Тегін дәрі қашан беріледі?
Тегін дәрі қашан беріледі?

Бас ауырып, балтыр сыздамасын деңіз... Өйткені бүгінде «кісідегінің» дәлірек айтсақ, ақ халаттылар жазып беретін тегін дәрінің кілті аспанда болып тұр. Ауруы асқынып, тек оттегімен тыныс алуға ғана қауқары қал­ған көкшетаулық азамат тегін берілуі тиіс дәріге қол жеткізе алмай келеді.

Демікпенің әбден асқынған созылмалы түрімен науқастанған Серік Темірбеков бүгінде күні-түні тек оттегі аппаратымен тіршілік етеді. Төсек тартып жат­қанына жылдан астам уақыт өткен азамат тегін жеткізілуі тиіс дәрісіз қалған. Бағасы удай, тамаққа себетін дәрілерді дәрі­ханалардан таппайды. Тегін дәрілерді екі-үш айлап ала алмай қиналған қызы Ажар­гүл Серікқызы редакцияға хабарласқан.

Президент жүктеген тапсырмалар неге орындалмады?

Өкінішке қарай, елімізде ауыр нау­қастарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмек уа­қытында берілмей тұрғаны жиі айтыла­ды. Емханаларда тегін дәрі сұраған науқас­тарға дәрігерлер дәрінің жоғын айтып, алақан жаяды. Мәселенің ушыққаны сон­шалық жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жеткен. Президент Бас прокуратураға тексеріс жүргізуді тапсырып, кінәлілердің қатаң жазаланатынын қадап айтқан-ды. Мемлекет басшысы тек жазалаумен қор­даланған жағдайдың түйіні тарқатыл­май­тынын айтып, салаға тұтас цифрлан­дыру бағдарламасының енгізілуі тиіс екенін жеткізген. Президенттің пайымын­ша, бұл әрбір азамат қандай дәріге тапсырыс бергенін біліп, оны алғанын онлайн түрде растауға мүмкіндік береді. Тоқаев бұл маңызды мәселені Үкіметтің тіке­лей назарға алып, мемлекеттік қыз­мет­тің орталықтандырылған және проактивті түрде болуы керегін, бюджет шығындарына барынша ыждаһаттылықпен қарау қажет екенін мәлімдеген. Президенттің осы айтылған сынынан кейін де арада бір айдан астам уақыт өткен. Бірақ өңірлерде бәрі «баяғы жартас, бір жартас» күйі қалған сияқты. Сөзімізге дәлел – Серік Темірбековтің жағдайы. Күні оттегі аппаратына қарап қалған қарияға тегін дәрілер үш ай бойы келмеген. Оған дейін де қажетті – «Симбикорт-320» дәрісінің бес қаптамасының орнына ай сайын тек бір-ақ қаптама беріліп келген. Әбден қиналып, тұрмыстың ауыр тауқыме­тін тартқан Ажаргүл Темірбекованың да өткен жылы дәрігерлердің қателігінен жақ сүйектері шіріп кеткен. Диагнозын анық­тай алмай, Көкшетау қаласында үш мәрте ота жасалып, еш түзеле қоймай, төртінші рет Қарағандыда жасалған отадан беті бері қарапты. «Әкемнің жағдайы өткен жылдан бері қатты өзгерді. Демікпенің аса ауыр төр­тінші кезеңінде. Оттегі аппаратынсыз мүл­дем тыныс ала алмайды. Ал тамағына себетін дәрінің бір қаптамасының өзі 20 мың теңгеден асып жығылады. Осыған дейін тегін-дәрмектерді емханаға барып алатынбыз. Қазір пандемия болғалы курьер арқылы жібереді. Әкеме бір айдың ішінде «Симбикорт-320» қаптамасының бес қаптамасы кетеді. Ал маған қанша сұрасам да, бір-ақ қаптамасын береді. Кей­де, тіпті оның өзі де жоқ деп шығарып са­ла­ды. Міне желтоқсаннан бері үш айдан бері дәрі ала алмадым. Содан қымбат болса да, «Арша», «Пульс», «Анеля» деген дәрі­хана­лардан құрамы ұқсас басқа дәрілерді жазды. Ал ондағы кейбір дәрілерге әкемнің аллергиясы бар. Ағзасы қабылдамайды. Соңғы барғанымда әбден ыза болып, «Дәрі бермесеңдер шықпаймын» деп емханада отырып алдым. Содан мейіргер жігіт қуаты аздау болса да «Симбикорт-80» дәрі қап­тамасын емхананың ішінен алып шығып берді. Әбден қиналып кеттім», – дейді Ажаргүл Темірбекова. Ажаргүлдің өзі де дәрігерлердің қате­лігі­нен тісі дұрыс жұлынбағандықтан жақ сүйектері шіріген. Облыстық ауруханада үш мәрте жасалған отадан дауа болмай, ақыры алыс та болса, Қарағанды қаласында ота жасатып, жақ сүйегінің шіруін тоқта­тыпты. Сөйтіп, ауыра бергендіктен әрі әкесіне қарағандықтан элеваторда істеп жүрген жұмысынан айырылған. Одан кейін ыдыс жуушы, басқа да ауыр жұмыс­тарды тиіп-қашып істегенмен, еш берекесі болмапты. Енді екі балалы жалғызбасты әйелдің талғажау етері – әкесінің зейнет­ақысы мен мүгедектігі үшін берілетін жәр­демақысы ғана. Ал әкесін күткені үшін де тиісті жәрдемақы ала алмаған. «Аузымнан, отадан қалған саңылаудан ірің шыға беретін. Көкшетауда облыстық ауруханада үш мәрте (2020 жылы 8 қаңтар,­ 8 ақпан, 10 маусым  күндері) ота жасалды. Бірақ жақ сүйегінің шіруі тоқтамады. Содан Қарағандыға барып, 10 қыркүйекте тағы да ота жасат­тым. Онда ота азғантай уақыт ішінде сәтті өтіп, жақ сүйегімнің шіруін тоқтатты. Суық тисе қақсап ауырады. Жұмыс істей алмаған соң тек үйде қала бердім. Өткен жылы осы себептен құжаттарымды жинап, ІII топ мүгедегі ретінде жәрдемақы алып келдім. Биыл қаң­тардан ол да тоқтады. Өйткені қайта жәрдемақы алу үшін тағы көп құжат жинау керек екен. Сондай-ақ томография­дан өту қажет екен. Ал оған об­лыс­тағы жалғыз ап­паратқа кезек жоқ. Ақылы өтуге қаражатым жоқ. Өзіміз қос бөлмелі ескі пәтерді жал­дап тұрамыз. Ақ­шаны дәріге жұмсасақ, өзі­міз аш қаламыз», – дейді қиналған Ажар­гүл Серікқызы. Мәселенің мән-жайын білмек болып, тегін дәрілер берілетін емхана дәрігерімен тілдестік. Ол Ажаргүлдің сөзін жоққа шы­ға­рып, тегін дәрілердің уақытында беріле­тінін айтып, бәйек болды. «Тегін дәрілер ай сайын уақытында келеді. Бірақ хабарласып, тиісті дәрілерді жазғызып алмаса таусылып қалады. Ол бізге неге хабарласпайды? Егер уақытында келсе, бәрін беретін едік», – дейді Көкше­тау қалалық емханасының учаскелік дәрігері Бектемірова. тегін дәрі Тегін дәрілер бойынша сұрағымызды облыстың денсаулық сақтау саласы бас­шыларына да қойдық. Ведомство бас­шы­сы бірден шағымданушының аты-жөні мен телефон нөмірін сұрады. Тиісті бас­қармаға  шалынған қоңыраудан кейін ертесіне емханаға «тегін дәрілер түсіпті» деген хабар келді. Үш айдан бері сарыла күткеннен бе, кезектегі адамдар емхананың дәлізіне сыймай кетіпті. «Емханада бірнеше сағат бойы сар­ғайып кезекте тұрдым. Дәрігер «неге ша­ғым­данасыз? Міне, алты қаптама «Сим­бикорт-320» дәрісі» деп жұлқына дауыс көтеріп, рецептерін жазып берді. Бірақ ме­йір­гер жігіттен қажетті дәрілерімді сұрағанымда тек үш қысымның дәрісі мен үш тамаққа себетін дәріні берді. «Бас­қа дәрі бере алмаймыз» деп кесіп айтты. Бұл қалай болғаны?», – дейді Ажар­гүл Темір­бекова.

«Шағымданушының өзі кінәлі...»

Тегін дәрі-дәрмек берілуінің өңір­дегі жағдайы мен Ажаргүл Темірбекованың арызы бойынша пікірлерін білмек болып, Ақмола облыстық Денсаулық сақтау бас­қар­масына хат жаздық. Басқарма басшысы Нариман Сыздықов біздің берген сауал­дары­мызға төмендегідей жауап берді. Басқарманың мәліметінше, облыста қазір мүмкіндігі шектеулі 29 321 адам бар. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес облыс бо­йынша тегін медициналық сақтандыру қоры арқылы 5,5 миллиард теңгеге 150 мың адамға тегін дәрі-дәрмек пен тамақ беріл­ген. «Биыл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тегін медициналық сақтандыру қо­рынан 6,5 миллиард теңге бөлу жоспар­ланған. Серік Темірбековтың тегін дәрі-дәрмектерді уақытында және толық ал­мауына келсек, емделуші тұрақты түрде учаскелік дәрігер, учаскелік медбике және әлеуметтік қызметкердің динамикалық бақылауына алынған. Ай сайын пульмо­нолог және кардиолог мамандардың ұсы­ным­дарына сәйкес жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер жазылып беріледі (ақпа­рат­тық жүйе көшірмесін қоса ұсынды). Мүгедектікті алудың күрделі болуы себе­біне келсек, 1954 жылы туған Серік Темір­бековке 2013 жылдан бері қалалық емхана­да қызмет көрсетіледі. Сол жылы Зеренді аудандық ауруханасынан келген. Көкшетау қаласында Ы.Алтынсарин көшесі 31/18 мекенжайында қызы Ажаргүл Темірбекова және немерелерімен бірге жалдамалы пәтерде тұрады.
2013 жылдан бері ІІ топ мүгедегі. Ал 2018 жылдан өмірлік ІІ топ мүгедектігі бе­ріл­ген», – дейді Ақмола облысы Ден­саулық сақтау басқармасының басшы­сы Нариман Сыздықов.
Дегенмен Серік Темірбеков денсау­лығы­ның нашарлауына байланысты өткен жылы 15 сәуірде  І топтағы мүгедектікке ауыстырылыпты. «Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес емделуші серуендеу арбасымен, бөлме ішіндегі кресло-арбамен, жөргектермен, төсек-жаймасымен, жаялықтармен, теріге арналған тазартқыштармен қамтамасыз етілген. Базисті терапияны тұрақты түрде алады. Жыл сайын Көкшетау қаласының пульмонология бөлімінде «Нақтыланған созылмалы  өкпенің обструктивті ауруы» диагнозымен стационарлы ем қабылдайды. Аталған диагноз бойынша өткен жылы 19 тамыздан 27 тамыз аралығында және 8 ақпаннан 18 ақпанға дейінгі аралықта нақтыланған созылмалы өкпе-жүректік жетіспеушілік диагнозы бойынша ем қабылдаған. Жүректің басым бөлігі зақым­далған жүрек жетіспеушілігі гипер­тония­лық ауруы бар. Нақтыланбаған инсульт қан құйылу немесе инфаркт болуы мүмкін.  2012 жылы болған мидағы қан айналы­сының бұзылуының салдарынан бір жақ денесі сал болып қалған. Ал Ажаргүл Темір­бек­ованың мүгедектік алу мәселесі бо­йынша өткен жылы қаңтардың 5 күні бір жылға жалпы ауруы бойынша ІІІ топтағы мүгедектік берілген. Диагнозы – төменгі оң жақ сүйегінің созылмалы тістен тараған остеомиелит. Осы жылы қаңтардың бесін­де кезекті қайта куәландырылу мер­зімі болған. Емделуші мерзімінде қайта куә­ландырудан өткен жоқ. Ол жазылып келе жатқандықтан мүгедектігі алынады деп санап, медициналық-әлеуметтік сарап­тамаға жолдама толтыру үшін тексерістен өтуден бас тартты. Учаскелік дәрігер бір­неше мәрте шақыртқаннан кейін ғана ол 20 қаңтарда қайта куәландыру мерзімі өтіп кеткеннен кейін дәрігердің қабылдауына келді. Қазіргі уақытта ол жақ және бетті емдеуші хирургпен ұсынылған қажетті тексерістен өтуде. Тексерістен өткеннен кейін емделуші қайта куәлан­дырудан өтуге жолданатын болады», – деді Нариман Сыздықов. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы осылай деп шағымданушыға барлық тегін дәрі-дәрмектің тегін бе­рілгенін айтқанымен, Ажаргүл Темір­бекова мұның жалған екенін айтты. «Олар берген кестесінде әкемнің тұрақты белсенді бақылауда болғанын жазыпты. Бірақ шынында олар бір жыл бойы үйге бір ретте бас сұққан жоқ. Тегін дәрілер соңғы рет бесінші қараша күні берілді. Одан кейін тегін дәрілер сіз араласқан соң ғана берілді. Оның өзінде дәрілер түгел берілген жоқ. Неге бұлай жал­ған айтады?» –  дейді Ажаргүл Серік­қызы. Сонымен, қос тарап кінәні бір-бірінен іздеді. Ол үшін фактілерді көрсетіп, өз уәждерін дәлелдемек болды. Мәселе  бұдан әрі де біздің тұрақты бақылауымызда болмақ...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы