– Оразалы аға, сіз 1990-1994 жылдары Қазақстан Жоғары Кеңесінде білім және ғылым саласына жетекшілік еттіңіз. Бірнеше рет Парламент Мәжілісі депутаты болдыңыз. 1991 жылы еліміз егемендік алып, «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданған сәтті еске алсақ...
– «Тәуелсіздік декларациясын» қабылдаудың алдында Кеңестер Одағы ыдырап, бөлінді. Тәуелсіздік алу үшін заң бойынша Жоғары Кеңестің, Парламенттің депутаттары дауыс беруі тиіс. Ол дауыс жасырын болады. Сол кезде Президенттен бастап депутаттар, жалпы қазақ азаматтары қатты қобалжыдық. Себебі депутаттардың 53 пайызы қазақтар да, 47 пайызы орыс, украин, неміс, белорус, өзбек, тағы басқалар. Осы өзге ұлт өкілдері қалай дауыс береді? Әңгіме сонда болып тұр. Одан кейін Кеңес Одағының әлі толық күйрей қоймаған, қылышынан қан тамып тұрған кезі. Депутаттардың ішіндегі Чернышов, Баев дегендер «Ресеймен бірге боламыз» деген әңгімелерді таратты. Жасырын дауыста кім қалай дауыс бергенін ешкім дәлелдей алмайды. «Егемендік ала алмай қалсақ, қалай болады?» деген уайым болды, сол себепті бәріміз де қатты қобалжыдық.
Мен сол кездері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде ғылым және білім саласына жетекшілік еттім және Жоғарғы Кеңесте президиум мүшесі болдым. Зиялылардың көбі біздің комитетте еді. Тізім жасап, Салық Зиманов, Айтжан Абдулин, Өмірбек Жолдасбеков, Жабайхан Әбділдин, Ғани Қалиев, Серікболсын Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Шахмардан Есенов, Зейнолла Қожахметов, Жармахан Тұяқбай, Нұрлан Оразалин, тағы басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлері әрқайсымыз төрт-бес өзге ұлт өкілдерімен сөйлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Ол кезде басқа республикалардың бәрі егемендігін жариялап үлгерген. Нәтижесінде, депутаттардың басым бөлігі дауыс беріп, егемендік алдық. «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданған кезде қатты толқыдық, жанарымызға жас үйірілді. Ол жерде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Осылайша, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздік алдық. «Сондай бақытты шақ біздің заманымызда, біздің араласуымызбен болып жатыр» деген қуаныш жүрегімізді тербеді. Өмірде қуаныш көп, бірақ халқың егемендігін алып, тәуелсіз ел болғанына жететін қуаныш та, бақыт та жоқ.
– Тәуелсіздік алған жылдары ел тұрғындарының басым бөлігі өзге ұлт пен ұлыс өкілдері болды. Бұл кейбір сәтте ел тағдырына байланысты батыл шешімдер қабылдауда өзіндік салқынын тигізген де болар. Шекара бекітіліп, түрлі заң қабылданып жатты. Бәрінің бел ортасында өздеріңіз жүрдіңіздер. Өзіңіз куә болған ең қиын сәт қайсы?
– «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданар алдында түрлі әңгіме болды, жекешелендіруде, меншік мәселесін қарағанда біраз тартыс болғаны рас. Кейбір азаматтар «Байқоңырды» тұтас өзіміз алуымыз керек» деген ойын білдірді. Ол кезде бізде «Байқоңырды» ұстап тұратын қаржы болған жоқ. Мейлінше «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» жағын ойластыруға тырыстық. Жер, тіл мәселесінде әркім өз ойын айтты. Қазақтың патриот азаматтары да бар. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын дегенге ешкім қарсы шықпады. Ал орыс тілінің мәртебесі туралы пікірсайыс өте жоғары болды. Тіл туралы заң қабылданғанда депутаттар екіге бөлінді. Орыс тілін ешқайда қоспаймыз дегендер де болды, бірақ ол аса қиын кез еді, сондықтан қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі беріліп, ал орыс тілі халықаралық тіл ретінде қабылданды. Дәл осы мәселеде оларды үгіттей алмайтынымызды білдік.
– Сол жылдары елдің рухының көтерілуін, патриотизмді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, аға буын өкілдерінің әрбір саладағы еңбегі өлшеусіз...
– Сол жердегі әр депутат патриот бола білді. Әлі елдің іргесі бұзылмаған, адами қасиеттері мықты, тәрбие де күшті болды. Кеңестер Одағының жақсы жақтары болғанын жоққа шығара алмаймыз. Әңгіменің ашығын айтар болсақ, сол тәлім-тәрбиені өз ата-анамыздан алдық қой. «Тәуелсіздік декларациясына қол қойғандарды еске алсам, қазір небір тұлғаларымыз өмірден озған. Сол кісілерге ризашылығымды білдіргім келеді. Академиктер Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаев Конституция – Ата Заңымыз қабылданғанға дейін басы-қасында жүрді. Академик Сауық Тәкежановпен бірге Президентке теңгені тезірек қолданысқа енгізу керек деп ұсыныс жасадық. Өкінішке қарай, бұл ұсынысымыз тез орындала қоймады. Депутаттарда жалтақтау болған жоқ, себебі оларды халық сайлады, олар халықтың сөзін сөйледі.
– Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген жоба ұсындыңыз. Алғашқы ұсыныстарыңыздың бірі – «Кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық бағдарлама». Кейіннен ол «Болашақ» деген атауға ие болып, әлі күнге дейін жүргізіліп келеді.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бас-аяғы 43 жоба ұсындым. 1991 жылдың күзінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірінші рет Ұлыбританияға делегация болып сапарға шықтық. Ресми делегациямен Лордтар палатасында кездесу болды. Кездесу өте сәтті өтіп, көңіл күйіміз жоғары болып қайттық. Маған Ұлыбританияның академиясымен танысу тапсырылған еді. Қайтып келе жатқанда «Қазақстанда Ұлыбританиямен бірлесіп университет ашсақ, жастарымызды шет елде оқытсақ» деген ұсынысымды айттым. Елбасы қолдап, «Осы ұсынысыңды жазып бер» деді. Елге келген соң күні-түні отырып, сол жобаны жасадым. Ол үлкен жоба болды. Жастарды шетелде оқыту, олардың шетелге баруы-келуі, сол жақта тұруы, оған ақшаны қайдан алу керегі – бәрі қамтылды. Ал Қазақ-Британ университеті 10 жылдан кейін ашылды.
– Сәтті жобаларыңыздың қатарынан тағы қайсысын атап айтар едіңіз. Ел дамуы үшін пайдасы ұшан-теңіз, бірақ орындалмай жатқандарын да тілге тиек ете кетсеңіз.
– Түркістанды жаңғырту жобасынан артық қандай жоба бар?! Бұл – әлемдік жоба. Мен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде ректор қызметін атқардым. Бірақ бұл жоба ол кездері ойыма келмеді. Таза жұмыс істеп жүрген жерімнен қызметтен босатты. Дегенмен бос қалған жоқпын, басқа қызмет ұсынды, мейлі оған өкінбеймін. Осы екі аралықта 7-8 ай жұмыссыз қалдым, дегенмен екі істі бітірдім. Біріншісі – өз қаражатыма ағайындарыммен бірге Түркібасы әулиесін салдырдым. Екіншісі – Түркістанды рухани жаңғырту жобасы. 2011 жылы 8,5 миллиард долларға тең жобаны Президентке ұсындым. Бұл кезде EXPO-2017-ге дайындық басталып кеткен болатын. Кейін 2018 жылы Түркістан жеке облыс болып, мен ұсынған жоба іске аса бастады. Ұлы Жібек жолында Түркістанды рухани астанаға айналдыру үшін «Түркістан өңірі» рухани және технологиялық кластерін құру жобасы 6 кластерден тұрады: рухани, технологиялық, жаңа ауыл, туризм, логистика, инфрақұрылым кластері. Түркістанның тарихи қалпын сақтап қалуымыз керек. Жобада әлемдік деңгейдегі тарихи-географиялық музей жасау ұсынылған. Ғұн, сақ, түрік қағанатынан келген құндылықтардың әлемде теңдесі жоқ. Осы құндылықтарымызды көрсететін тарихи-географиялық музей жасау керек. Онда Түркістанға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылар еді. Бұл жобаның ақшасы да есептелген. Шетелде мұндай жобаны ұсынғандарға миллиондап ақша төлейді. Маған бір тиыны да керек емес, тек елімнің жақсылығы үшін осы жобалар іске асса болғаны.
– Ауыл, ауыл тұрғындарының жағдайы туралы үнемі айтып келесіз. Ауылдың еңсесін көтеру үшін көптеген бағдарлама қабылданды. Сіздің ойыңызша, жаңа, заманауи, ХХІ ғасырдың ауылы қандай болуы керек?
– Түркістанды жаңғырту жобасында да ауыл кластері бар. Таяуда «Ойлы кітап» деп аталатын туындым баспадан жарық көрмек. Жақшаның ішіне қоғамды жаңғырту ілімі деп жазылған. Осы кітапта «Алдағы уақытта қанша ғарышты, жердің жеті қабатын игерсең де, бәрібір бір кездері ауылыңа оралатыныңды ұмытпа» деп жаздым. Ауыл – біздің кіндік қанымыз тамған жер, темірқазық. Біз ауылға өмір бойы қарызбыз. Ауылға қазір көмектесуіміз керек. Асар жасап, ауылды көтеруіміз қажет. Бізге «Шығармашылық ауылдар» салу керек. Ауыл – қазақ халқының өзегі. Неге Алматының түбінде бір шығармашылық ауыл жасауға болмайды? Онда зиялылар, жас таланттар барып шығармашылықпен айналысса қандай жақсы?!
ХХІ ғасырдың ауылы жаңа технологияларды игеруі керек. Бұл жерде жаңалық ашудың қажеті жоқ. Дамыған ел саналатын Израильде «Кибуц» деп аталатын ұжым болып бірігіп, кооперация құрып, жерді игеретін жүйе бар. Мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Еуроодақ елдерінде жақсы жолға қойылған. Біздің де бөлек-бөлек, өз бетінше тіршілігін жасап жатқан шаруалар бірігуі керек. Сонда ғана іс нәтижелі болады. Егер ауылда тұтыну кооперацияларын құрсақ, инвестиция тарту, тауар өндіру, өңдеу жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік туар еді. Біздің елімізде де дамыған шет мемлекеттердегідей білімді технологиялық ауылдар керек. Оны «Жаңа ауыл» деп атауға болады. Осы орайда Сингапурдің ауылшаруашылық өнімдер өндірісіндегі заманауи технологияларға негізделген 10 ғылыми-өндірістік паркін құру бағдарламасын пайдалануға болады.
– «Ойлы кітап» деген су жаңа туындыңыз баспадан жарық көріп жатқанын айтып қалдыңыз. Бұл қандай кітап? Нені қамтиды? Оқырманға қандай ой тастадыңыз?
– «Ойлы кітап» деп атаған себебім – «Осы кемелденген жасымда халыққа не беремін?» деп көп ойландым. Бүкіл өмірімде 900 мақала, 90-ға жуық кітап жазыппын. Кітаптар әртүрлі тақырыпты қамтиды. Экономика, технология, білім, ғылым туралы. «Ойлы кітапта» «Қоғамды қалай жаңғырту керек?» деген бір сұраққа қырық ой жаздым. Әлем, біз қайда барамыз? Байлығымызды халқымыздың игілігіне жаратып жатырмыз ба? Рухани құндылығымыз қайда? Ұлы Абайдың, әл-Фарабидің феномені неде? Оларды неге тиімді пайдаланбаймыз? Жалпы, түркі әлеміне серпіліс керек пе? Оған жоба жасадым. Түркістанды жаңғыртуға жоба жасадым. Бұл еңбекте табиғат пен адамның гармониясы, адамның алтыншы, жетінші түйсігі, сананы өзгерту, әлеуметтік инновация, экономика мен технология, ауыл тағдыры, шағын кәсіпкерлік, жер мен тіл мәселесі, білім мен ғылым, жастар болашағы, әр адамға, әр отбасыға керегі не, денсаулық пен спорт, мемлекетті тиімді басқару, қауіпсіздік жайы, ұлы Абайдың толық адам ілімі, тағы басқа да көптеген жайт қозғалады. Қысқаша айтқанда, қырық бөлімнен тұрады. Мұнда қырық ой бар. Әр ой екіге бөлінген. Мысалы, экономиканы алатын болсақ, қазіргі экономикамыздың жағдайы, сосын оны қалай көтереміз деген ой айтылады. Бұл жерде тек айтып, ой салып қана қоймай, соның тетіктерін жазуға тырыстым. Қандай тетіктерді пайдалансақ, біз басқа елдердің алдына шыға аламыз? Оған мүмкіндігіміз бар ма? Бұл кітап қоғамның дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ