Алматы халықаралық әуежайы маңында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 6 кісі болған. Өкінішке қарай, оның төртеуі көз жұмып, екеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан – Алматы бағытымен ұшқан АН-26 ұшағы қону кезінде құлады. Сағат 17.20-да байланыс үзілді. Бірден дабыл қақтық. Біздің барлық қызметіміз оқиға орнына жетті. Ұшақ ұшу-қону жолағына жетпей құлаған» деп хабарлады Алматы әуежайының баспасөз қызметі. Әлеуметтік желіде тараған бейнетаспаларға қарағанда, әскери ұшақтың бір бүйіріне қарай қисая құлағаны байқалады. Құлаған ұшақта жарылыс болып, өрт шыққан. Апат орнынан шыққан қою түтін ауаға тарап жатыр. Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, өрт сөндірушілер ұшақтағы өртті сөндірген. Апаттан аман қалған екі адам №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнында Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты жәдел жәрдемнің 10 реанимация бригадасы жұмыс істеген. Ұшақ апатынан майор Ғабит Барлықбаев (1984 жылы туған), капитан Досжан Баймұратов (1985 ж.т.), аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев (1994 ж.т.) және сержант Евгений Васильков (1985 ж.т.) қаза тапты. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген Артем Аширов (1987 ж.т.) пен Бақыт Исламов (1996 ж.т.) – қазір жансақтау бөлімінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, апат себептерін анықтау басталғанын мәлімдеді. №4 клиникалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Руслан Тоқышевтің айтуынша, 1996 жылы туған науқастың бас сүйегі зақымданған, саусақтары сынған, денесі мен екі қолының 50 пайызы күйген, көкірек қуысы жараланған. Ал 1987 жылы туған екінші науқастың бас сүйегі зақымданған, денесі мен екі қолының 30 пайызы күйген, сол жақ жіліншігі, қабырғасы сынған, кеуде қуысы зақымданған. Жансақтау бөліміндегі екі науқастың да жағдайы ауыр. Дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін барынша күресіп жатыр. Ел Үкіметі апаттың себебін анықтау үшін сараптау комиссиясын құрды. Оның құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің өкілдері бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайтында «Қазір комиссия мүшелері әуе кемесі құлаған жерде. Борттық жазу құралы («Қара жәшік») табылды. Оның ішіндегі мәліметтерді тексеру жұмысы жүріп жатыр. Нәтижесі алдағы уақытта хабарланады» деп жазылған. Қайтыс болғандардың туғандарымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Медициналық көмек көрсету үшін Алматы қаласында орналасқан комитет госпиталінің мамандары жұмылдырылған. Евгений Васильковтың ата-анасы арнайы бортпен Петропавл қаласынан Алматыға жеткізілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасы мен туғандарына қажетті материалдық көмек көрсетіп, жерлеу рәсімдерін өткізуге қолдау білдіріп жатқаны айтылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 25 жыл еңбек еткен, қазір отставкадағы полковник Арат Нарманбетов ұшақ апатына көбіне адами фактор немесе ауа райының қолайсыздығы әсер ететінін айтты. «Бізде ұзақ уақыт пайдалануда жүрген ұшақтар жиі кездеседі. Олар ара-тұра күрделі жөндеуден өтеді. Әуе кемесінің апатқа неден ұшырағанын анықтау барысында «Ұшаққа күрделі жөндеу қалай жүргізілді? Пайдалану мерзімі дұрыс қадағаланды ма?» деген секілді жайттарды ескеру қажет. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты авиациялық техника паркінде АН-26 ұшақтары, тікұшақтар бар. Парк үлкен емес, олар негізінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кіретін шекара қызметімен байланысты жұмыс жүргізеді», – деді ол. Арат Айнақұлұлының айтуынша, әскери ұшақтар бәріне дайын, техникалық жағынан сақадай-сай болу керек. Онда әскери тәртіп бар, техникалық жағынан бақылау күшейтілген. Ол әскери ұшақ апаттарының жиі болуы ең бірінші кезекте қызметіне қатысты екеніне тоқталды. Олар шұғыл тапсырмаларды орындауы тиіс. Тіпті, ауа райының қолайсыздығына қарамайды, басын ұдайы қауіп-қатерге тігеді. АН-26 – «Антонов» конструкторлық бюросында әзірленген Кеңес Одағының әскери-көлік ұшағы. Бұл – АН-24 моделінің жетілдірілген түрі. Жүк салғышының аузы кең болғандықтан әрі арнайы трап орнатылғандықтан жерден де, көліктен де жүк тиеуге ыңғайлы. АН-26 ұшағының АИ-24ВТ турбиналы-винтті екі двигателі және бір қосымша реактивті двигателі бар. Ұшақта 40-50 орын болады. Ол қатты алысқа ұшуға арналмаған, әскери қажеттіліктер үшін, жеке құрамды, жеңіл техникаларды тасымалдауға ыңғайлы.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ