Ер Қайраттың ерлігі ұмытылмайды
Ер Қайраттың ерлігі ұмытылмайды
599
оқылды

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарих бетінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырғаны даусыз. Жастардың бейбіт шеруінің соңы қанды қақтығысқа ұласып, талай боздағымыз қыршыннан қиылды. Мұзды алаңда айтылған жастардың жалынды сөзін кеңес билігі күшпен басуға тырысқанымен, бұл көтеріліс Қызыл империяның құлауына әкеліп соқты. Желтоқсаншылардың Тәуелсіздікке қосқан үлесі зор. Олардың арасында  Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің да ерлігі ерекше.  Ел үшін туған ер көзі тірі болғанда биыл 55 жасқа келер еді.

Жалпы, Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы Мо­йынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1973-1981 жылдары Шу ауданы, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атын­дағы мектеп-интернатта білім алған. Жас­тайынан  күреспен шұғылданған. Мек­теп қабырғасында жүріп-ақ шын­шыл, сын­шыл, бетке тура айтатын мінезі­мен ерек­шеленген. Сондай-ақ кітапты көп оқып, сөзге де шешен болған. Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева сауыншы болса,  әкесі Ноғайбай бақ­ташы­лықпен айналысқан. «Қайраттың бетке тіке айтатын  міне­зін  жора-жолдас,  ұстаздары мен  бүкіл ауыл  халқы білетін. Өзге бауырларынан ерек­шелігі – ол ақжарқын да ақпейілді, ешкім­нің көңілі қалмаса екен деп өскен ұл еді. Оның үстіне өз замандастарының арасында үлгілі де қадірлі болатын», – деп  Дәметкен ана қаһарман ұлын еске алғаны есімізде. Қайрат мектеп-интернатта сегіз жыл оқып, үздік бітіреді. Осыдан кейін 1981-1983 жылы Бірлік ауылындағы орта мек­тепте білімін тереңдетіп,  бір жыл Көктерек совхозында мал бағады. Ал 1984 жылы әскер қатарына шақырылып,  екі жыл Амур өлкесіндегі Белогор қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. 1986 жылы мамырда әскерден оралғаннан кейін сол жылдың тамызында  Алматы­дағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі. Міне, осы білім ордасында оқып жүріп Қайрат көппен бірге алаңға келеді. 1986 жылдың 18 желтоқсанында  сағат таңғы сегіз жарымдар шамасында Алматы қаласының орталық алаңына жиналған  екі мыңға  жуық жастардың арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар еді.  Бейбіт шеру қанды қақтығысқа ұласқан кезде  Қайрат  бір топ жігіттермен  Байсейітова көшесінің бойымен Абай даңғылына түседі. Жастар қолдарына таяқ ұстайды, Қайрат та жерде жатқан бір бұтақты кө­теріп алады. Қолына таяқ ұстаған Қай­ратты  біреулер сол кезде суретке түсіріп алған екен. Тағы бір деректерге сүйенсек, қазақ қыздары по­лицей­лер тара­пынан  соққыға жығылып жатқан кезде  Қайрат бастаған жігіттер араша түсіп, қақтығысқа араласыпты. Алайда тәртіп сақшысы жеңіл жарақат алғанына қарамастан,  Қайратты адам өлтірді деген жаламен ату жазасына кеседі. Бірақ Батыс қауым­дастығының қысымы­нан соң Кеңес одағының басшысы Михаил Горбачев Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековке шы­ғарыл­ған ату жазасын 20 жыл түрмеде отыруға  ауыстырады.  Алайда Семей түр­месіне жеткізілген Қайрат небәрі 21 жа­сында камерасында өлі табылады. Бұл Желтоқсан оқиғасына байланысты ең үлкен құпия­лардың бірі болып қалды. 13 наурыз күні Қайрат Рысқұлбековтің  жерлестері батыр ұлдарын еске алып, рухына құран бағыштады. Ең әуелі Мойынқұм ауданының орталығы Мо­йын­құм ауылында Қ.Рысқұлбеков атын­дағы саябақтағы ескерткішіне гүл шоқ­тары қойылып, қаһарман ұлды еске алу шарасы өтті. 1 минуттық үнсіздіктен кейін  аудан әкімі Мәден Мұсаев сөз алып, қазақтың қайсар перзентінің өмір жолына тоқталып, оның ерлігі мәңгілік ел есінде, ұрпақ жа­дын­да қалатынын жет­кізді. Ал Желтоқсан оқиғасына қатысушы Нұржан Сәденов мұндай шаралардың маңызын тілге тиек етіп, ұйымдас­тырушыларға алғысын біл­дірді. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасына ай­рық­ша бағасын берді. Президент: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл тола­ды. 1986 жылы өрімдей ұл-қыз­дарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуел­сіздігімізді жариялауымыз­дың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһарман­дары­ның азаматтық ерлігі лайықты баға­сын алып, жоспарлы түр­де насихатталуы керек», – деді. Ра­сында біз желтоқсаншыл­ардың ерлігін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, батыр ұл-қыздардың ерлігін жан-жақты наси­хаттауымыз қажет. Әсіресе, Қайрат Рыс­құлбековтей батырдың бол­мысы кейінгі буынның үлгі тұтар тұлғасына айналуы қажет. Сондықтан бүгінгідей шаралардың тәрбиелік және патриоттық маңызы зор. Сол бір мұзды алаңдағы қанды оқиғаны егеменді елдің жастары енді көрмесін деп тілеймін. Қаһарман ұлдарын ұлықтап жатқан жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз, – деді   Нұржан Сағадин­ұлы. Қайрат Ал Қайратпен тай-құлындай тебісіп бірге өскен ауылдасы Ләйлә Қожагелдиева өткен күнді еске алып, көз жасына ерік берді. –  Жерлесім Қайрат  ауылда менен бір сынып  жоғары оқыды. Әкем Шайбай Қожагелдиев  сол мектепте математика пәнінен дәріс берді. Мектеп қабырға­сында жүргенде  жалындаған өжет, өткір өрен еді. Әкем Қайраттың осы қасиетін ерекше бағалайтын. Желтоқсан ызғарын өз көзімізбен көр­дік. Қазір еске алудың өзі өте ауыр. Кейінгі жастарымыз сол кездегі жазықсыз қыршы­ннан қиылған  боздақтардың тағдырын кешпесін, қайталанбасын деп тілейміз. 1986 жылдың 17 желтоқсан күні  бір топ студенттермен сабаққа кетіп бара жатқанда ұсталдық. Алматы қаласы АІІБ-лары ұсталған адамдарға толған соң, бізді Қаскелеңге апарып, суретке түсіріп, тү­сінік­теме алып, оқу орнымызға хабарлама жіберді. Түнгі сағат 00.00-ден таңғы сағат 07.00-де жаяу жатақханамызға әзер жет­тік. Күнде тексеріс, жиналыс. Комсомол, кәсіподақ жиналыстарына салды. 100 студент оқудан шығарылды. Жақсы оқы­ғанымның арқасында  сөгіс алып, жазам жеңілдеді. Алайда 3 ай бойы тергеу жүр­гізді.  10-15 тәулік сұрақтың астында бол­дық. Өзім 3 тәулік  Целинный кино­театрының астындағы жертөледегі КГБ-ның түрмесінде жаттым. 40 қыз  бір каме­раға қамалдық. Сол кезде Қайратты көр­дім. Ол жалғыз адамдық камерада отырды. Полицейлерге  дәлізді  жуып береміз деп сұранып, тергеуге алып бара жатқан Қай­рат­ты көзім шалып қалып жүрді. Ержүрек жерлесіміз көзі тірі болғанда  биыл 55 жасқа  келер еді.  Қайрат Рыс­құлбеков – халқымыздың батыры, қаһар­маны. Қайраттың патриоттық рухын  кейінгі ұрпаққа үлгі етіп дәріптеуіміз қа­жет. Келешекте де Қайраттың 100 жылды­ғын тойлауды нәсіп етсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, бейбітшілік өмір болсын деп тілеймін, – деді желтоқсаншы. – Қайрат  қолындағы барын бөліп бе­ретін жомарт еді.  Ол  жапа шеккен, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Өзім кішкен­тайым­нан әкемнің туған апайының қо­лында өстім. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уа­қыт бола қойған жоқ еді. Мектеп-интер­наттың басшылары бір күні оқушы­ларға киім үлестіре бастағанда, маған пальто мен етік тиді. Сонда мұғалімдер мені шешесі жоқ деп, мүсіркеп беріп отыр­ған шығар деп көңілім әбден құла­зып, мұңайып қал­дым.  Сол кезде Қайрат менің қасыма ке­ліп: «Сәлима, сен бұған ренжіме, бұл киім­дерді түсіне білсең, ата-анаңа көмек ре­тінде беріп отыр ғой»  деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес, – дейді  Қайраттың тағы бір сыныптас құрбысы Сәлима Исаева. Өзінің өмірі қыл үстінде тұрғанда кім өзгенің өміріне ара түсе алар екен? Осын­дай өнегелі де өрелі ерлік Қайраттың бойынан табылды. – Тергеушілер  Қайратпен беттестіріп: «Мына мұғалімдерің емес пе, сендерді алаңға шығыңдар деп үгіттеген» дегенде, ол: «Бұл кісіні танымаймын, алаңға өзіміз бардық» деп мені қаймықпай, ашық қор­ға­ды. Егер  ол басқаша айтқанда ату жаза­сына мен кесілетін едім, – деп ұстазы,  Сәу­лет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақов та  өткен күнді  еске алады. Мойынқұм ауданындағы шара  со­ңын­да Қайрат пен өмірден ерте озған боздақ­тар­дың рухына бағышталып құран оқылды. Сондай-ақ еске алу кеші Бірлік ауылында да ұйымдастырылып, қаһарман ұлдың ескерткішіне гүл шоқтары қойыл­ды. «Жел­тоқсан» атауы берілген Мәде­ниет үйінде кеш ұйымдастырылып, ауыл­дастары жау­жүрек ұлын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа ер­лігін дәріптеді. Ер Қайрат пен желтоқсаншылардың ерлігі ұмытылмайтыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы