Өлім жазасы: үміт пен күдік
Өлім жазасы: үміт пен күдік
1,073
оқылды
Жыл соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты орган­дарға БҰҰ-ның өлім жаза­сын алып тастау жөнін­дегі халықаралық құжа­тына қосылуды тапсыр­ған еді. Құжаттың 1-бабында «Осы хаттамаға қатысу­шы мем­ле­кеттің юрисдикция­сын­дағы бірде-бір тұлға өлім жа­засына кесілмейді» делінген. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» қаулыға қол қойған. Бұл Жарлық өлім жазасын орындауды доғарса да, соттарға сондай үкім шы­ғаруға тыйым салмайды. Алма­тыда теракт ұйымдастырғаны үшін атуға бұйырылған Руслан Күлекбаев әлі абақтыда. Amnesty International ұйымының дерегінше, қазір әлемде Күлекбаев секілді 19 мыңнан астам қылмыскер ажал камерасында үкімнің орын­далуын тосып отыр екен. Енді Прези­денттің тапсырмасы орындалса, «алматылық атқыш» тірі қалуы әбден мүмкін. Бұл жаңалықты әркім әртүрлі қабылдапты. Мәселеге тереңірек үңілу мақсатында қоғам қайраткері Ирак Елекеевке қоңырау шалдық. Өмір бойы заң саласында қызмет атқарған оның айтуынша, қыл­мыс атаулыны жазамен жеңуге бол­майтынын тарих дәлелдеген. – 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дамыған, мәдениетті елдерде өлім жазасы жоқ. Болашақта біз OSCE-ні басқарғалы жатырмыз. Осыны зерттеп көріңдерші. Өлім жазасын тоқтатуға мүмкіндік бар ма, жоқ па, халықтың пікірі қандай екен?» деп тапсырма берген. Ол кезде мен Әділет министрінің орынбасары едім. Тікелей осы мәселемен шұғылдандым. 2001 жылдың басында елде сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқан халықтың 4 пайызы ғана өлім жазасынан бас тартуды жақтады. Қалған 96 пайызы «Қылмыстық кодексте өлім жазасы болуы тиіс» деген пікір білдірді. Одан кейін де көп жұмыс істедік. Жыл соңында «Хабар» арнасымен бірлесіп, Парламенттің ескі ғимаратында 300 адамның басын қосып, үлкен дөңгелек үс­тел өткіздік. Мамандардың уәжін тың­дадық. Тікелей эфирде 38-39 мың адамнан қоңырау қабылдадық. Олардың 28 пайызы өлім жазасын тоқтатуды қолдады. Яғни, бір жылда бұл көрсеткішті 4 пайыздан 28 пайызға көтердік, – деді Ирак Елекеев. Жұмыс тобы осы отырыстың қорытындысын Елбасының қолы­­на ұстатыпты. Ал Елбасы 2003 жылы өлім жазасына мора­­торий жариялайды. Ирак Елекеев­тің ойынша, содан бері қыл­мыс азай­ған: тоқсаныншы жыл­дар­дың ортасында жылына 200 мың қылмыс жасалса, бүгінгі са­най­ғақ 100 мыңның төңірегінде, яғни қа­ралы статистика екі есе төмендеген. – Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір істі ауыр қылмыстар санатына қосты. Негізі, бұл – Президенттің ғана емес, бүкіл халықтың пікірі. Өлім жазасын алып тастауға мүмкіндік бар. Егер біз зайырлы мемлекет бол­ғы­мыз келсе, жазаның бұл түрін түбе­гейлі жойғанымыз жөн. Мора­торий авторларының бірі ретінде бұл шешімді қолдаймын. Біреулер менен: «Өзіңіздің жалғыз балаңызды өлтіріп кетсе, не істер едіңіз?» деп сұрайды. Қоғам он­дай­ды ойламауы керек, қоғам ондайды болдырмауды, халықты жұмыспен қамтамасыз етуді ойлауы керек. Ауыр қылмысқа баратындардың жартысынан көбі – жұмыссыздар. Әлеуметтік мәселенің рөлі зор, – деді қоғам қайраткері. Осы арада бір күдіктің құлағы қылтияды. Шынтуайтында, дамы­ған әлемде өлім жазасын қолдана­тын мемлекеттер жоқ емес, бар. Мы­салы, кейінгі кезде Сингапур мен Жапонияда бұл көрсеткіш біршама өскен. Былтыр Беларусь билігі үш адамды қатыгездікпен өлтірген қылмыскерді атып тас­тады. Бірбеткей Батька БҰҰ мен Еуроодақтың айыптауларына да пысқырмады. Оны қойшы, де­мо­кратияның бесігі саналатын, адам құқығын құрметтеуді бә­рі­мізге үйрететін АҚШ-тың кей­бір штаттары өлім жазасын әлі күнге дейін пайдаланады. Ирак Елекеевтің бұған қатысты пікірі екіұштылау екен. – Қателеспесем, АҚШ-тың 28 штатында ғана өлім жазасы бар. Басқасында жоқ. Оның әртүрлі себебі бар. Америкада миграция мәселесі өршіп тұр. Қылмыстың көбін қара нәсілділер жасайды. Қазақстанда ондай миграция жоқ. Бізге қатал заң керек. Жол полициясы жұртқа қауіпсіздік белдігін тағуды бір-ақ күнде үйретті ғой. Келісесің бе, жоқ па? – деп Ирак Қасымұлы өзіме сауал қойды. – Келісемін. – Міне, тәртіп болуы керек. Жолполдар белдік тақпаған ми­нистрдің өзін ұстап, айыппұл сал­ды. Содан кейін бәрі ойланды, – деп түсініксіздеу тұжырды ағамыз. Халық арасында «ауыр қылмыс жасаған адамды өмір бойы са­лық төлеушілердің есебінен асы­рап, бюджеттің ақшасын желге шашқанша, бірден өлім жазасына кескен дұрыс» дейтіндер де кез­деседі. Кездеседі дейміз-ау, олар­дың қарасы қалың, дауысы зор. Ирак Елекеевке осы уәжді келтіріп едік, ағамыз шамданып, шалқасынан түсті. – Айналайын, атың кім сенің? – деп айқай салды. – Еркебұлан... – Еркебұлан, айтшы, қазы­надан ұрланған ақша қайда кетіп жатыр? – Қайда кетіп жатыр? – Жекелеген адамдардың қалтасына кетіп жатыр. Мемлекет болған соң ондай шығындар болмай тұрмайды. Көбік сөзді көпіртпей, одан да миллиардтап ұрланып жатқан ақшаны айтайық, – деп әрең басылды. Ары қарай әңгімеміз басқа арнаға ауысып, екеуміз жылы қоштастық.
Иә, өлім жазасын алып тас­тауды ұсынатын мамандардың уәжі мұнымен бітпейді. Біреулер «сот қателесіп, жазықсыз адамның өмірін қиюы ықтимал» десе, енді біреулер «пендесінің жанын Алла Тағала ғана алады» дейді. Заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаевтың пікірінше, бұл дәйектердің ешқайсысы іс жү­зінде оң шешімін таппаған. Өйт­кені өлім жазасының мақсаты – қыл­мыстан сақтандыру. Қанды кек­тен қорыққандар аяғын аңдап ба­сады. Ал жазадан қорықпай, ауыр қылмысқа барғандар – адам кейпін жоғалтқандар. Сондықтан өлім жазасы керек. Жас балаларды зорлау, бір отбасын тұтас қырып кету, теракт жасау секілді жауыз­дықтарды ештеңемен ақтай алмай­сың.
– Өлім жазасын алып тастау – үлкен қателік. Көптеген ел жазаның бұл түрін сақтап, керісінше кө­бейтіп жатыр. Одан бас тартудың қажеті жоқ. Бас тартудың соңы адам баласын жаппай қырып-жоюға, ауыр қылмыстарға әкеп соғады. Сондықтан өлім жазасын алып тастауға болмайды әлі. – Әлі дейсіз бе? – Ешқашан алып тастауға бол­майды. Өлім жазасының аты – өлім жазасы. Қылмыскер қалай адам өлтірді, солай бірден тозаққа кетуі керек! – деп шорт кесіп, шолақ қайырды академик. Әрине, екі жақтың да дәлелдері көңілге қонымды, талаптары орын­ды. Жалпы, өлім жазасын қол­дану немесе қолданбау туралы та­лас-тартыс сонау 18 ғасырда бас­талып, осы тақырыпқа жүздеген ға­лым мыңдаған еңбек жазған деседі. Біздің бүгінгі сөз – сол телегей теңіз­ге тамған бір тамшы ғана.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ