаттары бар жолаушылар көліктен түскен соң стационарға кірместен кетіп қалған. Орталық іші азан-қазан болды да қалды. Учаскелік полицей келіп, талапқа бағынбағандар заңмен қудаланатынын, айыппұл төлейтінін ескертіп кетті.Медицина қызметкерлері биліктен көмек сұрайды
Қапланбек балалар ауруханасы 15 ақпаннан бері стационарға ауыстырылыпты. Бұдан бөлек, дәл осындай 100 адамға арналған стационар Сарыағашта да бар екен. Мұндағы 40 төсектік стационарда 10 медициналық қызметкер, оның 2-уі дәрігер қызмет көрсетеді. Дәрігер Шахло Ешимова ашылғалы бір апта көлемінде 302 адам қабылдағанын, әлі ешқайсысынан қауіпті дерттің белгісі байқалмағанын жеткізді. «Конституцияға сай жеке адамның төлқұжатын ұстап отыруға құқымыз жоқ. Дегенмен карантин талаптарына бағынбай қашып кететіндер бар. Жалпы, бізде проблема көп болып тұр. Келгендердің барлығы да айқай шығарады. Естімеген сөзіміз қалмайды. Небір былапыт сөздермен жүйкемізге тиеді. Жергілікті әкімдіктен, «Nur Otan» партиясынан және полициядан комиссия құрылып кеден бекетінде немесе осында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақылап отырса дұрыс болар еді деген өтінішіміз бар», – дейді дәрігер. Көптен күткен тесттің қорытындысы 8 сағаттан соң дайын болып, түрмеден шыққандай мәре-сәре болдық. Осы аралықта баласы жылаған әйел, қарны ашып ерсілі-қарсылы ашуға булығып жүрген талай жанды көрдік. Обалы не керек, талғажу қылар бір ыстық тамақты береді екен. ПТР-тесті де, жатар орны мен тамағы да тегін болғанымен, қаншама адамның жүйкесін тоздырып, кеден және медицина қызметкерлерінің талай бейәдеп сөздерін естуіне жол ашқан мынандай жүйені басқаша реттеуге болмас па екен деген ой келді. Мейлі, талапқа бағындық дейік, бірақ осы талапты әрбір өтіп жатқан жүргіншіге көрінетіндей жерге жазып қоюына, тіпті бір қызметкерді арнайы бөліп, қайтар жолда қандай тест тапсырып келу керегін түсіндіріп, бағыттап жіберуге мүмкіндік жасауға болмас па екен? Не болмаса өзбекстандықтар сияқты ПТР-тестті тапсыратын карантин стационарын сол аумақтан ашуға не кедергі? Қазір стационарға, медперсоналдарға, тасымалдауға қыруар қаржы кетіп жатыр. Тіпті, дәл осындай жолда жолаушылар ақылы түрдегі қызметке де көнуге әзір. Себебі әрбір адам шарасыздықтан жол жүреді.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы