Елімізде жыл сайын азаматтардың орташа жалақы мөлшерін анықтап отыратын дәстүр бар. Жуырда Ұлттық статистика бюросы 2020 жылы қазақстандықтар ай сайын қанша мөлшерде табыс тауып келгенін жариялады. Әдеттегідей барлық өңірде жалақы мөлшері бірдей емес, әрқилы. Батыс өңірлерінде айлық дұрыс болса, оңтүстікте тым аз. Сан түрлі сандар өстіп жіктейді, сонда жалақы мөлшері қалай түзіледі? Осы жайында аз-кем шолу жасасақ.
Екі есе айырмашылық
Негізі, кейінгі бір жылдың ішінде жалақы мөлшері айтарлықтай өзгермегенін ұқтық. Азаматтардың 2019 жылғы табысы мен 2020 жылғы табысының арасы алшақ емес. Мәселен, қазақстандықтардың орташа айлығы 2019 жылы 203,9 мың теңге, былтыр 204,3 мың теңге көлемінде болыпты. Сол секілді өзгелерден қарағанда көп жалақы төлейтін өңірлер тізімі де сол баяғы күйі. Сондықтан біз 2019 жылдың көрсеткішіне назар салмай, былтырғы жылдың деректі ғана алға тартсақ жөн болады. Көш басында екі мұнайлы өлке мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары тұр. Атырау облысында орташа жалақы 350,8 мың теңге деп есептелсе, Маңғыстауда 297 мың теңгеге жеткен. Елордада бұл көрсеткіш 289 мың болса, Алматы қаласында 236,2 мың теңге деп белгіленген. Ал қалған өңірлердің бәрі еліміздегі орташа жалақы мөлшерінің (204,3 мың теңге) межесіне де жете алмаған. Соңғы қатарға, яғни адамдары ең аз табыс табатын аймақ тізімінде Түркістан (148,6 мың теңге) мен Жамбыл облыстары (150 мың теңге) тұр. Енді қараңыз, ең жоғары жалақы алатын Атырау (350 мың теңге) мен ең төмен табыс табатын Түркістан (148 мың теңге) арасында 2 еседен көп алшақтық жатыр. Бірақ бұл сандарды біз шындыққа жанасады деп айта алмаспыз. Оны көпшіліктің пікірі де құптары анық. Бұл – бар болғаны жалақы қосындысын адам санына бөлгендегі нәтиже ғана. – Орташа жалақы деген ұғым толыққанды халықтың жағдайын ашып көрсетпейтіні белгілі. Жай ғана жалақы көрсеткіштерін бір-біріне қосып, соған сай адам санына бөле салатынын білеміз. Өңірлерімізде айырмашылық өте көп. Біреуінде табыс табуға мүмкіндік бар, екіншісінде өте қиын. Әкімдер халық алдында есеп бергенде жиі естиміз. Жыл сайын «аймақта айлық 30 пайызға ұлғайды» деп көсіледі. Дегенмен шалғай аудандарды қарайық. Ең көп табыс табады деген жандардың өзі орташа жалақы мөлшеріне әрең жетеді. Сондықтан мұндағы цифрлар Үкіметке қажет болып тұр. Сол цифрлар арқылы қай өңірді дамыту керек, қай аймақ көңіл бөлуге зәру, осы сияқты сұрақтарды тізіп, тетіктерін қарастырады, – дейді экономист Мақсат Халық.Медиандық көрсеткіш шындыққа жақын ба?
Қазақстандықтардың ай сайынғы орташа табысы 204,3 мың теңге деп көрсетілді, бұл жұрттың бәрі осындай көлемде айлық алады деген сөз емес. Ал медиандық тұрғыдан қарасақ, еліміздегі әр азаматтың табысы 142,3 мың теңге мөлшерінде ғана. Орташа жалақы мен медиандық жалақы мөлшерінің арасында 30 пайыз айырмашылық бар. Бұл дегеніңіз әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі, алшақтық неғұрлым көп болса, жалақы теңсіздігі мен аз айлық алатын адамдар саны арта береді. Демек, ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін халықтың 50 пайызы 142 мың теңгеден артық жалақы ала алмай жүрген тәрізді. Ал өңірлер бойынша орташа жалақы мен медиандық жалақының алшақтығы 16-дан 44 пайызға дейін ауытқиды. Мысалы, ел астанасында орташа жалақы 289 мың теңге болған, бұл медиандық жалақыдан (200 мың теңге) 31 пайызға көп екен. Медиандық жалақы мөлшерімен алғанда, Жамбыл облысы көш қатарында қалады. Мұндағы көрсеткіш – 114 мың теңге ғана. Осы тұста экономист Мақсат Халық медиандық жалақы мөлшері сәл де болсын реалды көрініс беретінін жеткізді. – Жалпы, медиандық тәсіл бір дәлізде жүрген адамдардың орташа тұсын анықтауға мүмкіндік беретіндей көрінеді. Сол үшін шындыққа жақын болжам. Есеп үшін құралған көп цифрларға қарағанда жөнді. Дамыған Еуропа елдері медиандық көрсеткіштен гөрі модальдық көрсеткішті құп көріп жатады. Яғни, қоғамда қай мөлшердегі жалақы көп кездеседі, соны алады. Сондай-ақ Еуропада медиандық жалақы көрсеткішінің 50 пайызы елдегі ең аз жалақы болуы керек десе, көрші Ресей медиандық жалақының 40 пайызын ең төменгі күнкөріс деңгейі ретінде алады. Егер бұл тұрғыдан қарасақ, Қазақстанда ең аз жалақының өзі 70 мыңнан кем болмауы тиіс. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 мыңнан асуы қажет. Бізде ең төменгі күнкөріс үшін 32 мыңнан аса теңге ғана қаралған, – дейді маман. Айтпақшы, Қазақстанда модальдық жалақы 170 мың теңге мөлшеріне жетіпті. Бір қызығы, алдыңғы жылы ең жиі кездесетін жалақы 58 мың теңге болған еді. Одан бөлек, жалақы мәселесіне келгенде гендерлік теңсіздік те аңғарылып қалған тәрізді. Мәселен, 2020 жылы елімізде ер-азаматтардың медиандық жалақы мөлшері 151,6 мың теңге, әйелдердікі 134,1 мың теңге болыпты.Мадияр ТӨЛЕУ