Қайраткер қазақ қыздары
Қайраткер қазақ қыздары
537
оқылды

Тәуелсіздік – еліміздің басты байлығы, бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған егемендік алу, қалыпты жүйеден жаңа кезеңге өту, мемлекетіміздің берік іргетасын қалау, заман көшінен қалмай нарықтық экономикаға қарай бет бұру, тағы басқа да қыруар шаруа аға буынның иығына түсті. Тәуелсіздікті нығайтуда қазақ әйелдерінің де атқарған рөлі жоғары.

«Тәуелсіздік декларациясының» қабылдануы елдің рухын көтерді. Өзін патриот санаған әрбір азамат қолынан келгенше елдің еңсесін тіктеуге үлесін қосуға тырысты. Көш бастар ер-азаматтарды қолдап, жігер беріп, өздері де барынша жан аямай еңбек еткен, жаңа тәуелсіз мемлекет құруға атсалысқан қыз-келіншектеріміз де болғаны рас. Бүгінгі мақаламызда еліміз тәуелсіздік алған жылдары түрлі қызметтің құлағын ұстап, еңбек еткен қазақ қыздарының еңбегін тағы бір назарға салғымыз келді. Олар бүкіл елге танымал, олардың ерен еңбегі де елдің көз алдында. Бұл мақаланы оларға деген ізгі ниет, шынайы көңіл деуге болар. Әңгімеміздің әлқиссасын Ақмарал Арыстанбековадан бастасақ. Ол – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері. Ақмарал Хайдарқызы – тәуелсіз Қазақстанның бірінші елшісі, Қазақстан Рес­публикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұңғыш тұрақты өкілі. 1948 жылы Алматыда туған ол ғылым жолын таңдады. Химия ғылымының кандидаты және саясаттану ғылымдарының докторы. Әйтсе де, өмірдің бұралаң жолы оны мүлдем басқа арнаға бағыттады. Еліміздің БҰҰ мүшелігіне қабылдау туралы өтініші 1991 жыл­ғы 31 желтоқсанда ұйымның Бас хатшысына тапсырылды. Осы сәттен бастап БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұңғыш тұрақты өкілі жас тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясатын таныстыру және көпшілікке тарату бойынша БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасында үлкен жұмыс атқарды. Бұл 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстанның БҰҰ-на қабылдануына ықпал етті. Сол күні Қазақстанның тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында баяндама жасау құрметіне ие болды. Ол 30 жылдан аса уақыт халықара­лық қатынастар саласында абыройлы қызмет етті. Жас тәуелсіз мемлекетімізді халықаралық аренада таныстыруға көп еңбек сіңірді, өзі де осы салада қызмет ете жүріп мол тәжірибе жинап, оны ел игілігіне жарата білді. Ақмарал Арыстанбекова көрнекті елші, Қазақстанды әлемдік деңгейде танытқан тұңғыш әйел ғана емес, сондай-ақ химия және катализ, тарих, дипломатия, халықаралық құқық, саясаттану мәселелерін жете білетін жан-жақты ғалым. Халықаралық қатынастар және әлемдік саясат мәселелері бойынша төрт монографияның, әлемдік және отандық басылымдарда жарияланған он шақты ғылыми мақаланың авторы. Еліміздің қаржы, банк саласында лауазымды қызмет атқарған қыз­­дарымыз көп емес. Алайда солардың көш басында Майко Са­ғындықованың тұрғаны анық. Қар­жылық мекемелер қазақ қыздарын жұмысқа алуға онша ықылас­ты болмаса да, өзі білім алған саладан жұмыс тапты. Ең алғаш қызметін «Құрылыс банктен» бастап, сол жерде табан аудармай 24 жыл жұмыс істейді. Жарты ғасырдан астам уақытын қаржы саласына сарп еткен ол еліміздегі іргелі бір­­қатар банк пен Қазақстан ипотекалық компаниясының басқарма төрайымы болды. «1993 жылы Ұлттық валютамыз – теңге айналымға енген кезде Алматы қаласындағы Калинин аудандық банкіне орталықтан жіберді. Сол кездегі жұмыстарымызды ойласам, қолмен санап шыққан есепсіз қағаз ақша, кәдімгі есепшот есіме түседі. Біз тәулік бойы банк қоймаларында ақша санайтынбыз. Жолаушы тасымалдау автобустарынан түскен кілең үш сомдық рубльдер тау-тау болып үйіліп жататын. Талай ұйқысыз түндер өтті», – деп еске алады Майко Оразымбетқызы. Иә, бұл төл теңгеміз айналымға еніп, бөркімізді аспанға атып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрген кез. Ол елдегі банк, қаржы саласының дамуы туралы әңгімелегенде таңды-таңға ұрады. Өйткені бұл саладағы барлық өзгеріс олардың көз алдында өтіп жатты. Тіпті, соның бел ортасында өзі де жүрді. Қазақ поэзиясына өзіндік леп алып келген, поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсынованың өлеңдері тұтас бірнеше буынды тәрбиелеп келеді. Оның қаламы­нан туындаған жыр жолдарын жат­­қа айтатындар көп. Тіпті, оның өлеңдерін құдды бір өзіне арнал­ғандай қабылдайтындар да жеткілікті. Еңбек жолын қарапайым ауыл мектебінде ұстаздық етуден бас­та­­ған ақын кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Гурьев, Ақтөбе және Орал өңірлері­­нің меншікті тілшісі ретінде жұмыс іс­­теді. Осылайша, ол қалың қазақ­қа алдымен шыншыл журналист ре­тін­де танылды. Ұзақ жылдар «Пио­­­нер» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы және 2000 жылға дейін қазіргі «Ақ желкен» журналының бас редакторы қызметін ат­қарды. Журналист ретінде халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін баспасөз беттерінде көтере білсе, тәуел­­сіздік алған жылдары саясатқа араласа бастады. 1996-2004 жылдары Қазақстан Парламент Мәжілісінің І және ІІ шақырылымдарының депутаты болып, өзін көптен толғандырып жүрген мәселелерді үлкен мінберден дүйім жұртқа жеткізді. Сол мәселелердің шешімін табуына ба­­рынша атсалысты. Ол халқына деген шексіз махаббаты мен өлшеусіз еңбегінің арқасында еліміздің көрнекті қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ол гендерлік саясатты қолдады, қазақ қыздарының басшылық қызметке тартылғанын құп көрді. Бірнеше қыздың саяси қызметтерге келуіне себепкер болды. Соның бірі – елге танымал, талай жоғары лауазымды қызметтер атқарған Зағипа Балиева. Ол өнер жолында жүрген сіңлілерін де үнемі жігерлендіріп, ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетіп отырды. Фариза Оңғарсынова Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қазақ тілінде екі заң жобасын әзірледі. Оның бірі «Ана мен баланы қорғау туралы» заң болса, екіншісі «Бала құқықтары туралы» заң. Дегенмен «Ана мен баланы қорғау туралы» заң белгілі бір себептермен мақұлдауға жіберілмей қалды. Біздің келесі кейіпкеріміз – мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева. Қызметін қатардағы ұстаздықтан бастаған ол түрлі лауазымды қызметті абыроймен атқарды. Білім және ғылым министрі қызметін атқарған кезде ауыл мектептеріне көп көңіл бөліп, жабылып қалған интернаттарды қайта қолға алған еді. Шәмшә Көпбайқызының замандасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовтің айтуынша, ол өзінің өнегелі өмірінде ана тілі мен қазақ мектебінің тағдырына көп көңіл бөлді. Бірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де шет елдерден келген ғалымдар Қазақстанның Білім және ғылым министрі қатысқан халықаралық ірі жиында бірде-бір ғалым қазақ тілінде баяндама жасамағанда өзі сөз сұрап алған Шәмшә Көпбайқызы: «Бүгін бірнеше ірі мемлекеттерден қадірлі меймандар, ғалым­дар келіпті. Өте қуаныштымыз. Енді осы қонақтарымыз қазақ деген ел, ұлт бар екенін, олардың өз тілі, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі, тағы да басқа рухани құндылықтары бар екенін біліп кетсін, қазақ тілінің өзіндік әуені, мақамы барлығын құлақтарына құйып кетсін деген ниетпен мемлекеттік тілде сөйлеймін», – дейді. Ол қай кезде, қай жерде жүрсе де, білім саласынан алыс кеткен жоқ. Кезінде өзі білім алған Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтын университет деңгейіне дейін көтеріп, іскерлігін көрсетті. Ол тек үздік педагогтерді ғана емес, көптеген өнерлі жастарды тәрбиелеп, қазақ өнері мен мәдениетіне жанашыр бола білді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ