Тұғыл ауылының 1-сынып оқушысы Байжігіт Байкүбенов Абай өлеңін оқу эстафетасын Түркия президентіне 2019 жылы жолдаған.
«Ұлымыз екеумізді Нұр-Сұлтан қаласындағы Түркия елшілігіне шақырды. Ердоған мырза сыйлық жіберіпті. Өзімен онлайн кездесу де болуы мүмкін екен», – деді баланың әкесі Дулат Байкүбенов.
Оның айтуынша, онлайн кездесу ертең астанада өтеді. Әзірге қандай сыйлық жібергені беймәлім, – деп жазады «Қазақпарат».
«Ұлым жолдаған эстафета туралы сол елдегі TRT AVAZ телеарнасы хабар таратқан еді. Ердоған мырза содан көрген болуы мүмкін. Ал челлендж негізі 2019 жылы 29 қарашада жолданған. Арада бір жарым жыл өтсе де, жауап алғанымызға қуаныштымыз», – деді Дулат Байкүбенов.
Байкүбеновтердің астанаға келіп-кету жол шығынын Түркия елшілігі төлейді.