Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасы Конституциялық реформа жөніндегі Комиссияның алтыншы отырысында қаралды.
Конституция 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады – Бақыт Нұрмұханов
Фото: Конституциялық соттың баспасөз қызметі
164
оқылды

Оны дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілді. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық соттың кезекті отырысында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оның айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

«Жаңа Конституцияның жобасын таныстыруға рұқсат етіңіздер. Оның көптеген новеллалары туралы бірнеше күн бойы айтылып келеді. Сіздер басынан қолдау тапқан жаңа институттарды жақсы білесіздер. Мен оларды қайталамай, жетілдірілген ережелерге тоқталамын. Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Олар жайлы үлкен талқылаулар өтті және көпшілік тарапынан қолдау тапты. Жобада Қазақстан Республикасы қызметінің жаңа негіз құраушы қағидаттары бекітілді. Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр», – деді ол. 

Бақыт Нұрмұханов адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылғанын атап өтті.

«Сөйтіп бұрын бірқатар ғалым мен мамандардың басқару нысанын нақтылау керектігі туралы ұсынысы жүзеге асты. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылады. Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді. Конституция мәтіні бойынша республикалық референдум ұғымы жалпыхалықтық референдум деп өзгертілді. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді, деген норма тұжырымдалды», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.