Балалар үйінен шыққан жігіт пәтерге жинаған ақшасын науқас балаға аударыпты
Балалар үйінен шыққан жігіт пәтерге жинаған ақшасын науқас балаға аударыпты
304
оқылды

Орал балалар үйінде тәрбиеленген 22 жастағы Серік Мұқашев емге зәру болып отырған сәбиге  1 миллион теңге аударыпты. Жігіттің жасаған бұл жақсылығын досы Әли Тукашев айтып берді.  Бұл жайында «Уральская неделя» басылымы жариялады.

Пандемия өршіп тұрғанда Серік инфекциялық блокқа санитар болып жұмысқа кірген. Содан тапқан ақшасына пәтер сатып алмақшы болған. Бірақ ол кенеттен бұл ойынан айнып, ақшасын баланың еміне жұмсауға ұйғарыпты.

Досының айтуынша, Серік бұл тақырыпта ешкіммен сөйлескісі келмейді. «Серіктің Эмирге шынымен миллион аударғанын білемін. Бірде оның телефонынан өзіме бірлік аудармақ болдым. Сол кезде сәбидің анасына миллион теңге аударғанын байқап қалдым. Өзі бұл жайында ешкімге айтқысы келмейді. Ол үшін ең маңыздысы балаға  көмектесу»,– деді Әли Тукашев.

Эмирдің анасы Сабина Шахмарова ұлының шотына ақша екі апта бұрын түскенін, содан кейін олар Серік Мұқашевпен телефонмен сөйлескенін айтты. Эмир Шахмаров – 1 жас, 8 айда . Ол жұлын бұлшықетінің атрофиясымен ауырады. Бұл ауру Қазақстанда жоқ «Золгенсма» препаратымен ғана емделеді екен. Оның құны – бір миллиард теңге. Препарат – жалғыз ғана екпе, оны науқас екіге толғанға дейін салып үлгеру керек. Баланың анасы Оралдың басқа тұрғынынан тағы бір ірі сома келіп түскенін  тілге тиек етті. Сабинаның айтуынша, 11 наурызда Эмирдің есебіне көп жылдан бері желілік бизнеспен айналысып жүрген Салтанат Шаймардановадан 6,5 миллион теңге түскен. «Салтанат бұған дейін де 1 миллион теңге аударған, ол бізді қолдап келеді. Әуелі – Алла, одан кейін халықтың арқасында біз қиындыққа мойынсұнбай келеміз»,– деді Сабина. Бүгінгі таңда Эмирге 508 миллион теңге жиналған. Қазір баланың жағдайы ауыр, қозғала алмайды. Емделуге 20 сәуірде бару жоспарланып отыр. Ал баланың ата-анасы сол уақытқа дейін қажетті сома жиналып қалар деген үміті бар.