Шымкент қаласындағы «Қырғы базар» аумағында Әлішер Ходжыметов есімді өз ісінің шебері атанған етікші бар. Әлішер аға Шымкенттің тұрғындарына ғана қызмет көрсетпейді. Оған арысы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен еліміздің барлық облыстарынан және өзге ел азаматтары да келеді.
Иә, етікші көп. Бірақ маман аз. Ол кез келген жарамсыз болып қалған аяқкиімнің өзін жайнатып жібереді. Біз осындай қасиетін естіген соң аяқкиім шеберханасына бас сұқтық. Шынында, келушілер легі толастар емес. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Құдды аяқкиім дүкені дерсіз. Шебер тұрғындардың негізінен күзде және қыстыгүні көп келетінін айтады. Дәл осы уақытта аяқкиімде ақау бола бастайды. Су кіріп, табаны ашылады, бояуы сырылады. Осыдан 2 күн бұрын тастап кеткен аяқкиімін алып тұрған келіншек таңданысын жасыра алмады. «Мұны жарамайды ғой деп қоқысқа тастаған едім. Шыны керек, қимай қайта алдым. Сізге әкелгенім қандай жақсы болған. Бірнеше етікшіге көрсеткенімде жаңа аяқкиім сатып алуымды, мынаны тастай салуымды айтқан еді» деп жылтырап, жаңарып қалған аяқкиімін қуана алып жатты. Ал есіктен кірген апай 30 шақырым қашықтықтағы Ленгер қаласынан келіпті. Қолында бірнеше аяқкиім бар. Таза былғарыдан жасалған аяқкиімнің табанын ауыстыру керек екен. «Ауылда етікшілер көп. Бірақ олардың қызметіне көңілім толмайды. Тоғыз жылдан бері өз ісінің нағыз шебері Әлішерге сеніп тапсырамын», – дейді ол. Базарда күзетші болып жұмыс істейтін ер адам жыртылып, тесілген жарамсыз етікті алып келді. Көзінде «жарамайтын шығар» деген солғындық бар. Бірақ Әлішер Октамұлы аяқкиімді ары-бері ұстап көрді де білдірмей, ізін де қалдырмай жамаудың тәсілін түсіндірді. Осы кезде ер адам жүзінен ерекше қуаныш байқалды. Ертесіне алып кететін болып шығып кетті. Етікшінің бізбен әңгіме құруға уақыты жоқ. Бірі келіп, бірі кетіп жатқан тұтынушылардан босамайды екен. Жұмыс істей отырып, етікші мамандығының аса қажет екенін айтқан ол жастардың бұл мамандықты таңдамайтынына қынжылатынын да жасырмады. Иә, үлкен шыдамдылық пен еңбекқорлықты, табандылықты қажет ететін бұл мамандықтың өзіндік қиындықтары көп. Дегенмен жұмыстың көзін біліп істесең, қыруар пайда табуға болады. Сондықтан баласы Шахзатты осы іске баулып жүр. «Әр адамның кем дегенде екі-үш жұп аяқкиімі бар, жақсы шебер ешқашан жұмыссыз қалмайды. Одан кейін білмегеніңді сұрау ешқашан ұят емес. Аяқкиім шебері Тұрсынқұл Мамановтан көп тәлім алдым. Жұмыссыздықтан гөрі жұмыстан шаршаған дұрыс», – дейді ол бізбен әңгімесінде. Ол аяқкиімді тігеді, желімдейді, шегемен қағады. Тыным таппайды, тіпті қажет болса, түнде де, демалыс күндері де жұмыс істейді. Әйелдер сөмкесін де жөнге келтіріп беретіні бар. «Етікшіні балға мен бізі асырайды» деген сөз бар. Клиенттерімнің алдында ұятқа қалмайтындай жөндеп беруге тырысамын. Сонымен бірге адамның аяқкиіміне қарап, өзінің қандай екенін білуге болады. Негізі, аяқкиімді күтіп киюге кеңес беремін», – дейді ол. Әлішер аға аяқты қысатын аяқкиімді де кеңейтіп берудің тәсілін тапқан. Мұнда жылдар бойы сақталған аяқкиімдер де бар екен. Кейбіреулер жарамсыз аяқкиімі қалпына келмейтін шығар деген күдікпен келмей де қояды. Бірақ айлар өткен соң да іздеп келіп, жаңарып қалған аяқкиімдерін танымай қалған кездер болған. Күніне 20-30 клиентті шығарып салатын етікшінің еңбегіне береке берсін деп тіледік.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы