Фируза Шарипова: өмірі мен жетістігі
Фируза Шарипова: өмірі мен жетістігі
387
оқылды

Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова жас болса да талай биікті бағындыра алды. Оның жетістіктері спорт әлемінде Қазақстанның абыройын арттырды. Ол – 63,5 келі салмақта IBA-ның әлем чемпионы, 58,9 келі салмақта IBO және WBC Silver-дің әлем чемпионы, 61,2 келі салмақта WIBA және WBU-дың әлем чемпионы саналады. Сонымен қатар бокстан әйелдер арасындағы жаһандық абсолютті чемпион болуы мүмкін. Ал бұл – еліміз үшін үлкен абырой. Сондықтан боксқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз Фируза жайында біз не білеміз? Көпбалалы отбасынан шыққан қаршадай ғана қыздың бұл жетістікке қалай жеткені жөнінде сөз қозғамақпыз...

Фируза 1994 жылдың 29-тамызында Тараз қаласында дүниеге келген. Ол – үйдің екіншісі, өздері бес ағайынды. Өзі спортқа бала кезінен қызығыпты. Бастапқыда велоспортпен айналысқан. Ол секция жабылған соң, жүзумен айналысты. Бірақ жақсы жүзе алмағандықтан оны тастаған. «Боксқа кездейсоқ келдім. Көршіміз бокспен айналысатын. Бір күні сабақтан шыққан соң, оның жаттығуын көруге бардым. Ол кезде 10 жастамын», – дейді ол берген бір сұхбатында. Сөйтіп, 12 жасынан бастап боксқа келген.

 Алғашында жақындарының бәрі бокспен айналысқанына қарсы болыпты. Тіпті, үйде жанжал шығып, әжесі қатты ұрысқан көрінеді. Дегенмен Фирузаның боксқа деген қызығушылығы мұндай қарсылықтың барлығын жеңіп шығады. Сабақтан қалса да, жаттығуды қалт жібермеген екен. Ал қазір туыстары Фирузаға қолдау білдіреді екен. Жекпе-жектің алдында және аяқталған соң қоңырау шалып сұрап отырады.

Кейін жергілікті №39 жалпы орта мектепті тәмамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түседі. Ол 2007 жылы Тараз қаласында орналасқан облыстық бокс мектебіне барып, бапкер Ерік Алғабектің қарамағында жаттығады. Сол кездердегі жарыстарда жеңіліс тапқанын да жасырмады. «Ең бірінші жарысыма секцияға келгеннен кейін екі айдан соң катыстым. Қатты тырыса қоймадым. Жаттығуда үйренгендерімді жасап шықтым. Сол жолы екінші орын алдым. Финалда жеңіліп қалған соң, қатты жылағаным есімде. Бұл жеңіліс сол кезде мен үшін трагедия сияқты болған. Кейіннен боксқа біржола ден қойып, жеңіс өздігінен келе бастады», – дейді ол. 2013 жылы «Жамбыл» бокс клубының сапына қосылып, кәсіпқой боксқа өткенге дейін көптеген ірі халықаралық, республикалық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, 2010-2011 жылдары жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының біріншілігінде екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Десек те, 2012 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында жолы болмай, жүлдесіз қалды. Бірақ Фируза бұл сәтсіздігінен кейін-ақ, 2012 жылы жастар арасында өткен ел біріншілігінде топ жарды. Сол жылы Моңғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында үшінші орын алды. Сөйтіп өзіне сенім артуға толық негіз барын дәлелдей түсті.

2013 жылы ересектер сапында өнер көрсетіп, 60 келі салмақта өзіне тең келер қарсылас таппады. Келесі жылында осы салмақта финалда есе жіберіп, күміс иеленді. 2015-2016 жылдары Қазақстан Республикасының чемпионатында қос қолаға ие болды. 2016 жылдан бастап, кәсіпқой боксқа өтіп, алғаш әлем чемпионы болған қазақстандық қыз атанды.

26 жастағы Фируза әйелдер арасындағы боксқа көз жұма қарауға болмайтынын айтуда. Оның сөзінше, спорттың ішінде қыздар үшін ең қиыны бокс емес, ауыр атлетика деп есептейді. Бірнеше рет мұрнын да сындырған. «Бірақ, оның бәрі өткінші дүние. Ережесіз жекпе-жектің қасында бокс – классика, өнер. Шаршы алаңға шыққанда бар шеберлігіңді көрсетуің керек. Сондықтан әйелдер арасындағы бокстың дамуын қолдау керек» дейді Фируза. Өмірде ашық-жарқын жүретін боксшымыз адамдармен тез тіл табысады екен. Өзінің айтуынша, тамақ істегенді, үй жинағанды, қонақ күткенді жақсы көреді. Міне, осындай «ақылына көркі сай» аруларымыз қаншама?! Ал бұл жерлесіміздің бойында сұлулық пен зеректік өзара үйлесім тапқан. Бүгінде ол – еліміздің көк туын әлемнің шаршы алаңында желбіретіп, елдің еңсесін көтеріп жүрген ару. Оған тілеріміз тек сәттілік!