Ұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің аты-жөндері жарияланды
Ұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің аты-жөндері жарияланды
191
оқылды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапқандардың аты-жөндерін жариялады.

Олар – ҚР ҰҚК Авиация қызметі әскери қызметшілері. Атап айтсақ, авиация бөлімінің штурманы Ғабит Есімдеұлы Барлықбаев.  Ол 1984 жылы 19 қазанда туған, әскери шені  – майор. Капитан Досжан Ғалымбекұлы Баймұратов сол бөлімінің ұшу тобының борт технигі. Ол 1985 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келген. Авиация бөлімінің ұшу тобы экипажының штурманы, аға лейтенант Мұхтар Қажымұқанұлы Сағымбаев 24 қараша 1994 жылы туған. Сержант Васильков Евгений Борисович 1985 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Ол авиация бөлімінің ұшу тобының аға борт механигі болды. Комитеттің мәліметінше, АН-26 әскери-көлік ұшағының экипажы тәжірибелі әрі кәсіби дайындалған мамандар болған.

«Олар өмірінің соңына дейін әскери антқа адал болды. Сарбаздардың жарқын бейнесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жадында мәңгі сақталады. Біз ауыр және орны толмас қазаның қайғысын бірге бөлісеміз», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 13 наурызда Нұр-Сұлтан - Алматы» бағытында сағат 17:20-да ұшып шыққан ҰҚК әуе қызметінің АН-26 ұшағы Алматыға қонар кезде апатқа ұшырады. Алматы әуежайы маңындағы ұшақ апатынан 4 адам қаза тапты. Ал зардап шеккен 2 адам Алматы қаласындағы №4 қалалық ауруханасында жатыр.