Дария суына диқандар алаңдап отыр
Дария суына диқандар алаңдап отыр
208
оқылды

Негізі Сыр өлкесіндегі су тапшылығының байқалғанына 3-4 жылдың көлемі болды. Нақ егін науқаны басталар шақта Сырдарияның суы әп-сәтте сарқылып қалатыны жасырын емес. Жылда диқандардың ауызбіршілігі арқасында негізгі күріш алқабын кезектесіп суару әдісі қолданылып келеді. Бірақ, суды қанып ішпеген дәнді дақылдан диқандар мардымды өнім алу қиын екенін айтады. Ал биыл су тапшылығы былтырғыдан да қатты сезіледі деген қауіп бар.

Қызылорда өңірі егін, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болғандықтан суармалы жерлерге сұраныс жоғары, аяқсуды көп қажет ететініміз белгілі. Оның үстіне экологиялық қажеттіліктер бар. Қыста арнасынан тасып жұртты әбігерге салатын Сырдариядағы мол суды нақ керек маусымда яғни, егінге қажет кезде жеткізе алмаймыз. Мәселен, былтыр су тапшылығын сезінген диқандар биыл да күріш егістігінің көлемін тағы 5,1 мың гектарға азайтпақ. Себебі, дарияға тасталып жатқан су мөлшері тым аз.

– Өткен жылы оңтүстік өңірлерде су тапшылығы  болғанын  білесіздер. 2020 жылы «Шардара» су қоймасына жоғарыдан 13,4 млрд текше метр су түсіп, төмен қарай ондағы 2 млрд текше метр су вегетация кезінде 13,4 есе су тасталған. Бұл келген су да, төменге тасталған су да – соңғы он жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2020 жылдың басында вегетациялық кезеңде «Шардара» су қоймасына 6,4 млрд текше метр су беріледі деп болжанған. Алайда осы кезеңде 3,1 млрд текше метрі немесе 49 пайызы ғана түскен. Ең үлкен су қоймасы саналатын «Тоқтағұл» су қоймасында 9,9 млрд текше метр су бар. Өткен жылдың осы кезеңінде 12,8 млрд текше метр болған. Биыл 2,9 млрд текше метрге аз. Қазіргі таңда «Шардарада»  4,26, «Көксарайда» 1,158 млрд текше метр су бар. Жауын-шашын мөлшерінің аз түсуіне байланысты биылғы вегетация кезеңінде Сырдария өзенінің сулылығы өткен жылмен салыстырғанда да төмен болатындығын анық аңғару қиын емес. Сондықтан қажетті су мөлшерін жинай алмай қаламыз ба деген күмән бар, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Өткенде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Салауатұлы мен Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Жанұзақұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтау мақсатында Қызылорда облысына іссапармен келді. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы жұмыстарына аяқ су жеткізу жолдарын қарастырып, су арналарын өз көзімен көру.

– Қызылорда  облысына бір маман бекітіледі. Дала жұмыстары басталған сәттен бастап айына екі мәрте келіп, бақылап, мәселелерді реттеуге атсалысады. Су көп болса да, аз болса да қадірін білетін аймақ – осы Қызылорда. Жылдағыдан су мөлшері азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Көріп отырсыздар. Оның бірнеше себебі де бар, табиғи құбылыс, халық санының өсуі, экономиканың алға жылжуы, шекаралық мәселелер, тағысын тағы. Мұнайдың баламасын табармыз, судың баламасын таба алмаймыз. Істің бәрі қағаз бетінде қалып қоймасын! – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде 188,2 мың гектарға егін егу межеленіп отыр. Оның ішінде әртараптандыру бағыты бойынша 96,6 мың гектарға дәнді, 6,7 мың гектарға майлы, 66,4 мың гектарға малазықтық дақылдар, 18,4 мың гектарға картоп, көкөніс, бақша, ал 84,4 мың гектарға негізгі дақыл – күріш егіледі деген жоспар бар. Бұл меже егін науқанына дейін әлі талай өзгеруі мүмкін. Су тапшылығына байланысты былтыр облыс бойынша 7100 гектар егіс алқабы қысқаруы тиіс еді. Алайда бұл талап шаруашылықтар тарапынан жөнді орындалмады. Жер-Ананың берген несібесі болса керек, күйген егіс көлемі аса көп емес, егін бітік шықты. Бірақ, жаз бойғы су тапшылығы сала мамандарын да, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді де әуреге салғаны рас. Бүгінде «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 690 млн текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 3,9 млрд текше метрді құрайды. Оның 250 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне жиналуда. Бүгінде екі қоймада 4,8 млрд текше метр су жиналып тұр. Ал аудандарға тоқталсақ, Жаңақорғанда каналдарды тазалау, Сырдарияда «Әйтек» су арнасын жөндеу, Қармақшы мен Қазалыда су тапшылығының сезілуі, Аралда егістік болмағанмен, «Қамбаш» көлінің тартылуы секілді проблемалар бар. Айтпақшы, қазіргі қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Сондықтан ахуалға байланысты ағымдағы жылы осы заңның жаңа жобасы қаралып, келер жылы қабылданады. С.Қожаниязов еліміз бойынша бірқатар көрсеткіштерді де атап өтті. Суармалы жерлердің басым бөлігі оңтүстік облыстарға тиесілі. Бір тәуірі өзге облыстармен салыстырғанда су шығынын ең аз жасайтын Сыр елі екен. Көп ысырапқа Жамбыл облысы жол беретін көрінеді. Оларда 36% болса, бізде 13%. Сонымен бірге пайдаланған су үшін төлемді уақытылы жасайтын Қызылорда облысы. Жоғарыда айтылған болжамдар ендігі жерде су азаймаса көбеймейтінін байқатады.

Былтыр дария суының аздығынан кей шаруа қожалықтары сусорғы құрылғыларды іске қосса, енді бірі қашыртқы суды қайтадан егіске пайдаланды. Диқандар жоқтан бар жасап, егінді күнге күйдіріп алмауға тырысып бақты. Осы жазда да су тапшылығы тағы байқалатыны айтылды. Сол себепті егіс көлемін азайту секілді бірқатар шектеу талаптары енгізіліп, Сыр салысын егуді біршама гектарға азайту ұсынылды. Сондықтан күріш алқаптарында су ресурстарын рационалды пайдалануды қамтамасыз ету үшін атыздарға су беру, қашыртқылау және үнемі есепке алуды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынып келеді.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары су ресурстарын үнемдеу мақсатында, суды аз талап ететін, вегетациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өндіріске енгізумен қатар, ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлесін азайтып, әртараптандыру дақылдарын орналастыру жөнінде де ұсыныстар жасауда. Осылайша су тағдырына және оның ықпалынан орын алатын егін шаруашылығына қатысты ғылым мен аграрлар арасындағы үйлесім ерекше мәнге ие болып отыр. Өйткені, судың, яғни Сырдария өзенінің тағдыры – Сыр елінің тағдыры.                                                                                                                                                Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,                                                                                                                                                  Қызылорда облысы